«Еңбектенеміз, жеңеміз, шабыттандырамыз!»
Бүгін "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС жедел штабының отырысы салтанатты сәтпен - құрмет...
Береке – басшыдан. Қуанышбай Нұржанов Бурабай курорты локомотив пайдалану депосын қабылдап алғаннан кейін машинистердің «Басшылар жиі ауысып, береке болмай кетті, осы Нұржанов тұрақтаса екен» деген пікірлерін естіген едік. Көп тілегі шындығында қабыл болды, бүгінде жетпіс мыңнан астам тұрғыны бар Щучинск қаласында ынтымақ ұялаған, мәртебесі асқақтаған санаулы ұйымның бірі – депо. «Жақсы адам – ел ырысы» деген осы болар!
Қуанышбай Нұржанов 1954 жылы теміржолшылар кенті Қазалыда дүниеге келді. Сәби Қызылорда жол бөлімшесінің жұмысшыларды қамтамасыз ету бөлімінің наубайшысы (нан пісіруші) Дияр (дұрысы Ідияр, мағынасы – әкімшілік) мен Батыр ана Зұлқияның төртінші қызықтары еді. Береке ұялаған шаңырақтан барлығы он бала өрбіді! Өмірге тірі жан әкелген соң оларға нәр беру міндет, әрі мұнша жанды жеткізу үшін еңбекқор болу қажет. Әкелері наубайханада екі адамның жұмысын атқарса, шешелері қорадағы екі сиырдан айырған ет, сүт-қаймақты бәріне жеткізе білді. Тетелес балалар әжелері Ақсүйрек бауырында жетілді.
Кекілі желбіреген Қуанышбай 1961 жылы станциядағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп табалдырығын аттады. Ол жылдары Қазалыдағы ең үлкен ғимарат – локомотив депосы, ең үлкен машиналар – тепловоздар, ең абыройлы да дәулетті жандар – машинистер. Осы көрініс бала санасы жатталып қалды. Класс болып экскурсияға барған сайын, алып техниканы басқаратын машинистердің жүріс-тұрыстары на дейін ерекше көрінетін.
Баланың болат жолмен байланысы алтыншы кластан басталды. Ән-күйден сабақ беретін Георгий Иосифович Прасс локомотив депосының үрлемелі аспаптар оркестрін де басқаратын. Мереке күндері мен салтанатты сәттерде ол алғыр оқушысын сондағы шараларға үзбей қатыстыратын. Кейін сапарларға талай шыққан машинистермен таныстық сол кезден басталды. Араласқан сайын ол ортаға тартылысы күшейе берді, себебі Қазалыдағы ең мықты баскетбол командасы мен жалғыз оркестр тағы сол депода! Бар атақ-абырой соларда! Сол қатардан көріну бала Қуанышбайдың арманына айналды.
Мектеп бітірген 1971 жылы Қуаныш бірден депоға тартты. Жасы 18-ге толмаған бозбала оркестрде ойнаған еңбегі үшін ғана көтерме цехына слесарьдің шәкірті етіп алынды.
Жұмыста ысылып, көпшілікпен араласып қалаған жігіт келесі жылы әскер қатарына аттанды. Депода жинақтаған тәжірибе Украинадағы Хмельницки облысы Богдановичи станциясында көп көмегін тигізді. Отан қорғауды зымырандар таситын темір жол ротасында поезд құрастырушылықтан бастады. Алдағы өміріне көп әсер еткен сондағы бір оқиғаны Қуанышбай Диярұлы былай деп еске алды.
– Станциядағы он шақты тұйық жолға зымырандар, химиялық заттар, мазут, түрлі жабдықтар жеткізілетін. Жолшылар әдеттегідей рельс астындағы шпалдарды ауыстырып жатқан. Ойламаған жерден маневрлік тепловоздан цистерна ағытылып кетіп, тура соларға жылжи жөнелді. Жалма-жан ұмтылып, башмакты доңғалақ астына қойып үлгердім. Сол шапшаңдығым мені ефрейтордан бірден сержантқа жеткізді. Лауазыммен бірге қызметім де жоғарылай берді, одан кейін станция кезекшісі, артынан станция бастығы міндеттерін атқардым. Осы оқиғадан соң, ұмтылған адам өмірден өз орнын табады екен-ау деген ой түйдім.
