Өткен екі айда теміржол көліктерінің астында 11 адам мерт болды - "Локомотив"
Теміржолдардағы төтенше оқиғалар толастамай тұр. Үстіміздегі жылғы екі айдың ішінде «Локомотив» АҚ-ның машинистері соқтығысуды болдырмас үшін 300 жағдайда шұғыл түрде тоқтауға мәжбүр болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат кәсіпорынның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жүргізіліп жатқан алдын алу және ақпараттандыру жұмыстарына қарамастан, болат жолдардағы төтенше оқиғалардың статистикасы жоғарылау үрдісін сақтап келеді. Үстіміздегі жылғы екі айдың өзінде «Локомотив» АҚ-ның машинистері соқтығысуды болдырмас үшін 300 жағдайда шұғыл түрде тоқтауға мәжбүр болған. Оның 31-інде соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады. Жазатайым оқиғалардың 15-і - адамдардың, 4-уі - жануарлардың қатысуымен орын алды. 11 адам оқиға орнында жан тәсіл етсе, 4 адам түрлі дәрежедегі жарақаттармен аруханаға жеткізілді.
Оқыс оқиғалардың орын алуына жасалған талдау нәтижелері, адамдардың аса қауіпті аумақ болып табылатын - теміржолдарда қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан болатынын көрсетіп отыр.
«Локомотив» АҚ-ның қозғалыс қауіпсіздігі бойынша бөлім бастығы Сергей Чернайдың атап көрсетуінше, жыл басынан бері теміржол өткелдерінде 12 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл көрсеткіш 2009 жылғы статистикадан екі есеге көп. Соқтығысу салдарынан 4 адам қаза тапты.
Болат жолдарда болатын барлық жол-көлік оқиғаларының басты себебі - автокөлік иелерінің жол-көлік ережелерін өрескел бұзуында. Олардың басым дені қозғалысқа тыйым салған бағдаршамды елемей және жабылған не болмаса жабылуға әзірлік үстіндегі шлагбаумға қарамастан теміржолдарды кесіп өту кезінде орын алған.