Құрметті әріптестер!
Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтаймыз! Әрбір ер...
Еңбек өтілі – екі ғасыр
Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы
Түркістанда теміржолшылар арасында игі дәстүр бар. Ол – бүкіл ұрпақтың бір мамандық бойынша жұмыс істеуі. Мысалы, әулетімен машинист болу... Ол жөнінде аға депо кезекшісі Жұмағали Қантәжиев бізге кеңінен мәлімет берді.
– 1800 жылдардан бастап жұмыс істеп келе жатқан отбасылар бар. Мысалы, Келбетовтер, Халметовтер, Шотаевтар, Исақовтар әулеттерінің абырой-беделдері жоғары. Олардың термір жолда жұмыс істей бастағандарына бір ғасырдан асып кетіпті. Бабалары депода жұмыс істеген болса, қазір солардың немерелері мен шөберелері ата кәсібін жалғастыруда, – деді.
– 1887 жылы туылған Сейілхан Шотаев кезінде 40 жыл бойы 33-разъезде жол бойын аралап, 8 сағат бойы пойыздардың тыныш, қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіпті. Оларды теміржолшылардың өздері «обьходчик» деп атайды. Содан бері Шотаевтар әулетінің жастары мектеп тәмамдап жатып, «Кім боламын?» деп бас қатырып отырмайды. «Теміржолшы боламын» деп мамандықтардың бірін иемдену үшін қажетті білім алуға кіріседі.
Бізге темір жол саласында кезінде жұмыс істеген, олардың бастаған істерін жалғастырып, қазір де еңбек етіп жүрген 25 Шотаевтардың есімдерін біртіндеп атап шықты. Бірақ Шотаевтардың үлкендерінің бірі, тепловоз машинисі Төлбасы Құрманғалиұлы Шотаев кезекті еңбек демалысында екен. Шотаевтар туралы мәліметтер жеткілікті болғанымен, ат арылтып барған күні бірде-біреуімен кездесіп, суретке түсіріп алудың сәті түспеді.
Еңбек демалысында болса да елгезектік танытқан, Түркістан қаласының аумағынан табыла қалған Исақовтар әулетінің өкілдері болды.
Әулетімен машинист болу дәстүрін Әбубәкір Исақов бастап беріпті. Әбекеңнің анасы да соғыс жылдарында депода кір жуушы болыпты.
Депода қазір Исақовтар әулетінің 10 өкілінің есімдері құрметпен аталады. Солардың 8-і машинистер. Ал еңбек жолдарын жақында бастағандары машинистің көмекшілері.
Машинист Исақовтардың үлкені Абдрасул 1962 жылы туған (суретте). Оның да жасы 51-ден асып қалыпты.
– Осы депоға келіп жұмысқа орналасқанымда жас жігіт едім. Әрине, алғашқыда машинистің көмекшісі болдым. Жұмыстың қыры мен сырына әбден қанығып алған соң емтихан тапсырасың. Сынақтан сәтті өтсең ғана машинистің орнына отырғызады. Қазір мен 2-сыныпты машиниспін. Жолаушылар пойыздарының локомотивін жүргіземін, – деді Абдрасул.
Жалпы, машинистер сөзге құмар емес. Әңгімеден қашқақтай беретіндері сондықтан. Алып денелі, бірақ айтқаныңды қағып алатын, еңгезердей жігіт ағасы Абдрасулды елгезек деп ойлайтындар көп болмаса керек. Нені болса да ойланып істейтін кісінің ішінде талай әңгіме жатқан шығар. Бірақ оларды сыртқа шығару қиын. Оған Абдрасулдан 2 жас үлкен әпкесі Шаходат көмектесті. Бізге әулет туралы біраз мәліметтерді Шаходат берді.
– Әкеміз Әбубәкірдің ұлы Аьззам да 2-сыпты машинист. 24 жылдан бері осы депода еңбек етіп келеді. Жасы 47-де. Ал Батыр, Шәмші, Шерзат, Ұлықбек Исақовтар локомотив машинисінің көмекшілері, – деді ол.
Жалпы, Түркістандағы теміржолшылар әулетінен шыққан локомотив машинистерінің өнегелері өзгелерге үлгі болатындай екен.
