Мекен жайы Астана қ., Қонаев көш., 10 үй, 7 қабат
Call-center 8 (7172) 60-30-30
8 (7172) 60-32-52
Тасымалдағы жүкті сақтау бағытындағы басқосу
1760 / 20.10.2017 13:50

Тасымалдағы жүкті сақтау бағытындағы басқосу

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның операциялық қызмет жөніндегі вице-президенті міндетін атқарушы Марат Шакеновтың төрағалығымен тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз етуге арналған Бас көлік прокуратурасы, Қылмыстық іс полициясы басқармасы өкілдері, «ҚТЖ» ҰК» АҚ құрылымдық бөлімшелері мен еншілес ұйымдары басшылары, сондай-ақ, өңірлік жүк тасымалы бөлімшелері жетекшілері бейнебайланысқа шыққан кеңейтілген селекторлық кеңес өтіп, онда өзекті мәселелер талқыға салынды.

Марат Шакенов «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның басымдыққа ие міндеттерінің біріне, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту және көліктік-логистикалық қызметтерін ұйымдастыру бойынша мемлекеттік стратегиясын жүзеге асыру кіретінін айта келіп, «Біз Қытайдан Қазақстанға, одан әрмен қарай Шығыс және Батыс Еуропа елдеріне бағытталған жүктерді жеткізудің және оларды сақтаудың бірыңғай жүйесін құратын, модельге жақындап келеміз» деді.

Оның айтуынша, транзиттік жүк тасымалы жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Егер статистикалық деректерге сүйенсек, 2011 жылы Қазақстан ҚХР – Еуропа – ҚХР бағытындағы құрғақжол бағдарында 12% үлеске, ал Ресей 88% ие болса, 2016 жылы Қазақстанның үлесі 68% дейін өскен. 2020 жылға қарай аталған бағдардағы үлесті 80% кем емес деңгейге дейін жеткізу мақсат етілген. Сол себептен тасымалданатын жүктердің сақталымын қамтамасыз ету бірінші кезектегі мәселе болып отыр. Десе де, тасымалданатын жүктердің діттеген жеріне шашау шықпай жеткізілуі толыққанды орындалмай отыр.

Мәселен, үстіміздегі жылдың 9 айындағы деректерге сүйенсек, жүктің сақталмауына қатысты 34 оқиға тіркеліп, соттық шағымдар мен кінәрат-талаптар бойынша компания тарапынан төленген жалпы шығындар сомасы 65 млн теңгені құраған. Өткен жылы осы уақытта 30 оқиға тіркеліп, келген шығын сомасы 148 млн теңгені құраған екен. Жүктің сақталмауына қатысты оқиға саны 4 бірлікке өскенімен, шығын сомасы 56,2% азайған. Тасымалданатын жүктердің сақталмауына түрлі факторлар ықпал етуде, соның бірі, жүктің жол үстінде тоналуы болып отыр. Биыл есепті мерзім ішінде жүктің қолды болуына қатысты 11 оқиға тіркеліп, шығын көлемі 18 млн теңгені немесе жалпы шығынның 28,3 пайызын құраған. Былтырғыға қарағанда жүктің тоналу көрсеткіші 2 оқиғаға, шығын сомасы 16,3% артқан. Ал вагондардың жолдан шығып кетуі салдарынан жүктің зақымдануына байланысты 21 оқиға тіркелген болса, келген шығын көлемі 46 млн теңгені құрапты.

Өкінішке орай, жол үстінде жылжымалы құрамдардан жүктерді ұрлағандар арасында теміржол көлігі қызметкерлерінің бар екендігі анықталыпты. Мәселен, 9 ай ішінде көліктегі Желілік ішкі істер бөліміне 747 адам ұсталып, табысталған. Солардың арасында 68 адам темір жол саласында жұмыс істейтін болып шыққан. Былтыр темір жол көлігі қызметкерлері арасынан ұрлыққа қатысы бар 60 адам ұсталыпты. Биыл бұл көрсеткіш 11,8% артқан.

«Жылдың басынан бері «ҚТЖ-ЖТ» АҚ атына 302 кінәрат-талап келіп түсті. Бұл өткен жылға қарағанда 60% аз, қаржылай жағынан да 22,3 пайызға кеміді. Тасымалдаушы тарапына кінәрат-талаптың азаюы, тасымалданатын жүктің сақталымын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың оң нәтижесі» деп атап өтті Марат Шакенов.

