Мекен жайы Астана қ., Қонаев көш., 10 үй, 7 қабат
Call-center 8 (7172) 60-30-30
8 (7172) 60-32-52
2644 / 22.06.2010 00:00

«Пойыздар кідірісі күрт кеміді»

Қарағанды локомотив пайдалану депосында бүгіндері Ағадыр айналым депосын қосқанда 1475 адам еңбек етеді. Соның ішінде 642 машинист, 583 машинист көмекшісі қозғалыстың барлық түрі бойынша қызмет көрсетеді. «Тұлпар» жүрдек пойызын жүргізу де дәл осы қарағандылық локомотившілердің еншісінде. Осыдан-ақ Қарағанды локомотив пайдалану депосы ұжымына жүктелген жауапкершілік жүгінің салмағын бағамдау қиын емес. Біз депо директоры Нұркен Сәрсембаевпен депоның бүгінгі тыныс-тіршілігі төңірегінде сұхбаттасқан едік.

– Нұркен Жұмашұлы, биыл «Локомотив» АҚ-да филиалдар жылы жүріп жатыр. Осы ретте, Қарағанды депосында қандай өзгерістер орын алуда?

– Біздің депо тепловоз тартымын да, электровоз тартымын да ұсынады. Маневрлік қозғалысты да жүзеге асырамыз. Оңтайландыруға байланысты Қарағанды, Жаңа Қарағанды, Майқұдық станциясына машинистеріміз көмекшісіз қызмет көрсететін болып жатыр. Бұған дейін де Қарағанды және Жаңаауыл станцияларындағы маневрлік қозғалысты машинист қана жүзеге асырып келе жатқан болатын, сондықтан бұл жұмыс локомотившілеріміз үшін ауыр соқпайды деп сенемін. Сонымен қатар, бұған дейін №1/2 «Тұлпар» пойызына Қарағанды–Сарышаған аралығында екі машинист қызмет көрсетіп келген еді. Мамыр айынан бастап бір машинист пен бір машинист көмекшісі қызмет көрсете бастады. Бұл қозғалыс түріне 1-ші класты машинистер ғана тартылады. Қауырт жағдайда ғана 2-ші класты машиниске рұқсат етіледі. Ал машинист көмекшілігіне локомотив жүргізуге құқы бар көмекші ғана алынады.

Биыл филиалдар жылы болып жарияланғандықтан, Қарағанды локомотив депосында ИСМК сапа менеджменті жүйесін енгіздік. Локомотив тартымы қызметін ұсынудың сапасын арттырып, пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жүйемен депо персоналдарын семинарлар мен техникалық сабақтар барысын таныстырдық.

Біздің міндетіміз – қай кезде де локомотив паркін тасымалдау үдерісіне сақадай-сай етіп ұстап отыру. Бұл ретте, көктемгі комиссиялық тексеруде айтарлықтай жұмыс жүрді дер едім. Мәселен, электровоздардың тексеруге дейінгі жағдайы 3 балмен өлшенсе, тексеруден соң ол 4 балды құрады. Тепловоздар жағдайы тексеруден соң 3,34 балдан 3,73 балға көтерілді. Жалпы, локомотив паркінің тозып келе жатқаны жасырын емес. Соңғы кезде жөнді жаңарту бола қоймады. Енді бір қуанарлығы, осы жылы Қытайда құрастырылған KZ сериялы жаңа электровоздар әкелінбек. Бұл электровоздар Астана–Шу теліміне қызмет көрсететін болады. Бізде осы KZ4А сериялы электровозын жүргізетін бригадалар резерві бар. Жуырда машинист-нұсқаушымыз Амантай Белгібеков Қытай еліне екі апталық іссапарға барып келді. Ондағы мақсат, біз жүргізген қытайлық электровоздардың кейбір кемшіліктерін жаңадан әкелінетін электровоздарда түзетуге ұсыныс айту болатын.

– Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қарағандылық локомотившілердің үлесі туралы не айтасыз?

– Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында бірде-бір ақау орын алған жоқ. Ал былтырғы жылдың алғашқы тоқсанында екі ақау тіркелген еді. Биыл жұмыста қиындық туғызатын оқиғалар да орын алған жоқ. Бұл көрсеткішке біз темір жолда орын алған ақауларды талдау, сол оқиғалардың бізде қайталанбасы үшін қандай шаралар жасау керектігін нақтылауымыз септігін тигізді деп ойлаймын. Сондай-ақ локомотив бригадаларын аттестациялаудан өткізу де оң әсер етті. Бұл ретте, біз локомотивтің құрылысы, сызбасы, қалыптан тыс жағдайдан шыға білуіне қатысты билеттер жасадық. Сөйтіп, наурыз айында аттестациялауды бастадық. Енді мына статистикаға қараңыз, қаңтар айында пойыз кідірісі 40 рет, ақпанда 28 рет тіркелді. Наурыз айында аттестациялаудан кейін пойыздың кідіруі 10 рет, сәуір айында небәрі 2 рет тіркелді. Ал мамырда мұндай оқиғаға мүлде жол берілген жоқ.