Әскер қатарынан оралған соң, 1974 жылы деподағы жұмысын қайта жалғастырды. Жас жігіттің бағына қарай сол жылы кәсіпорында машинист көмекшілерін дайындайтын курс ашылды. Арада өткен үш айлық сабақтар және емтиханнан кейін алғашқы машинисі, ұстазы, соңынан араларынан қыл өтпес дос болып кеткен, бүгінде Ақтөбе учаскесіндегі қауіпсіздік департаментінің бас ревизоры Қанат Әлмахановпен Аралқұм станциясына алғашқы сапарға шықты. Содан екі ай бойы екі мың ат күші бар, суды көп қажет ететін ТЭ3 тепловозы секцияларын тоқтаған разъезд, станцияларда үнемі сумен толтыру; шаңы мен майын сүрту; босап кеткен тұстарын қатайту; артқы секцияның тұтанып кетпеуін қадағалау; апта сайын жөндеушілерге көмек беру - бұлжымас міндетіне айналды.
Тиянақты екенін бұрыннан білетін басшылар көмекші ретінде аздап тәжірибе жинасымен екі айдан соң жұмысы неғұрлым жауапты жолаушы тасымалына ауыстырды. Өндіріс талабына қарай бірде жүк, бірде жолаушы тасымалына ауыса жүріп, осы міндетін атқара берді.
Ол – жаңалық десе жалындап, өзгеріс десе елеңдеп тұратын шағы. Осы себеп 1981 жылы оны Ақтөбедегі локомотив депосына бастап әкелді. Көмекші қызметін жаңа орында тың жігермен жалғастырды.
Тәжірибесі толғанын сезген 1983 жылы Қ.Нұржанов біліктілігін машинистке ауыстырды. Сол тұста Ақтөбе – Жіңішке телімінде поезд алып келе жатқан оған өткел кезекшісі «поезд соңындағы 5-6 вагонның тежегіші ұстап келеді» деп хабарлады. Жіңішкеде станция кезекшісі тоқтатып, вагоншылар жарты сағат іздегенмен еш нәрсе таба алмады. Тағы үш шақырым жүрген соң маневрлік тепловоз машинисі арттағы 6-шы вагон тежегіші ұстап келе жатқанын қайта ескертті. Байқап кел деп көмекшісін жібергенімен, тәжірибесіз ол құр қол оралды. Мәселе өзі араласқан соң ғана шешілді, вагон шкворені сынып, тележка артқа жылжып кетіпті. Жағдайдан диспетчер хабардар болған соң машинист соңғы алты вагонды ағытып, Жіңішкеге кері қайтарды.
Еңбекқор Қ.Нұржановтың және бір ерекшелігі, қайсарлығы. Бірде Савицкий деген машинист Қандыағаштан Ақтөбеге жіберілетін жүк поезын қабылдаудан бас тартты. Сөйтсе, құрам екі ортадағы қалыптасқан салмақ – 4,5 мың тоннадан қолақпандай бір мыңға артық! Бірақ, поезды тұтас жеткізу керек. Басқа амалы қалмаған диспетчер демалыс үйінде тынығып жатқан Қуанышбай Диярұлын тауып алды. Себебі, бұзылып жүрген машиналармен Мұғалжардың жоталарынан тапқырлығы мен тәжірибесі арқасында амалдап талай жеткенін жақсы білетін. Өзіне сенімді және тепловозының мүмкіндігін жақсы білетін ол артық ауыз сөз айтпастан келісімін беріп, сол поезды тіркеп жүре берді...
Батыс Қазақстан темір жолындағы жаппай жаңғыртудан кейін депо жаңа құрамдармен толықты. Қолданысқа енгізіліп жатқан техника қызметкерлерден білімнің жаңа биіктері мен терең тәжірибені қажет етті. Соған көзі жеткен Қ.Нұржанов 1986 жылы Алматы темір жол көлігі инженерлері институтына сырттай оқуға түсіп, тағы бір ұмтылыс жасады.
