Мекен жайы Астана қ., Қонаев көш., 10 үй, 7 қабат
Call-center 8 (7172) 60-30-30
8 (7172) 60-32-52
   Ерлік осылай туады
1260 / 03.02.2016 10:24

Ерлік осылай туады

Темір жолда орын алған апатты оқиға бейбіт күнде туатын ерліктің үлгісін тағы да паш етті. 28 қаңтар күні № 377 Маңғыстау – Алматы пойызы Сайөтес станциясынан өте бере жол өткелінде газ тиелген жүк көлігімен соқтығысты. Нәтижесінде көлік жүргізушісі қаза тауып, машинист көмекшісі ауыр жарақат алды.

Маңғыстау жол бөлімшесінің басшылығының жедел ұйымдастыру шараларының нәтижесінде жолаушылар пойызы алты сағаттан соң сапарларын жалғастырды. Оқыс жағдай кезінде үш жүзге жуық жолаушысы бар пойыздың тепловоз машинисінің ерлікке пара пар еңбегі ауыздан ауызға тарады.

Маңғыстау локомотив депосының басшылығы өзінің білікті маманын орынды мақтан ететінін жеткізді. Сол күні тепловоз тізгінінде Маңғыстау депосының филиалы Бейнеу айналым депосының машинисі Арапа Ағатаев болған. Сайөтес демалыс үйінен 14:51 де шығып, Маңғышлақ Алматы бағытына қарай жолға шыққан жолаушылар пойызын машинист Ырысбай Қазиевтен қабылдап алған машинист Ағатаев көмекшісі Болатбек Шалабаев екеуі құрамды Бейнеуге дейін жеткізулері керек болатын. Кесте бойынша Астана уақытымен 15.35-те тепловоз орыннан қозғалады. 18 вагоннан тұратын жолаушы құрамы Бейнеуді бетке алып тартып кетеді.

– Алтыншы бекетте жақын 129-шы шақырымда өткел бар. Сол өткелге 700 метр қалғанда цистернасы бар жүк көлігін көрдім. Көлік жайлап жүріп келе жатты. Өткелге жақындағанда автокөлік тоқтап, кідіріс жасады. №748-ші бұйрық бойынша прожекторды жағып-сөндіру белгісін қосып, дыбыс сигнал бердім. Өткелге шамамен 50-60 метр қалғанда жүк машинасы кенеттен қозғалып жүріп кетті. Менің ең бірінші әрекетім жан дәрмен жедел тежегішті қолдандым да, көмекшіме қаш деп айқайлап үлгердім. Келесі минуттарда-ақ тоқтап үлгермеген тепловоз цистернаға соғылды. Әрі қарай да жүк көлігі мен цистернаны сүйрей-мүйрей қозғалған тепловоз екі жүз метр жүріп барып бір-ақ тоқтады. Қас қағым сәтте болды бәрі де. Өзім машинист кранының тасасында қалдым. Ең алдымен көмекшімді іздедім. «Болатбек қайдасың...» деп бірнеше рет айғайлағанымда дыбыс бермеді. Ол бір жағдайға ұшырап қалды деп ойладым. Бір кезде оның «аяғым...» деген әлсіз дауысын естіп, тірі екеніне қуанып кеттім, жанына жетіп жанталасып темір қысып қалған аяғын босатуға тырыстым. Цистернаға қатты соққымен соғылғандықтан, тепловоздың алды есікке дейін майысқанда қашып үлгермеген Болатбектің сол аяғын қысып тастапты. Сол кезде жолсеріктер де жүгіріп жетті. Олардың көмегімен лезде Болатбекті босатып алып, жерге түсіріп жатқызған соң, жолсеріктерге: "Бірінші көмек көрсетіңдер" дедім де өзім тепловозға барып диспетчерлерге хабарлап, әрі қарай әрекет ету үшін жүгіріп кеттім, – дейді болған жағдайды баяндаған Арапа Ағатаев.

Маңғыстау жол бөлімшесінде пойыздар қозғалысын радиоарналар базасында интервалды реттеу жүйесі СИРДПЕ арқылы бақылап отырған кезекшілер сағат 16.10 - да өткелде пойыздың оқыс тежеу жасап, желіде SOS дабылы жанғанын көреді. Осылайша локомативтер қозғалысын басқаруға арналған жүйенің компьютер мониторында жайсыз оқиғаның орын алғаны белгіленді. Байланысқа шыққан машинист орын алған апатты баяндайды. Машинист содан кейін жалма жан тепловоздың соғылған Б секциясын А секциясынан ажырату үшін жедел іске кірісіп кетеді. Табан тежегішін бекітіп, диспетчерге екінші секциядан пойызды жылжытатындығын айтып, диспетчер Таңатарованың «перегон бос» деген хабарламасынан кейін 300 метрге құрамды кері итереді. Өйткені, сол сәтте барлығының ойы өрт қаупінен сақтану, халықты аман алып қалу еді. Ауаға газ бен түтіннің ащы иісі тарап жатты...

– Секция Б оқиға болған жерде қалды. А секциясымен пойызды кері итердім. Қауіпсіз жерге шығарылған құрамды екі башмақпен бекітіп, тежегішке қойып, жүгіріп Б секциясына келдім. Ол қызып тұрған болатын, су болса ағып жатыр. Қысқа тұйықталу болмасын деп тоқ көздерін ажыратып, толықтай сөндірдім. Құдай сақтағанда өрт шыққан жоқ. Тексерген мамандардың айтуынша, тоқ көздері дер кезінде ажыратылған және соққыдан цистернаның шеті тесіліп газ сол жерден аға беріпті. Егер ол тесік болмағанда қысымға шыдамаған пропан газ атылып, аласапыран өрт болу қаупі болған екен, – дейді машинист.

Оқиға орнына жедел келіп жеткен жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметтері мен Маңғыстау қалпына келтіру пойызы нұсқауға сәйкес дереу іске кірісіп, тиісті шараларды қолданды. Басшылық ең алдымен адамдарды жолаушылардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сын сағаттан сүрінбей өткен екінші класты машинист Арапа Ағатаев өзін ерлік жасадым деп тіпті де ойламайды, әріптестері құшақтап қарсы алып, жағдайын сұрап әбігер болып жатқанда ғана жарылған маңдайын сыйпады. Қызулықпен жүріп байқамапты. Бейнеу аудандық ауруханасына әкелгенде қабырғасы шытынап, маңдайы жырылып, аяғы да қатты соққы алғаны белгілі болды. Ал машинист көмекшісі Болатбек Шалабаев сол аяғы үш жерден сынып, қан көп кетуіне байланысты бүгінде жан сақтау бөлімінде жатыр.

Поделиться:
Популярные новости
1745 / 01.06.2018

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның барлық филиалдарында Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтті

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның барлық филиалдарында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар өткізілді. Асфальтқа салынған ең үздік су...

1490 / 31.05.2018

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ қызметкерлеріyt «АЛЖИР» лагерінің тұтқындарының өмірі туралы әңгімелеп берді

«Астана» теміржол торабының кәсіподақ ұйымы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ қызметкерлеріне саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне арна...

1353 / 30.05.2018

«ҚТЖ – Жүк тасымалыАҚ қазылар алқасы балалар байқауының қорытындысын шығарды және жеңімпаздарды анықтады

«ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ Халықаралық Балаларды қорғау күніне қызметкерлердің балаларының арасында елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған «Астан...

Соңғы жаңалықтар

Горячая линия

Вы можете сообщить о любых нарушениях Кодекса поведения в том числе о фактах коррупции, мошенничества, неэтичного поведения, дискриминации

Толығырақ


Серіктестер