ҚТЖ барлық тұтынушыларға көмірді тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуде
2024 жылғы мамырдан 18 қыркүйекке дейін ел тұрғындарын коммуналдық-тұрмыстық көмірмен қамтамасыз ету үшін шамамен 2,3 млн тонна тиелген. Мамырдан шілдеге дейінгі кезеңде тиеудің жиынтық көлемі шамамен 1 млн тоннаны құрады. Бұл ретте тамыз айында 734 мың тонна көмір тиелген. Бұл теңгерімсіздік жазғы кезеңде жылыту маусымына дайындық бойынша белсенділіктің жеткіліксіздігін көрсетеді. Қыркүйектің 18 күнінде 589 мың тонна көмір тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9% артық.
Энергетикалық және коммуналдық-тұрмыстық көмірдің барлық жөнелтілімдері вагондардың қажетті санымен қамтамасыз етілген, тиеу және тасымалдау процесі ҚТЖ-ның тұрақты бақылауында.
Дегенмен, кейбір бағыттарда операторлар мен жүк жөнелтушілерден уақтылы өтінімдердің болмауынан туындаған көмір жөнелтудің кешігуі байқалады.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында мамырдан тамызға дейінгі кезеңде көмірге қажеттілік жоспары 204 мың тонна мөлшерінде болса, іс жүзінде барлығы 150 мың тонна тиелген.
Өңірлік көмір операторларының ақпараты бойынша Өскемен қаласы үшін қыркүйекке 33,6 мың тонна көмір тасымалдау жоспары мәлімделсе, қыркүйектің 18 күні ішінде тек 16 мың тоннасы жеткізілді. Қосымша, 19 қыркүйекте Жаңа-Өскемен станциясына 21 вагон коммуналдық-тұрмыстық көмір (1,5 мың тонна) әкелінді.
ҚТЖ барлық тұтынушылар үшін көмірді тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуді жалғастыруда және көмір операторлары мен жүк жөнелтушілерді, әсіресе күзгі-қысқы кезеңнің басында тасымалдауға өтінім беруде жедел әрекет етуге шақырады.
«ҚТЖ Жүк тасымалы» ЖШС баспасөз қызметі