Алдына мақсат қойған тепловоз машинисінің екінші сыныбын қорғаған ол 1992 жылы жоғары білімді инженер атанды. Мол тәжірибе жинақтаған азамат енді маневр колоннасына нұсқаушылыққа ауысып, жылдар бойы тірнектеп жиған білігін әріптестеріне таратты. Сол шарапатты көрген көмекшілердің біразы қазір машинист сатысына және депо жетекшілігіне көтерілді.
Қырағылықты жол үстіндегі серігіне айналдырған ол телімдегі жол үстіне балалардың жапсырма қойып кеткендерін байқап қалды. Іле-шала Алға станциясының кезекшісіне «поезд жіберме, рельс үстінде жапсырма жатыр» деп хабарлады. Соған қарамастан 10-15 минуттан кейін солай қарай құрам өте шықты. Қауіпті бұрын көрген Қ.Нұржанов жетінші поезд машинисі Мартыновқа телефонмен «алдыңда жапсырма жатыр, абайла» деп ескертті. Абырой болғанда ақырын келе жатқан құрам үстінен өтіп, майыстырып жіберген. Артынан соны қойған балалар милицияға «поездың қалай құлайтынын көргіміз келді» деп түсіндіріпті. Жетпісінші жылдары №6-шы Ташкент – Москва поезы тура осындай себептен құлапты.
Арада екі жыл өткенде Қуанышбай Диярұлы депо бастығының пайдалану жөніндегі орынбасары міндетіне жоғарылатылды. Нарық тұсында тәртіп пен жауапкершілікті күшейту мақсатында басшылық кәсіпорындағы 50 тепловозды 700 адамнан құралған бригадаларға бекітіп берді. Жетекші ретінде қалыптасуына осы кезеңде Ақтөбе жол бөлімшесін басқарған Б.Исинаманов көп әсер етті.
Сөзі салмақты, машинистер ортасында беделді азамат 1998 жылы Батыс Қазақстан темір жолындағы локомотив қызметі техникалық бөлімінің жетекші инженерлігіне тағайындалды.
Қызметте қашанда шеберлік, іскерлігімен танылған маман артынша «Қазақстан темір жолы» РМК құрылғанда Алматыға шақырылып, Локомотив шаруашылығы департаментіндегі пайдалану бөлімінің жетекші инженері міндетіне жоғарылатылды. Аталмыш қызметтерде қозғалыс қауіпсіздігін сақтау, тасымалды кідіртпеу, поезд аралық жөндеудің сапалы болуын үнемі назарда ұстады.
Өткірлігі бұрыннан бар Қуанышбай Диярұлының бұл кезде басқарудағы тәжірибесі де толысқан еді. Екі қырының жетілген мезгілі құлдыраған құр аттай қырықтың қырқасымен тұспа-тұс келді. Атап айтқанда, «ҚТЖ» РМК қайта құрылымдауға сәйкес, 2000 жылы депо жөндеу және пайдалану кәсіпорындарына бөлінгенде қазан айында Қ.Нұржанов Бурабай курорты локомотив депосының директорлығына бекітілді.
Жаңа басшы ұйымға көптеген өзгерістер ала келді. Инженер-жылу технигі, бірталайдан бері қызмет етіп келе жатқан Л.Щульга директордың алғашқы жұмыс күндері жайлы: «Темір жол көлігі қашан да қатаң тәртібімен ерекшеленеді, дегенмен, тоқсаныншы жылдардағы дағдарыс салдарынан оның да әлсірегені белгілі. Қуаныш Диярұлы келісімен сол сылбырлық қолмен сыпырғандай бір сәтте жоқ болды» дейді.
