Сағындық ОРАЗАЛИН, Астана локомотив пайдалану депосының директоры:

Сағындық  ОРАЗАЛИН, Астана локомотив пайдалану депосының директоры:
      Бүгінгі жас мамандардың білімі таяздығы қынжылтады...    
      Бүгінгі таңда теміржолшы-лар алға қойылған міндеттердің нақтылы істе көрініс табуы жолында аянбай еңбек етіп келеді. Еліміздегі жүк және жолаушы тасымалының  60 пайыздан астамын қамтама-сыз етіп отырған темір жол экономикалық табыс-ты бөлігін құрайды.  Осы орайда, Астана локомотив пайдалану депосының ұжымы да экономикалық ықпалдастықты дамытуға мұрындық болып қана қоймай,  тасымал нарығын қалыптастыруда белсенді рөл атқарып келеді. Жұмыс жүйесін жетілдіру, қайтарымдылықты арттыру, сондай-ақ осы саладағы басқару сапасын көтеруді мақсат тұтатын кәсіпорын директоры Сағындық Ора-залинді әңгімеге тарттық.
–  Сағындық Алпысбайұлы, шаруашылықтағы ілкімді істердің атқарылуы қалай? Дағдарыстың дүмпуінен зардап шегіп  жатқан жоқсыздар ма?
– Локомотив  шаруашылығы асқан жауапкершілік пен жүйелілікті қажет етеді. Біздің жұмысымызда сәл ғана  босаңшылық  деген болмау керек. Мен бұл ойыммен қара аспанды жаудырып, жұмыстың бәрін біз ғана істеп жатқандай болып көрінуден аулақпын. Мәселенің мәнісіне тікелей көшіп жатқаным ғой. Шынында да бізде талап күшті. Оны әр жұмысшы жете түсінеді. Егер ел аузындағы қағидаға сай темір жол экономиканың күретамыры десек, локомотив сөз жоқ оның жүрегі. Кім айтса да бұл өте әділ берілген баға. Осы темір жолдың қазанында қайнап, ес білгелі  өмірім  болат жолмен  сабақтас болған мен осынау теорияға еркін көз жеткізгендеймін. Депомызда  кәсібінен нәсібін тауып жатқан   900 жұмысшы бар. Бәріміз де бір жанұяның баласындай еңбек етіп жатқан жайымыз бар. Қарымымыз жаман емес. Өткен  жылды   308   миллион  теңге  таза пайдамен аяқтадық.  Бетін аулақ қылсын, әйтеуір дағдарыс кезінде де  құлдырауға жол берілген жоқ.  Бүгінгі күннің  1 тоқсанының нәтижесі бо-йынша  депоның негізгі өндірістік нәтижесі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда да едәуір алға жылжушылық бар. Жоспар артығымен орындалуда.  Ал нақты деректермен дәлелдейтін болсақ, шақырымдық жұмыс аясы тоннамен 11 процентке,  жол жүрісі  6  процент, локомотив сағаттары  12 процентті қамтыған. Ал 2009 жылғы дағдарыс бізге оңай тиген жоқ. Көптеген келеңсіз қиындықтарға тап болдық. Бірақ сағымыз сынып, үнжырғамыз түскен жоқ.  Адам қиындықта шыңдалатыны рас екен. Ұжым болып бар ауыртпалықты көтеріп, тығырықтан  шығар жол іздедік. Талпынуымыздың арқасында жоғары көрсеткіштерге жеттік. Сөз орайы келгенде, қиындықта сүйеу болған ұжым мүшелеріне шексіз алғысымды айта кетсем еш әбестігі жоқ шығар. Дағдарыстың әсерінен жүк айналымының  табысы азайып, негізгі өндірістік көрсеткіштердің орындалуына кері әсерін тигізді. Соның салдарынан  тонна-шақырым  6 па-йыз, жол жүрісі  2 пайыз,  локомотив сағат 4 пайыз орындалмай қалды. Осының бәрі жұмысшылардың көңіл-күйіне  де өзіндік көлеңкесін түсіргенін жасыра алмаймыз. Оның сыртында дағдарысқа қарсы шара ретінде жұмысшыларды жұмысқа қабылдамау жөнінде мораторий жарияланды. Бұл да жұмысшы қауым үшін үлкен соққы.  Қазір өте білікті машинистерді дайындауға төрт-бес жылдық мерзім де аздық етеді. Бұрыннан істеп келе жатқандар зейнеткерлікке шығуы себепті машинист тапшылығы туындады. Локомотив бригадаларының тұрақтамауы белең алды. Оның бір ұшығы жаппай қымбатшылық пен қалада тұруға жағдай болмағандығында жатыр.  Локомотив бригадалары жетіспегендіктен басқа деполардан  машинистер шақыртып көмек қолын созуларын өтіндік. Нәтижесінде  іс-сапар шығындары көбейді.  Сондықтан машинистер үшін машинистер мен машинист көмекшілерінің резерві ауадай қажет.
