ҚТЖ бос жұмыс орындары жәрмеңкесі
«ҚТЖ» ҰК» А...
Жеңіс күні қарсаңында Екібастұз-2 стансасынан ауыр жүкті, салмағы 9 мың тонналық пойыз жолға шықты. Сөйтіп, жаңа еңбек рекордына қол жетпек.
Пойыздың басында – Қазақстанда жасалған KZ 8А сериялы екі секциялы магистралды жүк электровозы. Тоғыз мың тонналық пойыздың пайдалануға берілуі – Ұлы Жеңіс мейрамы мен ардагер-жеңімпаздардың құрметіне арналған есте қаларлық аса маңызды оқиға. Құрамында тәжірибелі машинист Марат Жүсіпов пен машинистің көмекшісі Евгений Мельников бар локомотив бригадасы Екібастұз стансасынан рекордтық пойызды жүргізіп шықты. Одан кейін эстафетаны Астана, Бурабай шипажайы және Жаңа Есіл локомотив бригадалары қабылдады. Сол күні көмір тиелген 98 вагоны бар пойызды Астана, Бурабай шипажайы және Жаңа Есіл стансаларының тұрғындары көріп, тамашалады. Жүк поезының соңғы аялдамасы – Пресногорьковская стансасы.
Ауыр салмақты жүк пойызын жолға шығарып салу салтанатына теміржол қызметкерлері мен ардагерлері және жұртшылық жиналды. Перронда ұйымдастырылған сахнадан құттықтау мен жүк пойызы бригадасына ізгі тілектер айтылды.
Екібастұз пайдалану локомотив депосының пайдалану жөніндегі директорының орынбасары Әмір Такишевтің пікірінше, бұл оқиға «Локомотив» акционерлік қоғамында жарияланған Машинист жылын өткізуге байланысты өткізіліп отыр.
– KZ 8А сериялы екі секциялы магистралды жүк электровозы – біздің елімізде құрастырылған алғашқы электровоз. Оның жалпы қуат-күші 8800 кВт. Конструкциялық жылдамдығы сағатына 120 шақырым. Электровоз ауыр салмақтағы пойыздарды алып жүруге жарамды және өте сапалы екендігін көрсетті, – деп атап көрсетті ол.
Депоның бас инженері Болат Сарыбайдың айтуынша, бұл оқиғаның депода жұмыс жасап жүрген әрбір жұмысшыға аса зор жауапкершілік жүктейді, сондықтан ауыр салмақты пойызы жолға дайындауға айрықша назар аударылады.
Салтанатты жиын соңында депо басшылығы атынан үздік жұмысшыларға мақтау қағаздары тапсырылды. Марапатталғандардың арасында рекордтық пойызы жүргізу құрметіне ие болған локомотив бригадасы да бар.
Мамандардың пікіріне жүгінсек, ауыр салмақты жүк пойыздарын жүргізу пайдалануға бөлінетін шығын көлемін азайтуға мүмкіндік береді және жол учаскелеріндегі өту қабілетін анағұрлым арттыра түседі.
Машинист Марат Жүсіпов 37 жыл бойы теміржол саласында жұмыс істеп келеді. Ол еңбектегі тамаша жетістіктері үшін «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен, көлік және байланыс қызметкерлері мерекесі қарсаңында бірнеше мәрте Құрмет грамотасымен, «Даңқты еңбегі үшін» белгісімен де марапатталған. Машинистің атасы Төлеген Рахиянов Ұлы Отан соғысының ардагері, бірқатар марапаттарға ие болған.
– Мұндай пойызды жүргізу біз үшін ерекше құрмет. Сондықтан әрдайым басшылықтың сенімін ақтаймыз. Шойын жол бойында қандай да бір проблема болады деп ойламаймын. Өйткені барлық түйткілдер жан-жақты талқыланып, шешілген. Біздің тәлім-тәжірибеміз өз нәтижесін көрсететіні анық. Біз бүгінгі іссапарымызды Ұлы Отан соғысының барлық ардагерлерінің құрметіне арнаймыз. Өйткені олар біздің бақытты өміріміз үшін қан майданда жаумен арпалысты, – деді машинист.
Сондай-ақ, ол KZ 8А сериялы жүк электровозында локомотив бригадаларының оңтайлы жұмыс жасауы үшін барлық қолайлы жағдай – кондиционер, тоңазытқыш, ыңғайлы кресло, т.б. қарастырылғанын айтты. Бұған қоса, жаңа электровозда басқару мен диагностиканың кешенді микропроцессорлық жүйесі орнатылған. Сонымен қатар, машинистің кабинасында осы заманғы санитарлық-эргономикалық талаптар мен қауіпсіздік нормаларына сай келетін модулді климат-бақылау жүйесі жұмыс істейді.
Евгений Мельников 8 жылдан бері машинистің көмекшісі қызметін атқарады. Оның локомотивті басқару куәлігі де бар. Евгений – теміржолшылар әулетінің өкілі. Ол локомотив депосына әкесінің жолын қуып келді. Оның әкесі теміржолда 24 жыл жұмыс істеген тәжірибелі теміржолшы. Ал оның атасы Александр Ильин 14 жасында майданға жүк тасып, паровоздың от жағушысы болған. Қарт теміржолшы соғыс аяқталған соң Ақмола облысында өмір сүріп, еңбек етті. Көптеген мақтау мен марапаттардың иесі.
Евгенийді жауапты сапарға шығарып салуға анасы мен жұбайы да келді.
– Евгений сапарға шығар алдында қатты толқыды. Біз оған ақыл-кеңесімізді бердік. Байқаймын, қазір оның көңіл-күйі көтеріңкі, жұмысқа деген ынтасы да жоғары. Біз олардың сапарына сәттілік тілейміз, – деді анасы Галина Мельникова.
«Локомотив» АҚ-тың жұмысшылары теміржолда ауыр салмақты пойыздың негізін қалаушыларға айналды. Қазіргі уақытта Қазақстанда жасалған локомотивтермен салмағы 7 мың тонналық пойыздар теміржол бойында еркін жүйткуде.
Теміржолшылардың Ұлы Жеңіске зор үлес қосқанын бүгінгі күні айрықша атап өткен жөн. Соғыс басталған алғашқы күннен бастап барлық теміржол бекеттерінде, көлік кәсіпорындарында социалистік жарыстың айрықша ұйымдастырылғаны белгілі. Машинистер мен машинистің көмекшілері, паровоздың от жағушылары сол бір сұрапыл соғыс жылдары ауыр салмақты пойыздарды жоғары жылдамдықпен жүргізуді де жақсы меңгеріп, отынды үнемдей білген. Олардың мұндай істері – әрқашан жастарға үлгі-өнеге!
Айкын газетi«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның барлық филиалдарында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар өткізілді. Асфальтқа салынған ең үздік су...
«Астана» теміржол торабының кәсіподақ ұйымы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ қызметкерлеріне саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне арна...
«ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ Халықаралық Балаларды қорғау күніне қызметкерлердің балаларының арасында елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған «Астан...