Асып-тасып сөйлегенді ұнатпайтын оның өзі:
– Жұмысты жүргізу – маған жүктелген басты тапсырма, сондықтан бұл арада бар болғаны жетекшілік міндетімді атқардым, ал азамат ретінде не тындырдың десең, оның жөні басқа. Артыңда қалатын үш белгі – тәрбиелі ұрпақ, отырғызылған ағаш, салынған үй деуші ме еді, соңғы екеуін осында іске асырудың сәті түсті. Бурабайға келуім республика тәуелсіздігінің он жылдығымен тұспа-тұс келді. Көзге бірден шалынған көрініс, маңайдың қаптаған орман екеніне қарамастан, кеңсе алдынан бір шырша таппадым. Кейбіреулер «Депоға 75 жыл, алдыңыздағы басшылар соны ескермеді дейсіз бе, бос әурешілік» деп кері тартты. Соған қарамастан он жылдықтың белгісі болсын, көктейік, өсе берейік деген оймен он шырша әкеп отырғыздым. Қазір солардың биіктігі үшінші қабатқа жетіп қалды. Ағаштан шайыр иісі аңқыған жаз айларында дойбы, шахматқа берілген, газет-журнал құшақтаған, темір жол ережелерін жаттаған жігіттерді «машинистер аллеясынан» табасың,- дейді.
Директор бейнесін кадрлар бөлімінің бастығы Тасболат Алпысбаев былайша толықтырды. «Қуаныш Диярұлы әкелген басты жаңалық, локомотив бригадаларының жұмыс тиімділігі мен қозғалыс қауіпсіздігін күшейтуге арналған техникалық формулярды ретке келтірді. Жол үстінде кездескен техникалық ақаулар, машинистер тарапынан кездескен кемшіліктер, бригадалар туралы бар мәлімет жинақталған оны машинистер мен локомотивтің төлқұжаты десе де болады. Жасауға мамандарымыз көп күш жұмсаған формуляр қазір үлкен деполарға тарап кетті. Осылайша, депо қуатын көтеруді бригадалар біліктілігін арттырудан бастады. Сонда жүк те, жолаушылар да көздеген жеріне аман жетеді».
- Бурабайлықтар Астана – Көкшетау – Новоишимская, Петропавл – Көкшетау – Кызылту телімдеріндегі бір мың шақырымнан астам қашықтықта тартым қызметін көрсетеді,- дейді директордың пайдалану жөніндегі орынбасары Қайрат Базаров. – Негізгі мақсатымыз, Қазақстан – Ресей арасындағы көмір бағдарларын қамтамасыз ету. Маневрдегілерді қоса есептегенде оған 150 бригада жұмылдырылған. Сондықтан екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасқа біздің ұйым да үлес қосып жүр деуге әбден болады. Өзіміз секілді деполардан ерекшелендіретін көрсеткішіміз осы. Ұлттық компанияда мұндай алыс телімдерге қызмет көрсететіндер бірен-саран. Бағыттың алдыңғысы электр қуатымен, соңғысы жылу күшімен атқарылады. Поездардың орташа салмағы төрт мың тонна.
Парктегі машиналарымыздың саны 31. Осының 11-сі магистральдық 3ТЭ10М тепловоздары. Сондай-ақ, алыс-жақын станциялар маневрлік тепловоздармен жабдықталған. Техниканың тозуы бізге де ортақ мәселе. Ескіні қанша «жамағанмен» жаңармайтыны белгілі, комиссиялық тексерістерде орташа бағам 3,83 балды көрсетеді. Ал жекелеген сериялары бойынша «өте жақсы», «жақсыға» бағаланған локомотивтер қатары ұлғайды. Бұл артықшылыққа техниканы бригадаларға бекітіп берудің нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз,- дейді.
Достық демекші, 2003-те, Ресейдегі Қазақстан жылы аясында бурабайлық машинистердің бір тобы Мәскеудегі темір жол көлігі қызметкерлері академиясында бір айлық біліктілікті жетілдіру курсында оқып қайтқан.
Басшыға техникалық білімнің аздық ететінін сезінген Қ.Нұржанов 2004 жылы Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетті экономист мамандығы бойынша аяқтады.
