Айтым ҚҰРАҚБАЕВ: Жарақат алу – әлеуметтік мәселеге айналды

Айтым ҚҰРАҚБАЕВ:  Жарақат алу – әлеуметтік мәселеге айналды

Әрбір адамның өмірінде теміржол белгілі бір роль ойнайды. Біреулер теміржол көлігімен саяхаттап, сапарға шықса, енді бірі болат жолға жақын маңда тұрғандықтан, күн сайын мектепке, жұмысқа қатынағанда теміржол арқылы өтеді. Тағы біріміз осы салаға тұрақты байланып, теміржолшы кәсібін таңдағанбыз. Бірақ, баршаға ортақ бір нәрсе бар. Ол адамдардың қай кезде де қауіптілігі жоғары аймақта жүргенде қарапайым қауіпсіздік ережелерін естен шығармай, сақтау қажеттігі. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ өндірістік қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры Айтым Құрақбаевпен сұхбатымыз теміржолдағы қауіпсіздік ережелері, қозғалыс шаруашылығы тарапынан бұл бағытта қандай шаралар жүргізіліп жатыр, тағысын тағы мәселелер төңірегінде өрбіді.

– Айтым Тұрсынұлы, «Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, теміржолдың қауіп-қатерін айта-айта жауыр қылсақ та айтпасқа тағы болмайды...

– Әрине, қауіпсіздік тақырыбы – біз үшін ешқашан ескірмейтін, өзектілігін жоймайтын мәселе. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ жыл сайын пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін бұзу фактілерінің алдын алу бойынша арнайы шаралар жоспарын әзірлеп, сол бойынша жыл он екі ай жұмыс жүргізеді. Биыл да бұл жоспар жасалып, оны жүзеге асыру шеңберінде біз өз тарапымыздан халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Айталық, үстіміздегі жылы еліміздің әртүрлі аймақтарында теміржолшылар 18 мың оқушы мен 12 мыңнан астам азаматқа теміржолдарда және нысандарда болған кезде қандай қауіптерге тап болулары мүмкіндігі туралы түсіндіріп, әңгімелеп берген. Сонымен қатар кәсіпорындар мен оқу мекемелерінде бейнероликтерді көрсете отырып, 313 кездесу тағы өткізілді. PR департаменті тарапынан 5000-нан астам қауіпсіздік туралы жадынама, 10-ға жуық ролик дайындалып, таратылды. Бұдан бөлек ЖІІД, ӘТЖК, Магистральдық желі бөлімшелерінің қызметкерлерімен бірлесе теміржолда жүру ережелері туралы 900-ге жуық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұның бәрі жай ғана сандар емес, оның артында шын мәнінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп отыр, теміржолшылар, құзыретті орган өкілдері негізгі жұмыстарынан алтын уақыттарын бөліп, адамдарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып келеді.

– Қауіпсіздікті сақтауды көбінесе ойын балалары естен шығарып алып жатады, мүмкін оны жеткізудің басқа жолдары жоқ па? Мәселен, көзге түскен балалардың ата-аналарымен жеке кездесулер өткізу деген сияқты... Оның үстіне, қазір жаз маусымы басталды, балалар демалыста болғандықтан қауіпті жайттар да көбейе түсетін шығар?

