ҚТЖ желісі бойынша астықты тасымалдау қарқын алуда
2024 жылдың 8 айында теміржолшылар 5,2 млн тоннадан астам астық тасымалдады. Ел ішінде астық тасымалы 1,2 млн тонна болса, бұл 2023 жылғы деңгейге қарағанда 4% жоғары. Экспортқа - 4 млн тонна.
Теміржол арқылы ұнтақ өнімдерін жеткізу көлемі 17,4%, яғни 2,3 млн тоннаға дейін өсуі байқалды. Экспортқа 1,8 млн тонна жөнелтілді, бұл көрсеткіш 2023 жылғы деңгейден 20% асып түсті.
Қазақстандық дәнді дақылдар экспортының басым үлесі Орталық Азия елдеріне тиесілі - 2,5 млн тонна. Осы жылдың 8 айында қытайлық жүк алушыларға 1,2 млн тонна астық жөнелтілді. ҚХР-ға ұнтақ өнімдерін тасымалдау 70% өсіп, шамамен 500 мың тоннаны құрады.
Биылғы астықты тасымалдауды ұйымдастыру мәселелерін ҚТЖ-ның жедел астық штабы тәулік сайын бақылайды. Ақмола, Қостанай жол бөлімшелері жанынан жедел астық топтарының тәулік бойы жұмысы ұйымдастырылды.
Теміржолды алдағы егінге дайындау аясында ҚТЖ мемлекеттік органдармен және тасымалдау процесіне қатысушылармен бірқатар кеңестер мен кездесулер өткізді.
Қазақстанда 15,4 мыңнан астам жабық вагон және 12 мыңға жуық астық тасымалдаушы бар. Паркті ұтымды пайдалану арқылы астықты ел ішінде және одан тыс жерлерде тасымалдауды ұйымдастыру жеткілікті.
Астық жүктерінің қозғалу жылдамдығын арттыру үшін ҚТЖ Орталық Азия елдеріне маршруттық пойыздарды (астық және ұн шаттлдарын) дамытуда. Бұл вагон айналымын жеделдетуге, техникалық станцияларда вагондарды қайта өңдеу көлемін азайтуға, жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Үкімет Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Азық-түлік корпорациясымен және "ҚТЖ" ҰК" АҚ-мен бірлесіп 2024-2025 жылдардағы астық науқанының тұрақты өтуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. 18-09-2024
«ҚТЖ Жүк тасымалы» ЖШС баспасөз қызметі