Мекен жайы Астана қ., Қонаев көш., 10 үй, 7 қабат
Call-center 8 (7172) 60-30-30
8 (7172) 60-32-52
5970 / 31.05.2013 09:30

МАШИНИСТ – МАМАНДЫҚТЫҢ ТӨРЕСІ

Темір жол – экономиканың күретамыры. Ел игілігі үшін күн-түн демей үлкен істер атқарып жүрген машинистердің өнегелі істері кімге болса да үлгі болғандай.
Ел іші мен көршілес жатқан мемлекет арқылы әлемнің барлық елдерінен келетін және тасымалданатын түрлі жүктерді діттеген жерлеріне уақытында әрі дұрыс жеткізуде темір­жолшылардың атқарып отырған қызметі аса ауқымды әрі маңызды десек, сол мыңдаған тонна жүк тиелген пойыз құрамаларын сүйрейтін отар­баларды басқаратын машинистердің міндетінің мәні мен мәртебесін айтып жеткізу қиын.


07f7f4ca6815b2fe1195fcd12db34088.jpg


Еңбек өтілі – екі ғасыр


Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы
Түркістанда теміржолшылар арасында игі дәстүр бар. Ол – бүкіл ұрпақтың бір ма­ман­дық бойынша жұмыс істеуі. Мысалы, әулетімен машинист болу... Ол жөнінде аға депо кезекшісі Жұмағали Қантәжиев бізге кеңінен мәлімет берді.
– 1800 жылдардан бастап жұмыс істеп келе жатқан отбасылар бар. Мысалы, Келбетовтер, Халметовтер, Шотаевтар, Исақовтар әулеттерінің абырой-беделдері жоғары. Олардың термір жолда жұмыс істей бастағандарына бір ғасырдан асып кетіпті. Бабалары депода жұмыс істеген болса, қазір солардың немерелері мен шө­берелері ата кәсібін жалғастыруда, – деді.
– 1887 жылы туылған Сейілхан Шотаев кезінде 40 жыл бойы 33-разъезде жол бойын аралап, 8 сағат бойы пойыздардың тыныш, қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіпті. Оларды теміржолшылардың өздері «обьходчик» деп атайды. Содан бері Шо­таевтар әулетінің жастары мектеп тәмамдап жатып, «Кім боламын?» деп бас қатырып отырмайды. «Теміржолшы боламын» деп мамандықтардың бірін иемдену үшін қажетті білім алуға кіріседі.
Бізге темір жол саласында кезінде жұ­мыс істеген, олардың бастаған істерін жал­ғас­тырып, қазір де еңбек етіп жүрген 25 Шотаевтардың есімдерін біртіндеп атап шықты. Бірақ Шотаевтардың үлкендерінің бірі, тепловоз машинисі Төлбасы Құр­ман­ғалиұлы Шотаев кезекті еңбек демалысында екен. Шотаевтар туралы мәліметтер жеткілікті болғанымен, ат арылтып барған күні бірде-біреуімен кездесіп, суретке түсіріп алудың сәті түспеді.
Еңбек демалысында болса да елгезек­тік танытқан, Түркістан қаласының аума­ғынан табыла қалған Исақовтар әулетінің өкілдері болды.
Әулетімен машинист болу дәстүрін Әбубәкір Исақов бастап беріпті. Әбекеңнің анасы да соғыс жылдарында депода кір жуушы болыпты.
Депода қазір Исақовтар әулетінің 10 өкілінің есімдері құрметпен аталады. Со­лар­дың 8-і машинистер. Ал еңбек жолдарын жақында бастағандары машинистің көмекшілері.
Машинист Исақовтардың үлкені Абд­расул 1962 жылы туған (суретте). Оның да жасы 51-ден асып қалыпты.
– Осы депоға келіп жұмысқа орналас­қанымда жас жігіт едім. Әрине, алғашқыда машинистің көмекшісі болдым. Жұмыстың қыры мен сырына әбден қанығып алған соң емтихан тапсырасың. Сынақтан сәтті өтсең ғана машинистің орнына отырғызады. Қазір мен 2-сыныпты машиниспін. Жолау­шылар пойыздарының локомотивін жүр­гізе­мін, – деді Абдрасул.
Жалпы, машинистер сөзге құмар емес. Әңгімеден қашқақтай беретіндері сондық­тан. Алып денелі, бірақ айтқаныңды қағып алатын, еңгезердей жігіт ағасы Абдрасулды елгезек деп ойлайтындар көп болмаса керек. Нені болса да ойланып істейтін кісі­нің ішінде талай әңгіме жатқан шығар. Бі­рақ оларды сыртқа шығару қиын. Оған Абдрасулдан 2 жас үлкен әпкесі Шаходат көмектесті. Бізге әулет туралы біраз мәлі­мет­терді Шаходат берді.
– Әкеміз Әбубәкірдің ұлы Аьззам да 2-сыпты машинист. 24 жылдан бері осы депо­да еңбек етіп келеді. Жасы 47-де. Ал Батыр, Шәмші, Шерзат, Ұлықбек Исақов­тар локомотив машинисінің көмекшілері, – деді ол.
Жалпы, Түркістандағы теміржолшылар әулетінен шыққан локомотив машинис­тері­нің өнегелері өзгелерге үлгі болатындай екен.