– «Жүйелі іс жүйесін табады» демекші,  бәрі ауызбіршіліктің арқасы шығар. Жұмыс өнімді болу үшін соған сай жағдай жасау керек қой. Мекемелеріңіз шашырап жатыр екен, білмеген адамға қиын-ау. Мұның әсері жоқ па?
– Сөзіңіздің жаны бар. Мекемеміздің бытырап орналасқаны жайсыздық тудырып отырғаны шындық. Біздің қызметкерлердің жұмыс орны үш жерде орналасқан. Бұл өте қолайсыз. Басты себеп, локомотив депосы  2000  жылы пайдалану және жөндеу болып екіге бөлініп енші алып шыққанда біз ғимаратсыз қалдық. Содан өзіміздің босағамыз болмай қалған еді. Биылғы жылы  «Локомотив» АҚ  инвестициялық бюджеттен біздің депоның әкімшілік корпусын салуға арнайы қаржы бөлген болатын. Сәтін салып жоба жүзеге асып жатса, өндірістік процесіміз жанданып, жағдай әжептәуір жақсаратынына сенеміз. Қазір осы ғимаратты жалдағанымыз үшін төлейтін ақшамыз қалтамызда қалып, орынсыз шығын болмай, оған кеткен қаржымен басқа жыртығымызды жамар едік.
– Мекемедегі ең маңызды проблема не? Сосын кадр мәселесі  қалай шешілуде?
Бүгінгі таңдағы ең маңызды проблема жоғарыда айтып кеткендей, локомотив бригадаларының же-тіспейтіндігі. Білікті машинистер мен машинист көмекшілеріне сұраныс күн тәртібінен түспей тұр. Қарағанды, Павлодардағы  осы саладағы мамандар даярлайтын оқу орталықтарына жұмыскерлерді жібе-ріп отырамыз. Алайда, аталған оқу шаңырақтарынан келген мамандардың білімі жоқтың қасы. Айтуға ұят, білімдері өте нашар және таяз. Оларды қайтадан сүзгіден өткізу үшін жылдар керек. Жоғары оқу орындары мен колледждерден келіп жатқан мамандардың да техника жағынан білімі төмен. Сондықтан локомотив шаруашылығын дамыту үшін білімді де алғыр, білікті, тәжірибелі кадрлар қажет.
– «Дайын  асқа тік қасық» болмайды ғой.  Дегенмен,   жастарды тәрбиелеп өсіріп,  нағыз темір-жолшы шығару керек емес пе?  Әйтпесе, оқуды жаңа бітірген жастар қайда барып күн көреді?
–  Ол жағы түсінікті ғой. Жастардан аттонымызды ала қашудан аулақпыз. Бәріміз де жас болдық, еңбек етіп тәжірибе жинақтадық. Құдайға шүкір, соның жемісін жеп жатырмыз. Жылда жас мамандарды жұмысқа тартуды дәстүрге айналдырып келеміз. Мәселен, өткен жылы жоғары оқу орнынан  4 маман, темір жол колледжінен 4 жас маманды жұмысқа қабылдадық. Талаптары бар көрінеді. Соның екеуі қазір инженер болып қызмет атқаруда. Негізі  жасыратын түгі жоқ жастардың дені жұмысқа құлықсыз. Біздің кезіміздегідей жұмыс десе құлшынып  тұрғандары некен саяқ.
