Мекен жайы Астана қ., Қонаев көш., 10 үй, 7 қабат
Call-center 8 (7172) 60-30-30
8 (7172) 60-32-52
Қас қағым сәттегі хас ерлік
1650 / 19.11.2013 14:21

Қас қағым сәттегі хас ерлік

Өткен сенбі күні Маңғыстау станциясы маңында орын алған ірі темір жол апатының зардабы бір тәулікте қалпына келтіріліп, пойыздар қозғалысына жол ашылды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның кешегі аппараттық мәжілісі осынау қайғылы жағдайға байланысты бір минуттық үнсіздік жариялаумен басталды.

Маңғыстау станциясынан 5 км жердегі темір жол өткелінде қарашаның 16 күні түске жақын орын алған оқиға салдарынан жүк пойызы жанар май тасымалдаушы автокөлікпен соғысып, ауыр апат зардабы мен қайғысы орасан зор болды. Машинист жігіт, 1980 жылы туылған Берік Құлбарақовтың денесінің басым бөлігін күйік шалып, бүгінде аурухананың жансақтау бөлімінде жатса, машинист көмекшісі 1989 жылы туылған жас жігіт Нұрболат Жасанов оқиға орнында қаза тапты.

– Маңғыстау жол бөлімшесі шекарасында болған бұл оқиға 2013 жылдың ең ауыр да қайғылы оқиғасы болды. Айдың күннің аманында, тұмансыз, бұлтсыз күнде мұнай тиеп алған жүк көлігінің тыйым салған белгіге, пойыздың келе жатқанынан хабар беретін қызыл сигналдың жанып тұрғанына қарамастан, темір жолдан өту ережесін өрескел бұзып, ол да қауіпті мұнай өнімдерін әкеле жатқан тепловоздың алдын кесіп өтпек болған ойсыз әрекеті үлкен қайғыға душар етті. Салдарында машинист көмекшісі, жиырма төрт жастағы жас жігіт опат болды. Ал машинист қазір ауруханада жан сақтау бөлімінде өмір мен өлім арасында жатыр... Осы арада машинист жігіт Берік Құлбарақовтың ерлікке пара-пар іс жасағанын ерекше айтқым келеді. Ол тепловоздағы тежегіш беретін 394-ші және 254-ші крандарының екеуін де іске қосқан. Тек тепловоз көлікке соғылар соңғы сәтте машинист оң қанатқа, машинист көмекшісі өзі отырған сол қанатқа терезеден сыртқа секірген. Машинист көмекшісі сол жерде қаза болса, машинист ауыр жарақат алып, үсті-басы жанып жатқанына қарамастан орнынан тұрып, бірінші секцияның түгі қалмай жаншылып, отқа оранғанын көріп, екінші секцияға көтерілген де рацияға жеткен. Алдымен соңынан келе жатқан тепловоз машинисіне, одан соң станция кезекшісіне, пойыз диспетчеріне рациямен эфирге шығып, апатты хабарлап үлгерген. Бұл сөйлесу регламенті жазылған таспада бар. Сөйтіп, білікті маманның шұғыл хабар беріп, сауатты әрекет етуінің арқасында бұдан да зор үлкен апатқа жол берілмеді деуге болады – деді «Локомотив» АҚ президенті Марат Медеубаев.

Облыстық ауруханаға барып, машинист жігіттің халін білген Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев та жас жігіттің шын мәнінде ерлік жасағанын айтты. «Төніп келген қауіп-қатерге қарамастан, соңғы сәтке дейін апаттың алдын алуға барлық мүмкіндікті жасады. Ауыр жарақат пен күйікке қарамастан тиісті орындарға хабар беріп үлгерген», – деді облыс басшысы.

Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Владимир Божко да журналистерге берген сұхбатында жүк по­йызымен соқтығысқан бензовоздың жол қауіпсіздігі ережесін өрескел бұзғанын мәлімдеді.