Өткен жылдарға көз жүгіртсек, ел экономикасының сұранысына қарай депоның тасымалды үдетумен болғанын көреміз. 2006 жылдың алғашқы жарты жылдығында белгіленген 8794 млн. тонна/шақырым брутто орнына 9238,027 млн. тонна/шақырым брутто жеткізген. Машинистер мұнша ауқымды мейілінше аз шығынмен атқарған. Аталмыш жұмысқа 82975,4 мың квт/сағат жұмсалуға тиіс болса, нақты шығын 82618,4 мың квт/сағатты құраған. Тепловоз басқарушылар да айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Соның нәтижесінде жарты миллион теңгеден астам табыспен аяқтаған. Басқарудағы шеберліктері нәтижесінде кәсіпорын 20 тонна дизель отыны, 300 мың кВт/сағаттан астам электр қуатын үнемдеді.
– Мамандардың білімін көтеру – Қуанышбай Диярұлы үшін ең маңызды міндет, -дейді құрметті теміржолшы, қарт машинист Қазыбай Баймағанбетов. – Депода тамаша жабдықталған «электровоз сыныбы» бар. Локомотив басқарудың ұтымды әдістері жігіттер бойына алдымен техникалық сабақтар сыныбында сіңіріледі. Машинистер мен көмекшілердің кез-келген бұзылуды анықтап, түзетуін және локомотив мүмкіндігін толығымен пайдалануын оқыту ісінің инженері мен машинист-нұсқаушылар осында талап етеді. Директордың осы арада басқалармен бірге өз білімін жетілдіріп отырғанын талай көрдім. Басшының жеке үлгісі мамандардың білігін көтеруге септігін тигізуде. Бүгінде машинистердің 23-i бірінші сыныпты, 99-ы екінші сыныпты, 167-і үшінші сыныпты қорғап, ұмтылыстарының игілігін көруде. Заман ыңғайына қарай жоғары және арнаулы орта білімге ұмтылғандар қатары арта түсті. Қызметкерлердің үштен бірі алғашқы топты құраса, 300-і кейінгісіне жатады. Мұндай күшпен кез-келген асуды алуға болады емес пе,- дейді ол.
«Тәжірибе мен талап ұштасса, жемісін қалайда береді, 2007 жылдың жеті айында тасымал жоспары 102%, орташа техникалық жылдамдық 101% орындалды. Поездарды ұтымды басқару, дизель отынын үнемді пайдалануда үздіксіз жүргізілген жұмыстар қайтарымын берді. Сол мерзімде 27 тонна дизель отыны, 12 тонна дизель майы, 1353 мың кВт/сағат депо қорында қалды. Жалпы, 700 астам қызметкері бар локомотив пайдалану депосы Щучинск қаласы бюджетінің негізгі қолдаушысы, ал машинистеріміз табысы ең жоғары мамандар. 2007 жылы – 120 млн., 2008 жылы – 126 млн., теңгенің таза салығын төледік», дейді бас бухгалтер Татьяна Гречишникова.
Локомотившілер 2011 жылдың негізгі көрсеткіштерін де артығымен орындады. Тонна/шақырымдық жұмыстар 106,9% жетті. Осының ішінде электр тартымының үлесі 107%, жылу тартымынікі 101%. Атап өтерлігі, 2010 жылмен салыстырғанда тасымал ауқымы 3,7% көбейген. Жұмыс көлемі өскен соң локомотивтердің жүрген жолы жоспардағыдан 9% ұзарған.
Жанар-жағар май үнемдеу кәсіпорында жақсы жолға қойылған. Бұл ретте әр колонналардағы С.Мұқанов, Р.Төкежанов, А.Қапезов, Н.Кәрімов, А.Нұрмағамбетов, Ж.Кәкібаев, М.Әбитаев үздіктер қатарынан көрінуде. Ынталандырудың ұтымды ұйымдастырылғаны сол, үнемдеудің нағыз шеберлері П.Ивкин, Ю Холодов тәжірибелерін техникалық сабақтарда таратуда.