Ұлттық компания президенті жолаушы пойыздары тартымына ерекше мән беріп отыр ғой. Біз де өз тарапымыздан тартымның осы түріне қатаң бақылау жасаудамыз. Бұл жерде соңғы 4 айдағы жұмысқа тоқтауыма болады. Өткен жылдың 4 айында біздің тарапымыздан 11 жолаушы пойызы кідірсе, осы жылдың 4 айында ондай оқиға мүлде болған жоқ. Бұл да біздің ұжымның жемісті жұмысының нәтижесі дегім келеді. Оның үстіне, сәуір-мамыр айларында «Пойыздан сақтан!» айлығы өтті. Айлық барысында халық тығыз орналасқан, жол үстінде адам көп жүретін Жаңа Қарағанды мен Қарабас станциялары арасында локомотив бригадаларына локомотивтің жарығын күні-түні жағып жүруді міндеттедік. Соның нәтижесінде сәуір айында 12 рет шұғыл тежегіш басу арқылы 12 адамның өмірін аман сақтап қалдық.

– Биыл оңтайландыруға байланысты кейбір локомотив деполарында локомотившілер қысқарады екен деген сөз желдей есіп жүр...

– Бізде ешқандай да қысқарту болмайды. Керісінше, тасымалдау көлемінің артуына байланысты біздің депоға жұмысқа орналасуға квота бөлінген. Бізге негізінен электровоз машинистерінің көмекшілері керек.

– Әдетте, жаз маусымында тасымал көлемі өсіп, сәйкесінше пойыздар да көбейетін еді. Ал биыл пойыздар саны азайды. Бұл депоның тартым жұмысын азайтып жібермей ме?

– Маусымнан бастап бірқатар пойыздар жұп күндері жүретін болды. Ал №51 пойыз күнара жүре бастады. Пойыздар жүрісі азайғанымен, олардың құрамындағы вагондар ұзартылады. Бұл жол жөндеу жұмыстары кезінде пойыздардың өту қабілетін төмендетпеу үшін жасалып жатқан шара ғой. Яғни осылайша толаскезді игеруге мүмкіндік беріледі. Бұл өзгеріс бізге қалай әсер етеді дегенге тоқталсам, бізде жолаушы қозғалысын қамтамасыз ететін 59 локомотив бригадасы бар. Пойыздардың қысқаруы есебінен локомотив бригадалары 50-ге дейін төмендеуі мүмкін. Бірақ оларды біз жүк қозғалысына жұмылдырамыз. Себебі, жазда жүк қозғалысы артады. Оның үстіне, жазда локомотив бригадаларының бірқатары кезекті еңбек демалысына шығады. Демалысқа кеткен машинистердің орнына да адам керек.

– Локомотив шаруашылығы жөніндегі ревизорлар Қарағанды локомотив депосында артық жүрісі тіркелген локомотивтер бар деп еді. Бұған қандай түсініктеме бересіз?

– Локомотивтердің нормадан тыс жүруі еліміздің оңтүстік-шығыс өңіріндегі су тасқыны кезінде орын алған болатын. Себебі аталған өңірден жүретін бес жолаушы пойызы біздің бөлімше арқылы өтті. Бұл пойыздарға қосымша электровоздар тарттық. Электровоз жетіспегендіктен артық жүріс тіркелді. Бірақ ол сонша көп емес. Егер бізде локомотивтер 14000-18000 шақырымнан аса жүрсе, жөндеуге жіберіледі. Ал біздің локомотивтер 19 мың шақырым жүрген. Бар болғаны артық жүріс 1 мың шақырымнан асқан. Ал дәл қазіргі уақытта бірде-бір электровоз артық жүріп жатқан жоқ.

– Қарағанды жол бөлімшесінде өткен бір жиналыста локомотившілер тарапынан жолшылардың арнайы киімдеріне қатысты сын айтылды. Бұған не түрткі болды?

– Қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жөндеу жұмысын атқарып жатқандар қызыл-сары кеудеше киюі керек. Соңғы кезде машинистер тарапынан жол жұмыстарындағы теміржолшылар жасыл желет киіп жүргеніне қатысты шағым түсе бастады. Бұлар ПМС жұмысшылары болуы мүмкін. Бірақ жекеменшік мекеме болса да, олар темір жолдың талаптарын сақтауы тиіс. Себебі қазір жасыл желек өсіп тұрған кезде жасыл желет кигендерді алыстан аңғару мүмкін емес. Байқамай басып кетсек, не болады? Арнайы киімнің түсіне әу баста қызыл-сары түс тектен-тек таңдалып алынған жоқ қой. Алыстан қарағанда бірден көзге түсетін болған соң таңдау сол түске түскен. Әрине, машинистердің қырағы болуы қажет-ақ. Дегенмен, арнайы киімнің қалыптасқан дәстүрі де сақталуы тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Поделиться:
Популярные новости
2326 / 20.11.2017

Локомотивтер қысқа дайын

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ локомотив паркі қыс маусымында жұмыс істеуге толық дайын. Компанияның локомотив пайдалану деполарында локомотивтердің техн...

3921 / 30.05.2012

Теміржолшылар сақ болуға шақырады

Қайыржан ТӨРЕЖАН Бүгінгі күні қайғылы жағдайларға соқтыратын әртүрлі төтенше оқиғалар сияқты теміржол бойындағы оқыс оқиғалардың статикасы да ...

3019 / 27.03.2012

Сергектік айқындау ушін

Наурыз мейрамын тойлау желеуі Орал қаласының қанаушылықты локомотивті депо қызметкерлері тепловоз жүргізуші Александр Прусс және оның көмекшісі ...

Соңғы жаңалықтар

Жедел желі

Сіз Мінез-құлық кодексінің кез келген бұзушылықтары туралы, оның ішінде сыбайлас жемқорлық, алаяқтық, әдепсіз мінез-құлық, кемсітушілік фактілері туралы хабарлай аласыз.

Толығырақ


Серіктестер