Сөз реті келгенде, «ҚТЖ-ЖТ» АҚ басшылық өкілі, Компанияның негізгі локальді актілерінің бірі ретінде, «Тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен шаралардың Кешенді жоспарын» атап өтті. Бұл құжат Компания Қоғамдарымен және ҚР ІІМ КІІД-мен келісіліп, бірлесе жасалған екен. Міне, осы жоспарға сәйкес темір жол саласы мамандары құзырлы мемлекеттік орган өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, тоқсан сайын жұмыс нәтижесін қорытындылаған кеңейтілген селекторлық кеңес өткізіп келеді.

Көмір тасымалында қандай өзгеріс бар?

Марат Шакеновтың айтуынша, 2015-2016 жылдарда жүк жөнелтушілер де, жүк қабылдап алушылар да «көмір» жүгінің жетіспеуіне қатысты көп шағым түсіріп, кінәрат таққан. Осыған байланысты биыл бірқатар шаралар қолға алыныпты. Мәселен, 1-ші наурызда тұрмыстық көмірдің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында «ӘТЖК» АҚ-мен негізгі келісімшартқа қоса Қызылжар, Шұбаркөл, Жеңіс, Дегелең, Үшқұлын станцияларынан жүкке ілеспе күзет қызметін көрсету үшін қосымша келісім орнатылған. Ал тамыз айында Қызылжар станциясында «ТрансКом», «Шұбаркөл көмір» және «ТарланСекьюрити» кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте Шұбаркөл және Қызылжар станциялары бойынша АСУ ДКР жүйесімен біріктірілген жүк тиелімі жағдайын және вагон нөмірін санайтын жүйемен қоса бейнебақылау орнату туралы шешім қабылданып, бұл вагонда жүкті тиелімін бақылауға және техникалық жағдайлар талаптарын сақтауға қосымша мүмкіндік беруде екен.

Породная – Қызылжар станцияларының телімінде жүктің сақталуы үшін «Тарлан-Секьюрити» күзетінің қызметкерлері вагондарға ілеспе қызмет көрсетуде. «ҚТЖ» ҰК» АҚ мұнымен қатар «ӘТЖК» АҚ-мен бірлесе бірқатар ұйымдастырушылық-техникалық шаралар жүзеге асыруда. Соның бірі, биылғы жылдың 1-ші маусымында вагондар мен контейнерлердің жағдайын бақылау мақсатында Әскерилендірілген темір жол күзетінің «Транстелеком» АҚ өкілдерімен бірлесе Достық және Алтынкөл станцияларында ҚХР-Европа, ҚХР-Азия және Алматы бөлімшесі станцияларына бағытталаған бағдарлардағы қымбат жүк тиеген контейнерлерді «Watchloсk» (ватчлок) электрондық құлыптармен құлыптауы болып отыр.

Бұдан кейін Марат Шакенов түсті металл, қара металл тасымалдары барысында жүктердің сақталмауына қатысты өзекті мәселелер туындап отырған атап өтті. Мәселен, жылдың басынан бері Павлодар – Оңтүстік станциясынан жүк тиелген 7 вагонда сомасы 25,0 млн теңге шамасында «алюминий» жүгінің жетіспеушілігі анықталған. Сырттай қарағанда жүк жөнелтушілерінің пломбалары бұзылмай тұрғандай болғанымен, жүк ұрланған. Сондай-ақ, Защита станциясында «қорғасын», «мырыш» тиелген контейнерлерде пломбалардың алмастырылғаны анықталған. «Бұл нені білдіреді, жүк тиелген станцияда ұрланғанын айғақтайды» деген селекторлық кеңес төрағасы, қара металл сынықтарының жиі ұрлануына байланысты ЖІІД-нің ұйғарымы негізінде аталған жүктің үсті металды табақшалармен, темір торлармен жабылған жағдайда ғана қабылданатынын айта келіп, десе де, бұл жүктің жол үстінде ұрлануы әлі де орын алып отырғанын жасырмады.