– Жоспардың орындалғаны жақсы, дегенмен ол қалай, қандай техникамен іске асуда, біз үшін басты мәселе осы. Депо паркіндегі тепловоздардың жартысынан астамына жөндеудің соңғы түрі жасалды. Маневрлық машинаның қолданыстан былтыр біреуі кетсе, биыл екіншісі шығуы тиіс. Бұл үрдіс алдағы жылдары үздіксіз жалғаспақ. Тартым техникасын жаңарту бағдарламасына сай, ескінің орнына 2014 жылдан бастап отандық «Эволюшн» алуға тиіспіз. Соған алдын-ала әзірленіп, нұсқаушылар, лента оқушы инженерлерді Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Тараздағы оқу орталықтарында дайындықтан өткізіп жатырмыз. Мұның сыртында 2012 жылдың мамырынан бастап Петропавл – Көкшетау – Алматы бағытында қатынайтын жолаушылардың жүрдек поезына ТЭП-70 тепловозы алынды. Осының бәрінде қиындықты ауырсынбай, жаңалықты жатсынбай, білек сыбанып, бел ортасында жүретін жігіттеріміз бар, еңбек солардікі, - деп сөзді Т.Алпысбаевқа тастады.
Кадр бөлімінің бастығы компьютеріне қарап жіберіп тұтас тізімді шұбырта жөнелді:
– Кәсіпорынның өзегі, басшылықтың тірегі, жастардың ұстазы ретінде көптен істеп келе жатқан Н.Сташков, В.Сумкин, Қ.Ерекин, Э.Роппель, Р.Каюповты бөле-жара айтуға болады. Қажырлы еңбектері 2011 жылы түрлі марапаттаулармен аталып өтілген азаматтар да баршылық.
Атын атауды қажет ететін азаматымыздың енді бірі, зейнеткер, кешегі оқытушы-нұсқаушы Д.Қайдаров ұйымда өтетін спорт және мәдени шараларға белсене араласады. Осы арқылы бір жағынан бізге көмек берсе, екіншіден, бүкіл ғұмырын көпшілік арасында өткерген адам содан қуат алады. Ширек ғасыр ішінде мыңдаған шәкірт түлетіп, небір майталман машинистер әзірлеген ақсақалымызды Шучинск қаласының тұрғындары «академик» атап, ол жүргізген курсты құрметпен «Қайдаров академиясы» дейді.
Жетекшіміз жеткілікті тәжірибе жинаған мамандардың өсуіне де жағдай жасауда. С.Шариев - «Локомотив» АҚ-ның Ақмола аймағындағы ревизорлығына, М.Сағилин – Екібастұз локомотив айналым депосына басшылыққа жоғарыласа, Қ.Қожағұлов - «Локомотив» АҚ-ға бас маман болып ауысты. Машинист, нұсқаушы сатыларынан өткен Қ.Базаров директордың орынбасары, Е.Мусин – бас инженер болып, олардың орындарын басты.
Осы арада Тасболат Әбілдаұлының әріптес жайлы пікірін «Локомотив» АҚ президенті кеңесшісі Қазезхан Жұматайұлы Жұматаев былай толықтырды:
- Пайдалану қызметіндегі мол тәжірибесі, біліктілігі және қызметтік-құқықтық мәселелерді жан-жақты меңгерген қасиеті Қуанышбай Диярұлына түрлі ведомстволар және қызмет өкілдерімен тұрақты байланыс орнатуға септігін тигізіп келеді. Локомотивтерді пайдалану, олардың техникалық жағдайы, кәсіпорынның қаржылық әрекетін үнемі бақылауында ұстап отырады. Поездық және маневрлік жұмыстарда ақауларға жол бермеуге тырысып, оған қарсы күресті бір сәтке болса да бәсеңдеткен жоқ. Депоға барғаннан бері өндірістік көрсеткіштер ғана емес, тұтастай ұйым мүшелерінің тәртіп пен тәрбиесін де уысында ұстап келеді. Еңбек талаптары мен технологиялық процесті бұзушыларға нақты шаралар қолданады. Мүлт кеткен жанды тұқыртып тастамай, адамды жеке тұлға ретінде бағалап, оған түсіністікпен қарап, жіберілген кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік береді. Кісіні қадірлей білетін осы қыры үшін депо жұмысшыларының Қ.Нұржановты қатты сыйлайтындарын жақсы білемін.