Отарбаны ұршықша үйірген
Болат АБАҒАН
Алматы облысы
Елбасы еліміздің дамуы туралы айтқандарында «2020 жылы мемлекетіміздің шығыс шекарасындағы Достық темір жол станциясы арқылы тасымалданатын жүк көлемі 20 миллион тоннаға жетеді» деген болатын. Бүгінде бекет – Қазақстан мен Қытайды темір жол арқылы жалғастыратын негізін теміржолшылар құрайтын үш мыңнан астам халқы бар іргелі елді мекен. Шекаралық елді мекеннің инфрақұрылымы да барынша дамуда.
Достық – Бескөл – Ақтоғай аралығында қатынайтын жүк пойыздарына «Ақтоғай локомотив пайдалану» депосының тепловоздары қызмет көрсетеді. Осыдан біраз бұрын Достық станциясында «Локомотив» АҚ филиалы – «Ақтоғай локомотив пайдалану депосы» еңбеккерлеріне жаңа пәтерлердің кілттері табыс етілді. Бұрындары Достық станциясының еңбеккерлері вахталық әдіспен қатынап жұмыс жасап келген еді. Ендігі жерде машинистер отбасыларын көшіріп алып, жайлы қонысқа орналасты. Бүгінгі күні мұнда озық үлгідегі, қуаттылығы мен жарақтандырылуы аса жоғары деңгейдегі тепловоздар бар. Осындай заман талабына сай жетілдіріліп отыратын отарбаларды ұршықша үйіріп, жүйткітіп жүрген машинистер арасында да бала кезінен жауапты мамандықты игеруді армандап, бүгінде тірліктерін алып локомотивсіз елестете алмайтын кәсіби шеберліктері мен біліктіліктері бірін-бірі толықтырып тұрған жандар баршылық. Солардың бірі Байкен Жанашевты әңгімеге тартқанымызда, нәпақасын шойын жолдың қожайыны болып саналатын отарбаны басқару арқылы тапқан, төрт баланың әкесі, берекелі әулеттің отағасы төмендегіше тебіренді:
– Мектепте жүргенде-ақ пойызды жетегіне алып, зулап келе жатқан паровозды басқаруды армандайтынмын. Сол мақсаттың жетегімен орталау мектепті бітірісімен, Семейдегі теміржолшылар училищесіне түсіп, 1991 жылы оны машинист мамандығы бойынша ойдағыдай тәмамдадым. Сол жылы жұмысқа кіріп, машинистің көмекшісі міндетін атқаруға кірістім. Әскерге барып келгеннен кейін де сол жауапты мамандығым бойынша жұмысымды жалғастырдым. Араға алты жыл салып барып машинист атандым. Қазіргі кезде ІІІ сыныпты машиниспін. Достық – Бескөл – Ақтоғай аралығында жүк пойыздарына қызмет көрсетеміз.
Жұмысымыздың күрделілігі мен жауапкершілігін жеткізіп айту қиын. Дегенмен жүре келе барлығын меңгердік. Барлығыңыз білетіндей, темір жолға бірінші кезекте темірдей тәртіп қажет. Мәселен, тепловозды басқарып келе жатқанда, алдыңнан кедергі шықса, алып машинаны тоқтату оңайға соқпайды. Тіпті мүмін емес. Мыңдаған тонна сүйреп келе жатқан отарба автокөлік немесе трактор емес. Сондықтан сақтықты әрдайым есте ұстауға тиістісің. Айына 160-170 сағат алып машинаны басқару оңайға соқпайды. Осы орайда, басшылық тарапынан біздердің дер кезінде демалуымызға, тамақтануымызға қажетті жағдайлардың барлығы жасалғанын айта кеткенді жөн көріп отырмын. Еңбекақымыз да жаман емес. Әлеуметтік қолдаудан да кенде емеспіз. Осы мамандықтың арқасында төрт бала өсіріп отырмын. Зайыбым мектепте мұғалім. Артымнан ерген інім Шайкен де машинистікті таңдаған, 1996 жылдан бері бірге еңбек етіп келеміз. Жалпы, мен өз кәсібімді мақтан тұтамын және еңбек ете білген жанның тасы өрге домалайтындығына көзім әбден жетті, – деген Байкен Ербатырұлы өзіне машинистікті меңгеруді үйреткен алғашқы тәлімгері, бүгінде Аягөзде нұсқаушы болып қызмет істейтін Құрал Әбдірахманов ағасының есімін зор ілтипатпен атап өтті.
