Мекен жайы Астана қ., Қонаев көш., 6 үй, 7 қабат, блок А
Call-center 8 (7172) 60-30-30
8 (7172) 60-32-52
Өскемен өңірі: «ҚТЖ» корпоративтік омбудсмені Қанат Альмағамбетов теміржол кәсіпорындары ұжымдарымен ашық сұхбат өткізді
200 / 13.11.2025 01:17

Өскемен өңірі: «ҚТЖ» корпоративтік омбудсмені Қанат Альмағамбетов теміржол кәсіпорындары ұжымдарымен ашық сұхбат өткізді

Өскемен өңіріндегі теміржол кәсіпорындарының ұжымдары мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ корпоративтік омбудсмені Қанат Альмағамбетов арасында құрылымды да сенімге негізделген әңгіме өтті, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Қанат Альмағамбетовтың мәліметінше, «ҚТЖ» ҰК» АҚ жаңғырту бағытын және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуды жалғастыруда. Компанияның қаржылық жай-күйі тұрақты, жылжымалы құрам мен инфрақұрылымды белсенді жаңартып жатыр, сонымен бірге жақын уақытта аяқталатын ағымдағы қайта ұйымдастыру кезінде қысқартуларға жол берілмейді.

Омбудсмен жаңа теміржол желілерін салудың ірі жобаларын еске салды, соның ішінде Бахты – Аягөз бағыты. Бұл желі Ресей, Беларусь және Қытаймен жаңа жүк ағындарын ашады, бұл Шығыс Қазақстан облысындағы жүк жөнелтушілер үшін айрықша маңызды.

«Соңғы жылдары сіздердің өңірлеріңіз бойынша қызметкерлерден ерекше шағымдар түскен жоқ, – деді ол жиналғандарға. – Компания бойынша да шағым азайды. Бұрын олар төмен жалақыға байланысты туындайтын. Сыйақылар мен үстемеақылар төленбейтін жағдайлар болған. Соңғы үш жылда компания жалақыны белсенді өсірді, қазір ол 400 мың теңгеден жоғары. Бұл – республикалық орташа деңгейден жоғары».

Қанат Альмағамбетовтың айтуынша, Қазақстан теміржолында өзге төлемдер бойынша да тәртіп орнатылды. Басшылық тарапынан әділетсіз қарым-қатынасқа қатысты шағымдар айтарлықтай азайды. Бұл кадр қызметі мен заңгерлер жұмысының кәсібиленуінің, сондай-ақ басшылардың шешім қабылдаудағы жауапкершілігінің артуының нәтижесі. Ол Семей жүк тасымалы бөлімшесінде қозғалыс қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша жағдайды қалыпты деп бағалады.

Өскемен өңірінің теміржолшылары оннан астам мәселені көтерді. Негізінен олар медициналық қызмет көрсетуге, балалардың демалысына, тұрғын үйге және кадр тапшылығына қатысты болды.

Өткір сұрақтардың бірі – аудандардағы медициналық қызметтердің қолжетімділігі. Қызметкерлердің айтуынша, «Mediker» ЖШС сақтандыруы бойынша аудан орталықтарында, шағын елді мекендерде стоматологқа қаралу мүмкін емес. Қызмет алу үшін Өскеменге баруға тура келеді.

«Mediker» ЖШС өкілі шағын қалалар мен кенттердегі жекеменшік стоматологиялардың қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жұмыс істегісі келмейтінін, бұл мәселе әзірге шешілмегенін атап өтті.

Сондай-ақ балалардың демалысына қатысты мәселе көтерілді. «Қазпрофтранс» ҚБ Орталық кеңесінің өкілі Айгүл Жайлаубаеваның айтуынша, өңірде санитарлық талаптарға сәйкес келмегендіктен теміржолшылардың балаларын бұрынғы лагерьге жіберуден бас тартылған. Енді балалар басқа өңірлердегі лагерьлерге жіберілуде, бұл ата-аналарға қосымша шығын мен алаңдаушылық тудырады. Айгүл Жайлаубаева жолдамаларды бөлуді жергілікті деңгейдегі кәсіподақ ұйымдарына – тендерсіз және мемлекеттік сатып алусыз беру жөнінде ұсыныс айтты.

Кездесу барысында Өскемен-1 станциясының қызметтік автобусына кепілдік қызмет көрсету, спартакиадаларға іссапарлар кезінде спортшы-теміржолшылардың еңбекақысынан айтарлықтай жоғалтуларға алып келетін тарифтік жалақы бойынша төлем мәселелері, сондай-ақ қызметтік автобустарды күтіп-ұстау сұрақтары талқыланды.

Қанат Альмағамбетовтың айтуынша, Өскемен өңіріндегі негізгі түйткілдердің бірі – кадр жетіспеушілігі, бұл елдің теміржол саласы үшін жүйелі мәселеге айналды. Омбудсменнің мәлімдеуінше, ШҚО-дағы көптеген разъездер жыл сайын халықтың көшуіне байланысты босап барады, соның салдарынан мамандар тапшылығы ушығып отыр.

«Мүмкін, вахталық әдіске көшуге және қызметкерлерге арналған тұрғын үйді жабдықтауға тура келер. Бұл мәселелердің барлығын компанияда талқылаймыз», – деді Қанат Альмағамбетов.

Ол сондай-ақ өндіріс пен оқу орындары арасындағы байланысты күшейтуді ұсынды. Өскеменде көлік және өндірістік қауіпсіздік колледжі бар, омбудсменнің пікірінше, кәсіби бағдар беру бойынша неғұрлым терең жұмыс жүргізу қажет. Алғашқы еңбек жылдарында жас мамандарға тұрғын үй жалдау ақысының өтемін және көтерме ақы қарастыру да мүмкін, деп санайды ол.

Оның айтуынша, «ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржолшыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін жүйелі түрде шешетін болады.

Теміржолшылар көтерген барлық ұсыныстарды омбудсмен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығына жеткізеді. Өскемендегі кездесу басшылық пен еңбек ұжымдары арасындағы диалогтың ашық әрі мазмұнды екенін көрсетті. Ең бастысы – мәселелер жасырылмай, шешім қабылдауға негіз болуда.

Поделиться:
Популярные новости
11 / 16.07.2026

ПРЕСС-РЕЛИЗ

«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-де Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының не�...

279 / 05.06.2026

Жеңіске темір ерік: "ҚТЖ – Жүк тасымалы" командасы алтынға ие болды және спартакиадаға дайындалуда

Жеңіске темір ерік: "ҚТЖ – Жүк тасымалы" командасы алтынға ие болды және спартаки...

66 / 04.06.2026

Пресс-релиз

2026 жылғы 4 маусым Астана қ. ҚТЖ ТЭ33А тепловоздар паркінің 92%-дан астамын Trip Optimizer ж�...

Соңғы жаңалықтар

Жедел желі

Сіз Мінез-құлық кодексінің кез келген бұзушылықтары туралы, оның ішінде сыбайлас жемқорлық, алаяқтық, әдепсіз мінез-құлық, кемсітушілік фактілері туралы хабарлай аласыз.

Толығырақ


Серіктестер