Меморган өкілдерін алаңдатқан мәселе

Бас көлік прокуратурасы атынан келген өкіл осы жылдың басынан бері ҚР Бас прокуратурасы тарапынан көлік ерекшелігін есепке ала отырып, «Стоп кражам» жобасы, ал Бас көлік прокуратурасы тарапынан «Жүктерді сақтау» жекеменшік жобасы жүзеге асырылып жатқанын және бұл шаралар жүктің ұрлануын төмендетуге бағытталып отырғанын атап өтті.

Ол бұл жобалар шеңберінде атқарылып жатқан шаралар өз нәтижесін беріп отырғанын, темір жол күзеті, кәсіпорындары, құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істеу нәтижесінде биылғы 9 айда жүктің ұрлануы 22,5%-ға дейін азайғанын, десе де, жүкке қатысты ұсақ-түйек ұрлық фактілерінің жоғары деңгейде қалып отырғанын айтты. Оның айтуынша, жүк вагондарынан көп ұрланатын жүк көмір мен металл сынықтары екен. Әсіресе, көмірдің көп ұрланатын ошағы ретінде Жезқазған аумағын атап өтті.

«Статистика көрсетіп бергендей, еліміздің кейбір аймақтарында ферроқорытпасы, металлсынықтары және кокс жүктерінің ұрлануы пәрмен алуда. Бұл жүктерге күзетпен қамтамасыз ету «ӘТЖК» АҚ қызметкерлеріне жүктелген. Демек, күзет қызметі тиісті деңгейде қамтамасыз етілмей отыр» дей келе меморган өкілі өткен есепті мерзім ішінде аталған жүктің ұрлануына қатысты өсім Алматы, Шығыс Қазақстан жол бөлімшелерінде, Семей бойынша Дегелең, Жаңғызтөбе, Айғыржол, ал Жамбыл аймағы бойынша Луговой мен Жіңішке станцияларында байқалып отырғанын жеткізді. сондай-ақ, ол жылу маусымының басталуына байланысты Жезқазған – Шу – Алматы бағыты бойынша тасымалданатын көмірдің ұрлануы ықтимал екендігіне алаңдаушылық білдірді. Прокурордың көмір тасымалына қатысты күмәнін тудырған бір мәселе, ол Шұбаркөл карьерасы мен Қызылжар станциясынан тиеліп жөнелтілетін жүк вагондарын өлшейтін таразы жабдығының жоқтығы болды. «Мәселен, Қызылжар станциясынан жөнелтілген көмір тиелген вагондағы жүк салмағы 68 тонна деп көрсетіледі, ал жүк қабылдаушы қабылдап алғанда 10, 15 және 20 тонна жетпей жатады, бұл факт жүк салмағының сенімділігіне күдік тудырады. Өйткені, аталған жүк тиелген жерлерде өлшеуіш жабдық жоқ, сондықтан тасымалданатын көмірдің салмағына қатысты нақты суреттеме алу үшін Қызылжар станциясын жүк өлшеуіш жабдықпен жарақтандыру қажеттігі туындап отыр, бұл көмір жетіспеушілігіне қатысты қылмыстық іс қозғау фактісін нақ азайта түсері анық» деді прокуратура өкілі. Осындай жабдықтармен өзге де үйінді жүктерді тиейтін станцияларды жабдықтау қажет деді ол.

Кеңейтілген келелі жиында Көліктегі Ішкі істер департаментінің өкілі де сөз алып, қымбат жүктерге қатысты ұрлықтың жиілеп кеткеніне, басқа да проблемаларға тоқталып, ұрлықты төмендету, алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды күшейту керектігін еске салып өтті. Өз кезегінде «ӘТЖК» АҚ вице-президенті Мұратбек Қоқаев осы жылдың тоғыз айында атқарылған шаруаларға егжей-тегжейлі тоқталды. Ол темір жол көлігі нысандарында мүлік пен жүктің сақталуын қамтамасыз ету тиімділігін арттыру бағытында бірқатар шаралар қабылданғанын атап өтті. Соның бірі, биылғы жылдың қаңтар айында қылмыстық жағдайға жан-жақты жасалған талдау негізінде, сондай-ақ, өндірістік үдерістерді және басқару құрылымын жетілдіру мақсатында «ӘТЖК» АҚ филиалдарының Тараз және Семей қалаларында құрылуын атап өтті. Сонымен қатар тасымалданатын «металл сынықтарын» және өзге де жүктердің сақталуын қамтамасыз ету, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтау мақсатында «Металл сынықтарын тиеу нормаларын сақтау – қауіпсіздік кепілі», «Темір жол көлігі нысандарында тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша айлық» шараларының өткенін атап өтті.