– Шынында жаз маусымы балалар үшін демалыс мезгілі болса, теміржолшылар үшін өте қауырт – түсіндіру, ескерту, қауіп-қатердің, оқиғаның алдын алу үшін тынымсыз жұмыстардың жандана, күшейе түсетін кезі. Теміржолда жарақаттану жайттарының басты себебі, ол теміржол көлігінде белгіленген қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуы екені белгілі. Ал бұл жайтқа қандай факторлар әкеліп отыр дейтін болсақ, ол ата-аналардың өз балаларының қайда, қандай жерде жүргеніне бақылау жасамауы, яғни бала өзімен-өзі, «әй дейтін әже, қой дейтін ата-ана» жоқ, не істеп, не қояды, қайда барады, өзі біледі. Әрине, ата-аналары жұмыста болуы мүмкін, десе де, қазір сандық технология дамыған заманда балаларына жиі-жиі қоңырау шалып хабарласып, бақылау жасауларына, қала берді кешкілік үйде тамақ үстінде теміржолда жүрудің қандай қауіпті екенін, мүгедек болып қалуы, тіпті ажал құшулары мүмкін екендіктерін жиі еске салып ескертіп отырғандары абзал болар еді. Сөз реті келгенде, теміржолшылардың оқу жылының басында және соңында мектептерде өтетін ата-аналар жиналыстарына қатысып, оларға балаларын қадағалау міндеттерін еске салып, қауіптің алдын алу мәселелерін түсіндіріп отыратынын айтар едім. Сонымен қатар биыл теміржолда жазғы каникулдың басталуымен балалардың жарақаттануының алдын алу бойынша үшайлық жарияланып отыр, соның шеңберінде тұтас шаралар кешені ұйымдастырылды. Бұл айлық балалармен қатар үлкендердің теміржолда қауіпсіз жүріп-тұру ережелеріне назар аударуға бағытталып отыр, өйткені, балалардың денсаулығы мен өмірі сол ересектерге байланысты. Үшайлықты өткізу уақыты да тегіннен-тегін таңдалынып алынған жоқ. Жазғы каникул күндері балалардың бос уақыты көп, олар өз-өздерімен қалғандықтан, ойларына келгендерін жасайды. Осы уақытта теміржолда бақытсыз оқиғалардың да саны арта түседі. Ата-ана қадағалауынсыз қалған балалар ойын мен ермек алаңы ретінде теміржолды таңдайды, вагондарға шығады, теміржолға бөгде заттар қояды, жолаушылар пойыздарына тас атады. Ал мұндай бұзақылықтың соңы – денсаулықты жоғалту немесе ажал құшу. Сондықтан дәл қазір профилактикалық шараларды үздіксіз жүргізе беруге мүдделіміз. Сол себепті теміржол маңында жүрген әрбір адам қырағылық танытуы керек. Үшайлық аясында қалалар мен ауылдардағы теміржолға жақын маңдағы мектеп жанындағы лагерьлерде қауіпсіздік сағаттары өткізілуде. Балаларға ойын түрінде теміржолда өзін ұстау ережелері әңгімеленіп, мультфильмдер мен бейнефильмдер көрсетіледі.

– Балалардан бөлек оң-солын танып қалған жасөспірімдердің, тіпті үлкен адамдардың пойыздың астына түсіп қалу оқиғалары жиі кездесіп жатады. Ересек жандардың бұл салдыр-салақтығы дейміз бе, немқұрайдылығын дейміз бе, қалай түсіндірер едіңіз?

– Иә, мұндай фактілердің бар екенін жоққа шығармаймын. Көп жағдайда жасөспірімдер құлақтарына құлаққап киіп алып, музыканы барына шығарып, соның салдарынан тіпті пойыздың шыңғырған ащы даусын да естімей, пойызға басылып, жапа шегіп жатады. Сонымен қатар, көп жағдайда пойыз астына ішімдік буына елтіген мас адамдар немесе психологиялық тұрғыдан күйзеліске түсіп, өмірден баз кешкен адамдар өздерін тастап, түсіп жатады. Әрине, олардың арасында қырағылықты жоғалтқан, қауіпсіздікті сақтамаған адамдар да бар. Сондықтан үлкенге де, кішіге де вагон төбелеріне, теміржол тіреуіштеріне шықпауға, байланыс электр желілері өтетін инфрақұрылым нысандарына жақындамауға кеңес береміз.

Теміржолда жарақат алу – қоғамдағы «социальный болезнь» сынды әлеуметтік мәселеге айналды. Бұл туралы тек қандай да бір орны толмас қайғылы жағдай болғанда ғана шулап әңгіме қылып, артынша ұмытып, ертесі тағы қайталанып жатады. Ал шын мәнінде бұл мәселеге қоғамның үлкен проблемасы ретінде назар салатын уақыт жетті. Бұл тек теміржолдың теміржолшылардың «бас ауруы» ауқымынан асып, теміржолдағы бақытсыздық оқиғалардың алдын алу шараларына білім беру мекемелері, билік органдары, балалармен жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар, тағысын тағы белсенді қатысу керек. Біз күш біріктіргенде ғана балаларды жазатайым жайттардан қорғай аламыз.

– Айтым Тұрсынұлы, теміржолшылар тарапынан біраз іс-шараның атқарылып жатқанынан хабардар еттіңіз. Десек те, сөзіңіз сүйекті болу үшін, нақты қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы тоқталып өтсеңіз...

