Iзгi тiлекпен...

Iзгi тiлекпен...

... «Локомотив» АҚ 2003 жылы 14 қазанда құрылып, мемлекеттік тіркеуден өтті. Құрылған күннен бастап, компания алдында таудай мақсат, үлкен міндет тұрды. Ол кезде қадамын енді басқалы тұрған жаңа компанияға кәсіби шеберлігі жоғары мамандар өте қажет болды. Оған бұрынғы ҚТЖ құрамындағы «Локомотив шаруашылығы» департаментінің мамандары арнайы тартылды. Мен 23 қазан күні мекеменің бас бухгалтері болып тағайындалдым. Қарап отырсам, компания үшін он жыл соншалықты көп уақыт емес секілді, алайда адам ғұмыры үшін ұзақ кезең. Аталған уақытта компания өте қарқынды түрде дамыды. Пайдаланудағы жүрген локомотивтердің 70 пайызға жуығы ескіргендіктен, паркті жаңарту – кезек күттірмейтін еді. «Локомотив» АҚ-ның ең басты миссиясы да осы болатын. Бүгінгі таңда компания өз міндетін толық атқарып, миссиясына сай жұмыс атқаруда. 2005 жылдан бастап мекемедегі есеп жүргізу әдісі халықаралық стандартқа көшті.

Темір жол саласы – менің өміріме айналды десем болады. 1980 жылы Ташкент темір жол институтын бітіргеннен кейін бүкілодақтық жолдамамен Алматыға келген күннен бастап менің өмірім тек теміржолмен сабақтас өрілгендіктен, басқаша болуы мүмкін де емес еді. Бүгінде біздің компанияның 30 филиалы, 6 еншілес кәсіпорны, 20 мыңнан астам еңбеккері бар. Былай қарасаң, бұл деген үлкен күш. Жылдан-жылға табыс көзі де артып, таза пайдаға шығып келеміз. Барлық әріптестерімді он жылдықпен құттықтай отырып, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық тілеймін!

Еркінбек Керімбеков, «Локомотив» АҚ-ның бас бухгалтері