Таңдау құқығымыз бар
Демалыс та ұтымды ұйымдастырылған. Мен 2012 жылы «Мерке» демалыс үйіне барып, ем алып қайттым, сонда жолдама ақысының тек 10 пайыздайын ғана өз қалтамнан төлесем, қалғанын кәсіпорын мойнына алды. Оған қоса сол жылы тісімді емдеттім, ол да компания тарапынан бөлінген жеңілдік. Пойызға жолақы да жылына бір рет өзіме және отбасы мүшелеріне тегін. Ол да үлкен көмек деп білемін, қазір бәрі де қаржыға тірелген заман ғой. Жұмысшылардың балалары жыл сайын лагерлерге жіберіледі, балаларымыз жазғы демалыстарын мазмұнды өткізіп, ел-жер көріп, жақсы демалып қайтады. Жұмыста мүгедек балалары бар әріптестеріміз де бар, оларға да компания емделуге қаражат қарастырып, әр түрлі шараларға шақырып сый-сыяпат жасап жатады. Компания оқу жылы қарсаңында мектеп жасындағы 3 баласы барларға материалдық көмек ретінде оқу құралдарын алып береді.
Біздегі жақсы жолға қойылған мәселенің бірі ол – медициналық жәрдем. Жылына төрт рет медициналық тексеруден өту тегін, оның үстіне күнделікті ауысым алды тексеру өз алдына. «Медикер» ЖШС арқылы денсаулығымыз және өміріміз сақтандырылған. Сақтандыру картамызда жүз мың теңге шамасында қаражат бар, дәрігерге қаралып, дәрі-дәрмек алсақ сол карточкадағы қаржыдан ұсталады, өзіміз тек қосымша дәрілерге ғана ақша төлейміз. Уақытша еңбекке жарамсыздық кезінде де жалақы көлемінің белгілі бір пайызы сақталады. Еңбек демалысына шыққан кезімізде есептелген күнге қоса 12 күн қосымша зиянды жұмыста жасағаны және тағы 6 күн қосымша еңбек өтілі үшін беріледі. Мәселен, 24 күн негізгі еңбек демалысы болса, оған 12 және 6 күнді қосқанда барлығы 42 күн демаламыз. Сонымен қатар, машинистердің біліктілігіне қарай 1-класқа жалақының 30 пайызы, 2-класқа 20, 3-класты машиниске 10 пайыз көлемінде қаша төленеді. Айта берсе, компания тарапынан жұмысшыға көрсетіліп отырған жеңілдік түрлері көп. Зейнетке жасынан бұрын шығудың да жеңілдіктері қарастырылған, денсаулығы төмендерге бұл да зор көмек. Әлеуметтік жеңілдіктердің бәрі жұмысшылардың өз еңбек орнына, мамандығына құрметпен қарауына ықпал етеді, алға қарай еңбек өнімідлігін арттырып, біліктілігін көтеруге, жақсы маман болуына ықпал етеді деп білемін.
Амантай Жаубаев, Атырау локомотив пайдалану депосының машинисі