– Кейінгі кезде  қытай локомотивтерін өндіріске кеңінен енгізу етек алды. Оның тиімділігі қандай?
– Локомотив паркінің тозғандығы еш жасырын емес. Парктің 70 пайыздайы ескірген десе де болады. Локомотивсіз темір жол саласының күні қараң екені көзі қарақты адамға түсінікті болар. Сондықтан, локомотив паркін жаңарту  кезек күттірмейтін шара. Локомотивтердің  дені қызмет көрсету мерзімін баяғыда өтіп болған. Сондықтан  оларды ауыстыру керек немесе күрделі жөндеу және жетілдіру арқылы  қызмет көрсету мерзімін ұзарту қажет. Қазіргі уақытта Астана локомотив пайдалану депосының паркінде Атбасар электровоз зауытында жетілдірілген  4 электровоз пайдаланылуда.  Жаңартылған электровоздардың тартымдық  күші ұлғайған, техникалық жағдайы жақсарған. Тағы бір ерекшелігі, сыртқы тұрпаты да өзгеріп, қарасаң көздің жауын алады. Екшелеп айтар болсақ, локомотив паркін жаңартуға байланысты жаңа қадамдар жасалынуда. Бәрі бірден бола қоймасы айдан-анық. Бірте-бірте орнына келеді деген сеніміміз бар. Астана локомотив депосының жолаушылар паркін жаңартудың тағы бір көрінісі 2010 жылы Қытайдан КZ – 4А сериялы электровоздар алу жоспарға еніп отыр.  Қытай электровоздарын  қолданысқа енгізу локомотив бригадаларының еңбек жағдайын анағұрлым жеңілдетер еді. Себебі, бұл электровоздар пайдалануға өте жеңіл, әрі қолайлы. Мұнда адамның алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық мүмкіндіктер бар. Мәселен, машинистің кабинасы жазда, қыста да жанға жайлы, екіншіден, тартымдық күші де молырақ және үнемді. Біздің бұрынғы тепловоздарымыз екі секциядан құралса, мұнда бір ғана секция, есесіне, екі кабинадан тұрады. Экономикалық тиімділігі, жұмысқа ыңғайлылығы жағынан көңілімізден шығып, мамандардың  көздеген көңілін дөп басып отыр. Міне, осы құралыптас 20 электровоз жуық арада шойын жолмен жүйткитін күндер де алыс емес. Соның 2 данасы Атбасар электровоз жөндеу зауытында құрастырылмақшы. Олар Көкшетау, Астана – Алматы учаскелері бойынша жүреді.
– Қауіпсіздік қашан да бірінші орындағы мәселе.  Аллаһтағалам да  «Сақтансаң – сақтармын» деген ғой. Жол қауіпсіздігінің  сақтау, апаттың алдын алу жағы қалай?  
–  Қауіпсіздікті сақтау біздің ұранымыз десе де болады. Қашанда ойымызда бірінші жүретін осы қауіпсіздік шаралары. Электровоз паркінің локомотивтері түгелге жуық  КЛУБ–У қауіпсіздік құрылғысымен, электропневматикалық тежегіштермен, РВ- жетілдірілген радиостанциясымен жабдықталған. Осындай құрылғылар басты мәселе болып саналатын  пойыздар қозғалысындағы қауіпсіздікті қамтамасыздандыруда таптырмас құрал. Мұнда айына төрт рет автотежегіштерді күрделі тексеруден өткізу,  локомотив – вагондарды басқару негізінде арнайы жаттығулар, тәжірибелі сабақтар жүргізіледі. Қауіпсіздікті сақтау саласы бойынша алған білімдері міндетті түрде тексеріліп, емтихан алынады. Машинист пен машинист көмекшілері психологтың сараптауымен іріктеледі.
– Әңгімеңізге рахмет, еңбектеріңіз жемісті болсын!

  Бейбіт  Тілек