Машинист мерейі
Кешегі салтанатта марапатқа ие болып, мерейі үстем болған теміржолшылар қатарында Екібастұз локомотив пайдалану депосының машинисі Сансызбай Хамзин де болды.
Компания басшысының қолынан «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін алған жігіт ағасы қуанышты екенін жасыра алмай сұхбат берді.
–Біз бір әулеттен алты бірдей машинист шықтық. Менің темір жол саласына келуіме туған ағамТөлеген себепкер болған еді. Ол сол кезде жалғыз өзі машинист болды. Ерейментау локомотив депосындағы электровоз машинисінің көмекшісін даярлайтын курсты бітіріп, мен оған көмекші машинист болдым. 1989 жылға дейін көмекші болып, сол жылы Қарағанды техникалық мектебіне түсіп, 6 ай электровоз машинисі курсын тәмамдадым. 1990 жылдың сәуір айынан бастап, осы кезге дейін электровоз машинисі болып еңбек етіп келемін, қазір екінші сыныпты машинист санатындамын.
Сансызбай Хамзин осылай бүкіл өмір жолын екі ауыз сөзге сиғызды. Ал өзі бір кездегі ағасының ізімен Базарбай мен Жасланды баулыпты, біреуі бүгінде электровоз машинисі болса, екіншісі электровоз машинисінің көмекшісі екен. Осы кезге дейін барлығы 7 машинист көмекшісі мен 5 электровоз машинисін баулып, қатарына қосыпты.
Тоғыз жылдан астам уақыт бойы Ерейментауда машинист болып істеген Сансызбай кейін басты депо Екібастұзда болғандықтан сол жаққа ауысты. Ал, Ерейментаудағы депо мұның филиалы болып қалды. Бүгінде ағасы Төлеген өз баласы Дәуренді көмекші етіп алып тәрбиелеп жатыр екен. Екібастұзға келгеннен соң өзі де ұлдарын тәрбиелеуге кірісті, бүгінде Ербол – машинист, Нұрлан – көмекші машинист болып, өзімен иық тіресе жұмыс істеуде.
Сансызбай Хамзин көбінесе Екібастұз – Павлодар, Екібастұз – Ерейментау, Екібастұз – Бурабай курорты және Атығай – Ерейментау, Екібастұз – Астана телімдерімен ұзынқұрамды және ауыр салмақты құрамдарды тасымалдады. Павлодар жолы алғаш электрленген кезде Сансызбайға 2 млрд тонна тиелген жүкті өз электровозымен жеткізу құрметі тиді. Үлгілі машинист сонымен қатар 4 ұл мен 1 қыз өсіріп отырған өнегелі отбасының иесі.
Төребай КЕНЖЕБАЙ
Суретті түсірген Сергей ВОЛОШИН
"Қазақстан теміржолшысы"