Іскерлік қабілеті мол, өнер мен спортқа жаны жақын Қуанышбай Диярұлына машинистер арасындағы салауаттылықты да күшейтуде. Соңғы жылдары мұнда волейбол, баскетбол, шағын футбол, теннис секциялары жанданып, осылардың кейбірі құрылым бойынша жүлдегер атанды. Депо қасындағы еңселі, жарқыраған спортзалды от жағатын бұрынғы қазандық деуге ауыз бармайды. Спорттың кең көлемде дамуы былай басталған еді.
Кәсіпорын бір орталықтан жылытылатын тораптық жүйеге қосылған соң қазандықтың ескі үйі бірталай уақыт бойы бос қалды. Нарық келіп, орын алып тұрған «күрке, лашықтың» бәріне мүлік салығын төлеу керек болған шақта, теміржол мекемелері одан бойларын аулақ салғанды жөн санады. Ие табылмағандықтан үй пайдалану депосына өткізілді.
Машинистердің төрт ай бойғы табан еңбек, маңдай тері нәтижесінде қазандық спорт залға айналып, зал іші саңғырлап шыға келді. Жігіттер өз қолдарымен командалардың киім ауыстыратын бөлмелері, жуынатын кабиналар мен дәретхана жасады. Қызметкерлерінің денсаулығын жақсартуға «Локомотив» АҚ қаржы бөліп, көп көмек жасады. Ашылу құрметіне арналған салтанатта қала әкімдігінің Ерекше есте қалған бір дерек, залдың ашылу салтанатында Шучинск қалалық әкімдігіндегі спорт, туризм бөлімінің бастығы М.Жүнісов «Қаламызда үнемі дүкен, сауда орталықтары, дәмхана мен мейрамханалар ашылып келген еді. Кезек енді спортзалға да жетті. Бұл соңғы жылдары қатарға қосылған осы тәріздес алғашқы шаңырақ» деген болатын.
Сол жолы «Теміржол жүйесінде спортзал ашқан әріптестер еңбегін біз де мақтан тұтамыз, шебердің қолы ортақ. Еңбектеріңіздің игілігі жалғыз депоға емес, бүкіл теміржолшылар, тіпті қала тұрғындарына шарапатын тигізбек. Бірінші байлық – денсаулықты бабында ұстау станция қызметкерлері үшін де маңызды. Сондықтан зал жұмысын жақсартып, оны күтіп-ұстауға станция бар көмегін аямайды» деген Бурабай курорты станциясының бастығы Б.Жадырасынов сөзінде тұрып реті келгенде қолұштарын созуда.
Жұмысы бір сарынды, ауысым бойы бір орында тапжылмай тұратын бригадалар үшін үшін бой жазып, спортпен шұғылдану ауадай қажет нәрсе. Дененің құрыс-тұрысын жазып тұрса, еңбек өнімділігі де жоғары болмақ деп санайды олар. Спортзал нәтижесін көп күттірген жоқ. Өзі жасақтап, жетекшілік ететін волейбол командасы Ұлттық компания мен қаладағы жарыстарда жүлделі орындарға табан тіреуде. Жыл сайын қыркүйекте депоның бұрынғы қызметкері, Социалистік Еңбек Ері Г.Ахмадеев құрметіне волейбол, баскетболдан аудандық және қалалық жарыстар өткізу дәстүрге айналған.
Қыс маусымында міндетті түрде ұйымдастырылатын, әлем чемпионы, бірнеше дүркін олимпиада жеңімпазы В.Смирнов құрметіне өткізілетін шаңғы жарыстарына да директор бастаған депо адамдары белсене қатысуда. Спорт десе ішер асын жерге қойған Қуанышбай Диярұлы 2011 жылы республикамызда өткен VII-ші қысқы Азиада ойындары алауын ұстаушылар қатарында болды.
