Тиімділік пен ұқыптылықты ту етіп...

Пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін сақтай отырып, жолаушылар және жүк тасымалын қамтамасыз ету мақсатында тиімділік пен ұқыптылықты ту етіп еңбек етіп жатқан Қызылорда локомотив пайдалану депосында көтеріңкі көрсеткіштер көп-ақ.

Депо өткен жылы пойыз және маневр жұмыстарында бірде-бір ақауға жол берген жоқ. Бұған қоса былтыр пайдалану цехы күрделі жөндеуден өтіп, барлық су құбырлары мен кәріс су құбырлары ауыстырылған.

- Өзімізге берілген міндеттер үдесінен шығу жолында қал-қадірімізше еңбек етудеміз,- дейді депо директоры Жұлдызбай Мұсаев, - Бір шаңырақ астынан бөлінген жөндеу секторына артар кінәраттарымыз жоқ. Олар да мүмкіндігінше сапалы жұмыс істеуге тырысып-ақ жатыр.

Қазіргі таңда Қызылорда локомотив пайдалану депосында барлығы 882 адам еңбек етеді. Былтырғы жылы 24 локомтивші өздерінің кәсіби біліктіліктерін Алматы және Астана қалаларында жоғарылатып қайтқан.

Депо бастығы өткен жылдың қорытындысы бойынша рационализаторлық ұсыныстар беру және оны енгізу, Қазақстан темір жолының озық тәжірбиелері мен жаңалықтарын өндіріске енгізу көрсеткіштерін асыра орындаған техникалық бөлімнің инженері Қ.Оспамбетованың еңбегін айрықша атады. Десек те, ғасырдан көп тарихы бар аймақ темір жолының локомотив шаруашылығы саласында қозғалыс қауіпсіздігін сақтай отырып тындырымды еңбек етіп келе жатқан бір топ тепловоз машинистері мен машинист көмекшілерінің есімі де қандай да марапатқа лайық. Олар тепловоз машинистері С.Имангалиев, Б.Құрманов, Б.Анесов, И.Романов, Ж.Төлемесов және машинист көмекшілері А.Ибраев, Д.Ермаханов, Я.Сұлтанов, Ж.Махсұт, Е.Оразқұлов және жұмыс барысында дизель отынын үнемдеп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген тепловоз машинистері Юрий Сейткамалов, Е.Садықов, Б.Жұбаназаров, С.Қуанышев сынды байырғы өндіріс орнының «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген майталмандар.

Жүк және жолаушылар тасымалдары, өндірістік көрсеткіштердің орындалуы барысы жөнінен Қызылорда локомотив пайдалану депосы өткен жылдың қорытындысы бойынша «Локомотив» АҚ-ның үздік филиалдарының бірі ретінде аталып өтілді. Мұның өзі ұжым мүшелерінің биылғы жылы да табыс тұғырынан көрініп, өндірісте тиімділік және ұқыптылық танытуына ұйытқы болып отырғаны сөзсіз.

Мейрамбек Шілдебайұлы,

Қызылорда