9ce9e293fb17c9d15c589bcc6914c2ed.jpg



Отарбаны ұршықша үйірген

Болат АБАҒАН
Алматы облысы
Елбасы еліміздің дамуы туралы айтқан­да­рында «2020 жылы мемлекетіміздің шы­ғыс шекарасындағы Достық темір жол станциясы арқылы тасымалданатын жүк көлемі 20 миллион тоннаға жетеді» деген болатын. Бүгінде бекет – Қазақстан мен Қытай­ды темір жол арқылы жалғастыратын негізін теміржолшылар құрайтын үш мың­нан астам халқы бар іргелі елді мекен. Ше­ка­ралық елді мекеннің инфрақұрылымы да барынша дамуда.
Достық – Бескөл – Ақтоғай аралығында қатынайтын жүк пойыздарына «Ақтоғай локомотив пайдалану» депосының тепло­воз­дары қызмет көрсетеді. Осыдан біраз бұрын Достық станциясында «Локомотив» АҚ филиалы – «Ақтоғай локомотив пайда­лану депосы» еңбеккерлеріне жаңа пәтер­лердің кілттері табыс етілді. Бұрындары Дос­­тық станциясының еңбеккерлері вахта­лық әдіспен қатынап жұмыс жасап келген еді. Ендігі жерде машинистер отбасыларын көшіріп алып, жайлы қонысқа орналасты. Бүгінгі күні мұнда озық үлгідегі, қуаттылығы мен жарақтандырылуы аса жоғары деңгей­дегі тепловоздар бар. Осындай заман тала­бына сай жетілдіріліп отыратын отарбалар­ды ұршықша үйіріп, жүйткітіп жүрген ма­шинистер арасында да бала кезінен жауапты мамандықты игеруді армандап, бүгінде тірліктерін алып локомотивсіз елестете алмайтын кәсіби шеберліктері мен біліктіліктері бірін-бірі толықтырып тұрған жандар баршылық. Солардың бірі Байкен Жанашевты әңгімеге тартқанымызда, нә­па­­қа­сын шойын жолдың қожайыны болып саналатын отарбаны басқару арқылы тап­қан, төрт баланың әкесі, берекелі әулеттің отағасы төмендегіше тебіренді:
– Мектепте жүргенде-ақ пойызды жете­гі­не алып, зулап келе жатқан паровозды басқаруды армандайтынмын. Сол мақсат­тың жетегімен орталау мектепті бітірісімен, Семейдегі теміржолшылар училищесіне түсіп, 1991 жылы оны машинист мамандығы бойынша ойдағыдай тәмамдадым. Сол жылы жұмысқа кіріп, машинистің көмек­шісі міндетін атқаруға кірістім. Әскерге барып келгеннен кейін де сол жауапты ма­ман­дығым бойынша жұмысымды жалғас­тыр­дым. Араға алты жыл салып барып ма­ши­нист атандым. Қазіргі кезде ІІІ сы­нып­ты машиниспін. Достық – Бескөл – Ақ­тоғай аралығында жүк пойыздарына қызмет көрсетеміз.
Жұмысымыздың күрделілігі мен жауап­кершілігін жеткізіп айту қиын. Дегенмен жүре келе барлығын меңгердік. Барлығыңыз білетіндей, темір жолға бірінші кезекте темірдей тәртіп қажет. Мәселен, тепловозды басқарып келе жатқанда, алдыңнан кедергі шықса, алып машинаны тоқтату оңайға соқпайды. Тіпті мүмін емес. Мыңдаған тон­на сүйреп келе жатқан отарба автокөлік немесе трактор емес. Сондықтан сақтықты әрдайым есте ұстауға тиістісің. Айына 160-170 сағат алып машинаны басқару оңайға соқпайды. Осы орайда, басшылық тарапы­нан біздердің дер кезінде демалуымызға, тамақтануымызға қажетті жағдайлардың барлығы жасалғанын айта кеткенді жөн көріп отырмын. Еңбекақымыз да жаман емес. Әлеуметтік қолдаудан да кенде емеспіз. Осы мамандықтың арқасында төрт бала өсіріп отырмын. Зайыбым мектепте мұғалім. Артымнан ерген інім Шайкен де машинистікті таңдаған, 1996 жылдан бері бірге еңбек етіп келеміз. Жалпы, мен өз кәсібімді мақтан тұтамын және еңбек ете білген жанның тасы өрге домалайтындығына көзім әбден жетті, – деген Байкен Ербатыр­ұлы өзіне машинистікті меңгеруді үйреткен алғаш­қы тәлімгері, бүгінде Аягөзде нұсқау­шы болып қызмет істейтін Құрал Әбдірах­манов ағасының есімін зор ілтипатпен атап өтті.
Шойын жолдың қожайыны болып сана­латын отарбаны басқарып келе жат­қанына 22 жыл болған жігіт ағасының өзі де біраз мықты шәкірттер тәрбиеледі. Олар да бүгінде осы салада тер төгіп, алдыңғы қатардан көрініп жүр.