Тепловоз бен 18 вагон мұнай тиелген цистернаның аударылып, алапат өрт оқиғасының орын алуына себепкер болған «Емір Ойл» мұнай кәсіпорыны­ның көлік жүргізу­шісі Биқожа Сүндетовтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Облыстағы барлық мемлекеттік құрылымдар қызметтерін аяғынан тік тұрғызған апатқа тоқталсақ, құрамында 56 жүк вагоны, оның 33-не мұнай өнімі тиелген №2108 жүк пойызы Махамбет станциясынан шығып, Ақтау портына бет алған. Алайда, станцияға жақын қалғанда Маңғыстау темір жолының 399 шақырымындағы күзетілмейтін өткелде жанар май тиелген «MAN» маркалы автокөлігімен соқтығысады. Өткелге тақап қалғанда алдарынан шыға келген автокөлікті көріп машинистер жанұшыра тежегішті басқанмен сағатына 60 км жылдамдықпен келе жатқан пойыз бірден тоқтамай, автокөліктің артындағы жанар май құйылған цистернасын соғып өтеді. Қас-қағым сәтте соқтығыстың болмай қоймайтынын және оның зардабын да сезініп үлгерген машинист пен көмекшісі соңғы сәтте тепловоз терезесінен екі жаққа секірген. Алайда, машинист көмекшісі қып-қызыл жалынның ортасында қалады да, үсті-басы өртеніп жатса да орнынан тұрып жанталаса тепловозға жүгірген машинист екінші басындағы кабинаға көтеріліп, пультті басып, рациямен диспетчерлерге болған оқиғаны хабарлап үлгерген. Қып-қызыл от болып балқып тұрған темірде машинистің терісі мен қанының ізі қалған...

Өзі өртеніп жатса да, жанын сақтау үшін қашып кетпей, керісінше вагондарды аман алып қалу үшін балқып тұрған тепловозға қайта мінген машинистің ерлігіне барша халық таңқалуда. Бүгінде оның тілеуін бүкіл халық тілеуде, денсаулығы темір жол басшылары мен облыс әкімінің қадағалауына алынып, Түбекке Астанадан арнайы медицина мамандары шақырылған. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы ауыр бол­ғанмен, тірі қалады деген үміт пен сенім бар.

Орталық диспетчерге түскен хабарламадан кейін апат болған теміржолшылармен қатар құтқарушылар мен өрт сөндіру пойызы да келіп жеткен. Болған жай бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашевтың жетекшілігімен жол-көлік апатының зардабын жою және пойыздар қозғалысын қалпына келтіру бойынша штаб құрылды. Түбектен Ақтөбе, Атырау және Алматыға жүріп кетуі тиіс жолаушылар және өзге де жүк пойыздары Маңғыстау станциясында тұрып қалды. Ал таңертең Алматыдан келе жатқан пойыз тек Тамақ бекетіне жетіп үлгеріп, сонда тоқтатылған. Жергілікті биліктің қолдауымен жол жүретін және сапардан келе жатқан жолаушылар Тамақ бекеті мен Маңғыстау станциясы аралығында автобустармен тасымалданған. Өрт сөндіру және жолды қалыпқа келтіру, апаттың өзге де зардаптарын жоюға теміржолшылар, облыстық, аудандық өрт сөндіру қызметі, Жедел жәрдем қызметі, құқық қорғау органдары, әскерилендірілген теміржол күзеті қызметі, Маңғыстау, Бейнеу қалпына келтіру және өрт сөндіру пойыздары, облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен олардың 12 өрт сөндіру көлігі, т.б. қызметтер жұмылдырылды.

Өзінің айтуынша, өткелдегі «STOP» белгісіне аялдап, бірақ ешқандай пойызды көрмей жүріп кеткен көлік жүргізушісі пойыз соққан кезде ғана көлігінен секіріп кетіп аман қалған. Алайда, орны толмас қаза мен темір жолға орасан зор шығын келтірген оқиғаның себепкерін теміржолшылар кінәлі деп санайды. Өйткені, ол жерде пойызды көрмей қалу мүмкін емес жағдай болатын.