– Теміржолда қауіпсіздік мәселелері бойынша Үйлестіру кеңесі бар, міне осы кеңестің Көлік прокуратурасы және полициясы, ҚР ИДМ аумақтық көлікті бақылау органдары, Бұқаралық құралдар және өзге де тиісті қызметтердің өкілдерінің қатысуымен отырыстары өтіп келеді. Ол жиындарда біз қауіпсіздік қамтамасыз ету мәселелерін, проблемаларын талқыға салып, ортақ шешім табуға тырысамыз. Өңірлік деңгейдегі бірінші басшылар теміржолда жүру ережелері, қауіпті аймақта сақтықты жоғалтпау туралы бұқаралық ақпарат құралдарына шығып, ақпарат беріп отырады. Сонымен қатар бақытсыз оқиғалардың алдын алу, яғни адамдардың басылып қалуын болдырмау бойынша локомотив бригадаларымен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп тұрады. Ай сайын біздің барлық филиалдар мал-жанның басылып қалуы, автокөлікпен соқтығысуы бойынша талдауларды жіберіп тұрады. Бұл локомотив бригадаларымен жұмыс істеп, шара қабылдау үшін қажет. Біз пленарлық жиналыстарда, техникалық сабақтарда тұрақты түрде локомотив бригадаларынан қарсы келе жатқан пойыздардың машинистерін, станция кезекшілерін, пойыз диспетчерлерін шара қабылдау үшін темір жол маңында малдың, бөгде адамдардың жүргені туралы хабардар етуді және тиісті қызметтерге ақпарат беру үшін машинистердің арнайы Ескерту кітабына жазба қалдыруды талап етеміз. Мәселен, былтыр темір жолдарда мал-жанды басып кетудің алдын алу үшін машинистер жүк және жолаушылар пойыздарын 3200-ден астам рет шұғыл тежегішті қосып, тоқтатуға мәжбүр болған. Локомотив бригадалары мүшелерінің кәсіби әрекет етуінің арқасында 90% оқиғада адамды басып кетуге жол берілмей, өмірлері сақталынып қалған. Өкінішке қарай, барлық оқиға осылайша сәтті аяқталмайды. Ал сигнал, белгі беру көрсеткіштері, белгі таңбалары нашар көрінетін, яғни тұман, қатты жауын, боран, бұрқасын, тағысын тағы жағдайларда жолда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пойыздар қозғалысының белгіленген жылдамдығын төмендету және жиі хабарлаушы белгі беру қарастырылған. Сондай-ақ, СОБ құрылғыларына, бағыттағыш бұрмаларға, жолдарға ай сайынғы комиссиялық тексеріс жүргізу барысында теміржолдар арқылы адам көп өтетін жерлерде дауысзорайтқыш байланыс құралдарының қалтқысыз қызмет ету, малға қарсы қоршаулардың, жаяу жүргіншілер өткелдердің, станция шекарасында жүру қауіпті екенін ескертетін белгілердің болуы назарға алынып отырады. Міне, осы сияқты қауіпсіздікті сақтау бағытында көптеген шаралар атқарылуда.

– Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін өрескел бұзатын жайттар, әсіресе, адамдардың пойыз астына түсіп қалуы, көлікпен соқтығысуы локомотив бригадаларының жүйкесіне салмақ түсіретіні, жан күйзелісіне ұшырататыны сөзсіз. Осындай ауыр көңіл-күйден, психологиялық жүктемеден арылу үшін локомотив бригадаларына көрсетіліп отырған көмек-қолдау туралы айтып өтсеңіз.

– Машинист пен оның көмекшілерінің жұмысы әу бастан ауыр. Олар үнемі жол үстінде. Машинист мамандығы мәртебелі мамандық болумен қатар жүйкеге салмақ түсіретін жауапкершілігі де жоғары мамандық. Олай дейтініміз, ұзын құрамды тіркеп алып келе жататын локомотивті басқарып отырған машинистер жол үстінде күтпеген жерден кездейсоқ жағдайларға тап болып жатады. Мысалы, адамдардың, қараусыз малдың жолға шығып кетуі, жолға бөгде заттың қойылуы, тағысын тағылар. Ал мұндай оқиғалар машинистер мен олардың көмекшілерінің жүйкелеріне салмақ түсіріп, өз кезегінде бұл олардың психикалық саулығына кері әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан локомотив пайдалану деполарында психологиялық жүктемеден арылу бөлмелері бар. Онда психолог мамандар депо қызметкерлері үшін кәсіби кеңестер береді, локомотив бригадаларының мүшелеріне күйзелісті жағдайлардан кейін миға түскен салмақтан босаңсуға, арылуға көмектеседі. Өткен жылы психолог мамандарының көмегіне 4 мыңнан астам машинист пен олардың көмекшілері жүгінген. Және де атап өтерлігі, жүйкеге түскен салмақтан арылту бойынша оңалту курсы локомотив бригадаларының жұмысқа қабілеттілігін сақтап қалуға септігін тигізуде. Тағы бір атап өтерлік жайт, локомотив бригадасын жасақтау барысында психологтың қорытындысы міндетті түрде ескеріледі. Неліктен дейсіз ғой, білікті маман тестілеу өткізу арқылы адамның жеке қасиеттеріне, тіл табыса білу, үйлесімділік сияқты қырына баға береді. Ал маманның бұл кеңестері жұмыс барысында ұрыс-керіс, жанжалдың туындамауына, төтенше жағдайларда машинистер мен олардың көмекшілерінің бірлесе қимылдап, ұйымшылдықпен жұмыс істеуіне ықпал етері сөзсіз.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұлугүл БАКЕСОВА 

"Қазақстан темiржолшысы" газеті