Локомотив бригадасы пойызды аман сақтап қалды

Атырау облысындағы Мақат локомотив пайдалану депосының бригадасы №469 жүк пойызын Шоқпартоғай қума жолынан 33 шақырымдық жылдамдықпен жүргізіп келе жатты. Түнгі қараңғылықта машинист Руслан Қалиев рельс аралығындағы бекеттің бағанасын байқап қалып, шұғыл тежегішті басты. Салмағы бес мың тонналық пойыз жедел тоқтатылды.

«Біз машинистің көмекшісі Есенжан Молдабатыров екеуміз локомотивтен шықтық. Шамамен 30-40 метр жерден рельске металл сыммен байланған шпалды көрдік. Жол бойындағы затты аңғармай қалғанымызда қандай аппатты жағда болатындығын ойлағанымызда, денеміз шымырлап кетті»,-дейді машинист.

Локомотив бригадасы арнайы нұсқамалыққа сәйкес, №469 пойызбен болған жайды жол айырығының кезекшісі мен пойыз диспетчеріне жедел хабарлады.

«Локомотив бригадасы тұрақты түрде деподағы техникалық оқудан өткізіледі. Онда темір жол бойындағы апатты жағдайда шұғыл шешім қабылдаудың мүмкіндіктері айтылады. Сондықтан да біз тұрақты түрде қырағылық сақтаймыз,-дейді машинист.

36 жастағы Руслан Қалиев темір жолда тоғыз жылдан бері еңбек етеді. Соңғы екі жылда пойыз жүргізеді. Оның ағасы да машинист болса, әкесі де теміржолшы. Ол болашағын теміржолсыз елестете алмайды. Оның көмекшісі Есенжан Молдабатыров темір жолда бес жылдан бері еңбек етеді. Биыл 30- ға толады.

«Локомотив бригадасының қырағылығы мен шұғыл шешім қабылдауының арқасында ауыр апатты жағдайдың алды алынды. Мұндай еңбеккерлер басқаларға үлгі болады»,-дейді депо директоры Тілекбай Исағалиев.

Аталмыш факті бойынша, ҚР ҚК 350 бабының 1 тармағы бойынша көлік құралы мен жол қатынасына қасақана залал келтіргені үшін қылмыстық іс қозғалды. Биылғы жыл басынан бері локомотив бригадалары жол бойындағы бөгде заттардың жатқандығына байланысты 22 рет пойызды шұғыл тоқтатуға мәжбүр болды.