81a56b06705547ae97ee1fa4a038544a.jpg



Елге белгілі әулет

Ерман Әбдиев
Жамбыл облысы
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ фи­лиа­лы – Жамбыл жол бөлімшесі Жам­был локомотив пайдалану депосы ұжымы­ның арасында Тұстықбаевтар әулеті аса үлкен құрметпен аталады. Өйткені аталары Жаңабай да нәсібін темір жолдан теріпті. Ал бүгінгі күні Жамбыл локомотив депо­сын­да еңбек етіп, жүрген тепловоз маши­нистері Мейірбек пен Нұрланның әкелері Жәнібек те осы депода табан аудармастан 40 жыл еңбек етіп зейнетке шыққан екен. Ол кісі 1949 жылдан бері Жамбыл өңірінде темір жол саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жан. Ал Жәнібек атамыздың өмір­лік жары да осы депода еңбек еткен. Сөйтіп, 40 жылғы жуық саналы өмірін бо­лат жолдың бойына арнаған алтын құрсақ­ты ана Аманкүл Райысқызы «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін «Ардақты ана» төсбелгісімен қатар кеудесіне таққан.


9af5809ab1bac6270f12335e6d9d1268.JPG


Ал Жамбыл локомотив пайдалану депосында қазіргі күні Тұстықбаевтар әулетінің бірнеше ұрпағы тер төгіп жүр. Олар Мейірбек және Нұрлан Тұстықбаевтар, сонымен қатар Мейірбектің ұлы – Әлібек. Барлығы машинистер. Сондай-ақ Ерлан, Ержан Мейірбекұлдары да осы депода еңбек етуде.
– Бала кезімізде әкем Жәнібек ұлда­рының үлкенін жолға алып шығатын. Сонда тепловоз дауысының әсері шынымды айтсам, маған қатты әсер етті. Сөйтіп, бала кезімнен ата жолын ұстанатындығымды анықтап алдым. Оның қозғалысы, жүрісі, тіпті майдың иісі өзінің тартымдылығымен баурады. Мүмкін, бұл ата жолымен келе жатқан дәстүрді ұстанудың, теміржолшы кәсібінің менің маңдайыма жазылғаны болар. Білесіз бе, 1985 жылы біздің әулеттің темір жол саласында еңбек еткен жылдарын есептегенде 150 жылды құраған еді. Одан бері отыз жылдай уақыт өтті, – дейді Нұрлан Тұстықбаев. Нұрлан Жәнібекұлы­ның өмірлік жары Баян Өтебаева да Жам­был жол бөлімшесінде пойыз диспетчері бо­лып еңбек етеді екен. Үлкен қызы Жар­қын Астана вокзалында вокзал кезекшісі екен. Үш ұл-қызынан үш немере сүйіп отырған Нұрлан Жәнібекұлы «келешекте немерелерім де ата жолын ұстанса, қуанар едім» дейді. Майталман теміржолшы, тепловоз машинисі Нұрлан Тұстықбаев өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында Жамбыл локомотив пайдалану депосына тепловоз машинисінің көмекшісі болып жұмысқа қабылданғаннан бері табан аудармай осы кәсіпорында еңбек етіп келеді. Өзінің еңбек жолында алты тепловоз машинисті тәрбиелеп шығарған Нұрекең «Локомотив» АҚ басшылығы тарапынан марапаттарға да ие болған. Атап айтқанда, өз кәсібінің шыңына шыққан азамат уа­қытында өз кәсібінің үздігі ретінде анық­талып, «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгісін иеленсе, «Локомотив» АҚ президентінің Құрмет грамотасымен де марапатталыпты. Бүгінгі күні де бірнеше жасқа үлгі көрсе­тіп, тәрбиелеп отырған жайы бар. Ал бос уа­қытында балық аулауды жақсы көретін теміржолшы әрқашан жұмысына, әріптес­терінің ортасына асығатын көрінеді. «Өйт­кені әр кәсіптің өз қызығы болады» дейді бүгінде ел ағасы болып отырған екінші са­натты тепловоз машинисі Нұрлан Тұстық­баев.

"Айқын"



Поделиться:
Популярные новости
1743 / 01.06.2018

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның барлық филиалдарында Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтті

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның барлық филиалдарында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар өткізілді. Асфальтқа салынған ең үздік су...

1488 / 31.05.2018

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ қызметкерлеріyt «АЛЖИР» лагерінің тұтқындарының өмірі туралы әңгімелеп берді

«Астана» теміржол торабының кәсіподақ ұйымы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ қызметкерлеріне саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне арна...

1352 / 30.05.2018

«ҚТЖ – Жүк тасымалыАҚ қазылар алқасы балалар байқауының қорытындысын шығарды және жеңімпаздарды анықтады

«ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ Халықаралық Балаларды қорғау күніне қызметкерлердің балаларының арасында елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған «Астан...

Соңғы жаңалықтар

Горячая линия

Вы можете сообщить о любых нарушениях Кодекса поведения в том числе о фактах коррупции, мошенничества, неэтичного поведения, дискриминации

Толығырақ


Серіктестер