Шойын жолдың қожайыны болып саналатын отарбаны басқарып келе жатқанына 22 жыл болған жігіт ағасының өзі де біраз мықты шәкірттер тәрбиеледі. Олар да бүгінде осы салада тер төгіп, алдыңғы қатардан көрініп жүр.
Елге белгілі әулет
Ерман Әбдиев
Жамбыл облысы
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – Жамбыл жол бөлімшесі Жамбыл локомотив пайдалану депосы ұжымының арасында Тұстықбаевтар әулеті аса үлкен құрметпен аталады. Өйткені аталары Жаңабай да нәсібін темір жолдан теріпті. Ал бүгінгі күні Жамбыл локомотив депосында еңбек етіп, жүрген тепловоз машинистері Мейірбек пен Нұрланның әкелері Жәнібек те осы депода табан аудармастан 40 жыл еңбек етіп зейнетке шыққан екен. Ол кісі 1949 жылдан бері Жамбыл өңірінде темір жол саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жан. Ал Жәнібек атамыздың өмірлік жары да осы депода еңбек еткен. Сөйтіп, 40 жылғы жуық саналы өмірін болат жолдың бойына арнаған алтын құрсақты ана Аманкүл Райысқызы «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін «Ардақты ана» төсбелгісімен қатар кеудесіне таққан.
Ал Жамбыл локомотив пайдалану депосында қазіргі күні Тұстықбаевтар әулетінің бірнеше ұрпағы тер төгіп жүр. Олар Мейірбек және Нұрлан Тұстықбаевтар, сонымен қатар Мейірбектің ұлы – Әлібек. Барлығы машинистер. Сондай-ақ Ерлан, Ержан Мейірбекұлдары да осы депода еңбек етуде.
– Бала кезімізде әкем Жәнібек ұлдарының үлкенін жолға алып шығатын. Сонда тепловоз дауысының әсері шынымды айтсам, маған қатты әсер етті. Сөйтіп, бала кезімнен ата жолын ұстанатындығымды анықтап алдым. Оның қозғалысы, жүрісі, тіпті майдың иісі өзінің тартымдылығымен баурады. Мүмкін, бұл ата жолымен келе жатқан дәстүрді ұстанудың, теміржолшы кәсібінің менің маңдайыма жазылғаны болар. Білесіз бе, 1985 жылы біздің әулеттің темір жол саласында еңбек еткен жылдарын есептегенде 150 жылды құраған еді. Одан бері отыз жылдай уақыт өтті, – дейді Нұрлан Тұстықбаев. Нұрлан Жәнібекұлының өмірлік жары Баян Өтебаева да Жамбыл жол бөлімшесінде пойыз диспетчері болып еңбек етеді екен. Үлкен қызы Жарқын Астана вокзалында вокзал кезекшісі екен. Үш ұл-қызынан үш немере сүйіп отырған Нұрлан Жәнібекұлы «келешекте немерелерім де ата жолын ұстанса, қуанар едім» дейді. Майталман теміржолшы, тепловоз машинисі Нұрлан Тұстықбаев өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында Жамбыл локомотив пайдалану депосына тепловоз машинисінің көмекшісі болып жұмысқа қабылданғаннан бері табан аудармай осы кәсіпорында еңбек етіп келеді. Өзінің еңбек жолында алты тепловоз машинисті тәрбиелеп шығарған Нұрекең «Локомотив» АҚ басшылығы тарапынан марапаттарға да ие болған. Атап айтқанда, өз кәсібінің шыңына шыққан азамат уақытында өз кәсібінің үздігі ретінде анықталып, «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгісін иеленсе, «Локомотив» АҚ президентінің Құрмет грамотасымен де марапатталыпты. Бүгінгі күні де бірнеше жасқа үлгі көрсетіп, тәрбиелеп отырған жайы бар. Ал бос уақытында балық аулауды жақсы көретін теміржолшы әрқашан жұмысына, әріптестерінің ортасына асығатын көрінеді. «Өйткені әр кәсіптің өз қызығы болады» дейді бүгінде ел ағасы болып отырған екінші санатты тепловоз машинисі Нұрлан Тұстықбаев.
"Айқын"
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның барлық филиалдарында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар өткізілді. Асфальтқа салынған ең үздік су...
«Астана» теміржол торабының кәсіподақ ұйымы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ қызметкерлеріне саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне арна...
«ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ Халықаралық Балаларды қорғау күніне қызметкерлердің балаларының арасында елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған «Астан...