Тобықтай түйін

Селекторлық кеңеске жетекшілік еткен Марат Шакенов Алматы жүк тасымалы бөлімшесінде жүктің ұрлануына қатысты жағымсыз жағдайдың қалыптасуы бүгінгі жиынның басты тақырыбы екенін атай келіп, Достық шекаралық станциясы ашылғаннан бастап, Достық – Алматы телімінде қылмыстық жағдай қалыптасқанын, ал соңғы кезде жүктің ұрлануы тіпті үдеп кеткенін жеткізді. Тіпті, үстіміздегі жылдың қазан айы басталысымен «шылым», «тоңазытқыш», «электртауарлары», «құрғақ жүзім» сияқты жүктерге ұрлыққа түскен бірнеше оқиға тіркеліпті. Бұл жағдайлар «ӘТЖК» АҚ қызметкерлерінің қатысуынсыз, оперативті-маневрлік форма тапсырмасымен жүргізілгенін және ОМФ жүктің сақталуын қамтамасыз етпей отырғанын атап өтті.

«ҚТЖ-ЖТ» АҚ вице-президентінің міндетін атқарушы Бас көлік прокуратурасы және Көліктегі ішкі істер департаменті өкілдерін, темір жол көлігінде құқықтық тәртіптің сақталуына, сондай-ақ тасымал барысында жүктің сақталуының жоғарғы стандарттарын сақтауға мейлінше қолдау көрсетуге бірлесе жұмыс істеуге шақырды. «Сіздер құзіретті орган өкілдерісіздер. Заңдық тұрғыдан тасымалданатын жүктердің ұрлануына тосқауыл бола аласыздар. Сондықтан бірлесе жұмыс істеп, өзара іс-қимылды күшейтсек, жұмысымыз нәтижелі болары анық» деп қорытты селекторлық кеңесті Марат Шакенов. Жиында қылмыстық жағдай өршіп тұрған аймақтың бөлімше басшыларының есептері тыңдалды. Селекторлық кеңес қорытындысы бойынша Алматы ЖТ бөлімшесінде қалыптасып отырған жағдайға байланысты НОДГП-7 басшылығы мен қызметкерлерінің жеке жауапкершілігін арттыру мақсатында 2017 жылдың 16 қазаны мен 16 қарашасы аралығында «Ерекше режим» енгізілді. Сондай-ақ, барлық жүк тасымалы бөлімшелеріне «ӘТЖК» АҚ-мен бірлесе жұмысты күшейтіп, өз аумақтарында қызметкерлердің тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз етуі үшін тиісті шаралар қабылдау жүктелді.

Сұлугүл БАКЕСОВА

«Қазақстан теміржолшысы» газеті

Поделиться:
Популярные новости
115 / 16.04.2024

Екібастұз қ. ГРЭС-1 аумағындағы жазатайым оқиға бойынша ақпарат

2024 жылғы 4 сәуірде "Б. Нұржанова атындағы ГРЭС-1" ЖШС кәсіпорнының кірме жолдарында пойыз құрастырушысының өлімімен жазатайым оқиға болды. Бұл...

128 / 15.04.2024

Мұнай өнімдерін т / ж көлікпен тасымалдау-тұрақты бақылауда

2024 жылдың бірінші тоқсанында ҚТЖ желісі бойынша 4,7 млн тоннадан астам мұнай өнімдері тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен 6...

21 / 12.04.2024

Қытай және Орталық Азия елдері бағытында теміржол көлігімен экспорттық тасымалдаудың өсуі

Қытай және Орталық Азия елдері бағытында теміржол көлігімен экспорттық тасымалдаудың өсуі 2024 жылдың алғашқы үш айында көршілес Қытай бағыт...

Соңғы жаңалықтар

Горячая линия

Вы можете сообщить о любых нарушениях Кодекса поведения в том числе о фактах коррупции, мошенничества, неэтичного поведения, дискриминации

Толығырақ


Серіктестер