– Шамамен сол кездегі пойыздың жылдамдығы сағатына 60 км болған. Ал негізінде бұл перегондағы жылдамдық 80 км-ге дейін барады. Бұл күзетілмейтін өткел болғандықтан ол жерде автоматтандырылған белгі беру жүйесі орнатылған. Оның жұмысы ай сайын тексеріліп отырады. Және оқиға болған кезде де олардың жұмыс істеп тұрғандығы дәлелденді. Белгі дыбыспен де, жарықпен де беріледі. Оны байқамай қалу мүмкін емес. Сондықтан бұл оқиғада кінәлі тек қана адами фактор, – деді жол бөлімшесінің директоры Сергей Қабдешов осы жайға байланысты облыс орталығында өткен жиында.

Бірнеше сағатқа созылған өрт ауыздықталған соң қалпына келтіру пойыздарының күшімен өртенген вагондар жолдан алынды. Жолдың бүлінген 250 метр жерін қайта қалпына келтіру үшін Маңғыстау жол дистанциясының 150 жолшысы түнімен жұмыс істеді. Оларға «Ағадыр» ПЧМ ауыр техникаларымен көмекке келді. Пойыз қозғалысы 17 қараша күні таңда жергілікті уақыт 6.46-да қалпына келтіріліп, жол қатынасы ашылды.

Аппарат мәжілісінде компания басшылары ауыр апат жайын талқылап, зардап шеккен машинистер отбасыларына көмек ретінде бір күндік айлық жалақыларын аударуға шешім қабылдады.

Райхан Рахметова, Маңғыстау

Казакстан темиржолшысы

Нұрболат Жасанов, 24 жаста

Тепловоз машинисінің көмекшісі

Маңғыстау пайдалану локомотив депосы­ның көмекші машинисі 16 қараша күні Тамақ – Маңғышлақ перегонында орын алған темір жол апатында, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты. Нұрболаттың асқақ армандары мен биік мақсаты болды. Сол жолда, сол биікке ұмтылыс жолында опат болды. Үйленіп де үлгермеген жас жігіттің артында анасы, екі бауыры, әпкесі мен ағасы қалды.

Берік Құлбарақов, 33 жаста

Тепловоз машинисі

...Ол ауыр жарақат алғанына қарамастан, жанып жатқан тепловоз секциясына көтеріліп, соңынан келе жатқан пойыз машинисіне, станция кезекшісіне, пойыз диспетчеріне алапат апаттың орын алғанын хабарлап үлгерген. Денесінің 30 пайызын күйік шалған Берік бүгінде ауруханада жатыр. Машинист жігіттің денсаулы­ғы туралы біз алдағы уақытта хабарлайтын боламыз. Оның жары мен екі баласымен бірге біз де Беріктің аман-есен отбасына оралғанын күтеміз.

Поделиться:
Популярные новости
1745 / 01.06.2018

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның барлық филиалдарында Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтті

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның барлық филиалдарында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар өткізілді. Асфальтқа салынған ең үздік су...

1491 / 31.05.2018

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ қызметкерлеріyt «АЛЖИР» лагерінің тұтқындарының өмірі туралы әңгімелеп берді

«Астана» теміржол торабының кәсіподақ ұйымы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ қызметкерлеріне саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне арна...

1353 / 30.05.2018

«ҚТЖ – Жүк тасымалыАҚ қазылар алқасы балалар байқауының қорытындысын шығарды және жеңімпаздарды анықтады

«ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ Халықаралық Балаларды қорғау күніне қызметкерлердің балаларының арасында елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған «Астан...

Соңғы жаңалықтар

Горячая линия

Вы можете сообщить о любых нарушениях Кодекса поведения в том числе о фактах коррупции, мошенничества, неэтичного поведения, дискриминации

Толығырақ


Серіктестер