Депоның тағы бір ерекшелігі, үрлемелі оркестрі. Мұндағылар «Алғашқы сапарға шығарып салатын да, зейнет демалысына кетерде соңғы сапардан дүрілдетіп қарсы алатын да оркестріміз» деп, қалыптасқан тамаша дәстүрдің барынан хабардар етті. Репертуары бай олар Наурыз, қала күнінде сазды әуенді төгілткенде көрермен қарап тұра алмай билей жөнеледі. Осы арада тоқталатын дерек, директор жұмысқа қабылдағанда музыкалық және спорттық қабілеті бар мамандарға басымдық береді. Оркестр және волейбол, баскетбол командалары осы талаппен жасақталған.
Аталмыш игіліктерін депо өздерінің болашақ мамандары – мектеп оқушыларымен бөлісуде. Спорт зал мен музыкалық аспаптарды балалар тегін қолдануда. Бос уақыттарында олар енді көше кезбей, денсаулықтарын шыңдап, шеберліктерін жетілдірумен шұғылдануда.
Бүгінгі мен болашақтың қамын жеп отырған директор үлкендерді де қараусыз қалдырмайды. Бассейні бар тамаша монша әр аптаның бейсенбісінде өз зейнеткерлеріне қызмет көрсетеді. Бұдан басқа қазан айындағы атаулы мерекеде бірігіп, қой алып, қаладағы қарттар үйіне жеткізіп беру бұлжымас дәстүрге айналған.
Басшының өнегелі істері қатарына қарттар тәжірибесін ескеру, меңгерудің қолға алынғанын қосу керек. Айтары бар ақсақалдарды өндірістік жиналыстарға алдырып, жұмыс тәсілдерін, жол бойындағы оқиғаларды талдап, сабақ етіп таратуда. Бір кетікті жабуға жарағандарына разы болған үлкендер «Көп қамын жеген осындай азаматтарымыз көбейе берсін, сонда еліміздің бедел-қуаты да артады» дейді.
Поездық және маневрлық жұмыстар сапасын айтарлықтай жетілдірген, үлкен ұйымды бір мақсатқа жұмылдыра білген Бурабай курорты локомотив пайдалану депосының директоры Қуанышбай Диярұлының осы еңбегі «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін», «Қазақстан темір жолына 100 жыл» және «Құрметті теміржолшы» белгілерімен бағаланған.
Ұзақ жылдар әріптес болған жары Алма Есенқызы қазір зейнет демалысында. Ата-анадан өмірлік нәр-қуат алған Салтанаттың өзі бүгінде бір шаңырақтың түтінін түлетуде. Экономист мамандығы бойынша жұмысын істеп, Әлім есімді кішкентайын жетілдіруде.
Нұржановтар әулеті мақтан етерлік бір дерек, теміржол көлігіндегі жалпы еңбек тәжірибелері 300 жылға жетіп қалды. Аталмыш уақытта атадан балаға бір мінез қанмен бірге берілуде: ол – сапарға кеткен адамның жолын қарайлап, күтіп алу. Балаларын депоға шығарып салып, қашан оралғанша үйде әлі де тыныш отыра алмайтын шешесі Зұлқия апай қазір 85-те. Алыстағы Қазалыдан Бурабайдағы баласына () өзі келіп, кетеді.
...Жолға қарайлау енді Қуанышбай Диярұлының көп міндетінің бірі. Жан-жаққа поезд алып кеткен жігіттер депоға, бала-шағаларының ортасына аман-есен қайтып келсін деп, жатса да, тұрса да іштен тілеп, жүргені елеңдеумен...
Жанғали ХАСЕНОВ
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның барлық филиалдарында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар өткізілді. Асфальтқа салынған ең үздік су...
«Астана» теміржол торабының кәсіподақ ұйымы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ қызметкерлеріне саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне арна...
«ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ Халықаралық Балаларды қорғау күніне қызметкерлердің балаларының арасында елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған «Астан...