Мекен жайы Астана қ., Қонаев көш., 10 үй, 7 қабат
Call-center 8 (7172) 60-30-30
8 (7172) 60-32-52
3255 / 19.07.2011 00:00

Марат МЕДЕУБАЕВ, «Локомотив» АҚ президенті: «Локомотив паркінің қызметін тиімді ұйымдастыруда оң өзгерістер мен жаңалықтар жоқ емес»

Темір жол саласындағы шоқтығы биік шаруашылықтар қатарынан локомотив пайдалану қызметі орын алады. Бүгінде қазақ темір жолдарында тартымдық жылжымалы құрам қызметін ұсынып келе жатқан локомотивтердің басым бөлігінің тозығы жетіп, дүркін-дүркін жөндеуден өткізіп, жамап-жасқаудың арқасында қызмет мерзімінің ұзартылып отырған жайы бар. Дегенмен, соңғы екі-үш жылда локомотив паркінің тамырына қан жүгіріп, екінші тынысының ашылуына жағдай жасала бастағаны да рас. «Локомотив» АҚ президенті Марат Медеубаевпен сұхбатымыз локомотив қызметінің бүгінгі тыныс-тірлігі мен даму үдерісі төңірегінде өрбімек.

– Марат Жолдыұлы, локомотивтердің пайдалану қызметін ұйымдастыратын компания жұмысын әрі қарай дамыту бағытында қандай стратегиялық бағдарламалар қабылданды?

– Өткен жыл «Локомотив» АҚ үшін 2010-2020 жылдарға арналған компанияны дамыту стратегиясы сияқты маңызды құжатты қабылдаумен ерекшеленді. Бұл құжаттың маңыздылығы сол – Елбасының Қазақстан халқына жолдауы шеңберінде алдағы он жылдықта даму басымдықтарын анықтаған Қазақстан Республикасын 2020 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспарының жалғасы іспеттес болып отыр. Бұл стратегияны жасау барысында біз «ҚТЖ» ҰК»АҚ-ны дамыту стратегиясын негізге алып, Қоғамды техникалық және технологиялық жағынан дамытуға байланысты негізгі мақсаттарды, жетістіктерді бағындыру жолдарын анықтау үшін екі жыл бойы атқарылған жұмыстар нәтижесін қамтыдық. Жалпы бұл құжатта қозғалыс қауіпсіздігі деңгейі мен кәсіпорынды басқару тиімділігін арттыруға, локомотив паркін жаңғырта және жаңарта отырып, негізгі құралдар тозуын төмендетуге бағытталған негізгі стратегиялық басымдықтар айқын көрсетілді.

2020 жылға дейінгі стратегияны жүзеге асыру кезінде түрлі бағыттағы мыңнан астам локомотивтерді сатып алу көзделіп отыр. Және де жаңа техникалардың басым бөлігін General Electric, Alstom сияқты жетекші компаниялардың технологиясын пайдаланған отандық машина құрастыру кәсіпорындарының өнімдері құрамақ.

Сөз реті келгенде айтарым, пайдалану жүйесін жетілдіру үшін локомотив тартымындағы сұранысты қанағаттандыратын тасымалдау үдерісінің технологиясы жасалып, өндіріске енгізілетін болады. Осыған орай біз локомотивтер айналымын, темір жол телімдерін және локомотив бригадаларының қызмет көрсетілімін қарастырып, келешекте жаңа сериядағы тартымдық жылжымалы құрамдар жұмысқа кіргенде оларды оңтайландыру жағын есепке алдық.

Сонымен қатар аталған құжатта басты назар – тартымдық жылжымалы құрамға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүйелерін жетілдіруге бөлініп отыр.

Локомотив пайдалану қызметіндегі мәйекті мәселенің бірі - энергия және ресурсжинақтау технологияларын енгізу және дамыту. Осы бағытты біз тапсырыс берілген жұмыс көлемін мүлтіксіз қамтамасыз ете отырып, энергия жеткізуші және отын тұтыну деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін техникалық құралдар мен технологияларды енгізу есебінен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде дизелдік отын мен қуат көзінің коммерциялық есептеу жүйесін енгізуге қол жеткіздік. Егер қазіргі қолданыстағы тартымдық жылжымалы құрам паркін қауіпсіздік жүйелерімен және техникалық құралдармен мейлінше жарақтандырып, оларды жаңа сериялы локомотивтерге енгізетін болсақ, онда біз пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде жоғары нәтижелерге қол жеткізер едік. Қазірдің өзінде осы бағытта белгілі бір шаруалар атқарылды.

– Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауда тартымдық жылжымалы құрамдардың атқаратын ролі маңызды. Осы ретте қозғалыс қауіпсіздігін арттыру бағытында қандай заманауи құрылғылар енгізіліп, пайдаланылуда?

– Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтау күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе екені белгілі. Сондықтан бұл мәселеге қатысты түйткілдерді біз назардан тыс қалдырып көрген емеспіз. Күрделі мәселенің күрмеуін шешу жолдарын да қарастырып отырмыз, атап айтсақ, олар локомотивтерді және техникалық қауіпсіздік құралдарын ұқыпты ұстап, істен шығармауға әрекет ету; пойыздар қозғалысымен тығыз байланыста жұмыс істейтін жұмыскерлерді ұдайы оқытып, білімдерін жетілдіріп отыру; персоналдарға медициналық қызмет көрсету, локомотив бригадаларын іріктеу үшін психодиагностикалық кешендер енгізу. Біздің локомотивтер қауіпсіздікті сақтауға арналған техникалық құралдармен, атап айтқанда, соңғы үлгідегі радиостанциялармен, сөйлесу тәртібін тіркеушілермен, кешенді локомотив қауіпсіздік құрылғыларымен (КЛУБ-У), электропневматикалық тежегіш аспаптарымен (ЭПТ) жарақтандырылған.

Ел темір жолдарында Эволюшн локомотивтерінің жүре бастағанына бір жылдай уақыт өтті. Астана локомотив құрастыру зауытынан шыққан бұл машиналарда өндірісте өзін қалай көрсетуде? Еліміздің қай аймақтары оның қызығын көруде? Басты ерекшеліктеріне тоқталсаңыз...

– ТЭЗЗА (Эволюшн) сериясындағы 5-ші буын локомотивтерін елімізде машина құрастыру саласын өркендетуге мол мүмкіндіктер бар екенін айғақтайтын жақсылық жаршысы деуге болады. Біріншіден, бұл машинадағы машинист кабинасы эргономика жүйесімен жасалған, өте қолайлы, шу-дыбыстан оқшауланған әрі микроклиматты реттеп отыратын жабдықпен жабдықталған. Екіншіден, Эволюшн борттық диагностикалау жүйесімен және отынды электрондық бүркумен басқарудың микропроцессорлық жүйесімен жарақтандырылған. Сонымен қатар Эволюшн тепловоздарынан атмосфераға таралатын зиянды қалдықтар бұрынғы әріптестерімен салыстырғанда 40 пайызға төмен, дизельдік отынға кететін шығынды 30-40 пайыздарға, ал май шығынын 17 пайызға азайтады. Өлшемі бойынша Евро-3 нормасына сай. Бүгінде бұл локомотивтер Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде пайдаланылып жүр.

Осы тепловоздарды пайдалана бастағаннан бері үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ақаудың 8 пайызға төмендегенін байқаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қандай да бір жөнсіздіктердің алдын алуға «Локомотив» АҚ филиалдарында жылына екі рет жүргізіліп отыратын көктемгі және күзгі комиссиялық байқаулардың маңызды роль ойнайтындығы. Өйткені, осы байқаулар барысында тексеруден өткізуге қойылған әр локомотивтің техникалық, өртке қарсы және мәдени жағдайы жіті тексеріледі. Әсіресе, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысы бар құрал-аспаптардың және өртке қарсы құралдардың жарамдылығына айрықша назар аударылады.

– Марат Жолдыұлы, көктемгі комиссиялық байқау (ККБ) мәселесін жақсы қозғадыңыз. Биыл оны өткізу дәстүріне қандай да бір жаңашылдық, өзгерістер енгізілді ме? Қоғам филиалдары арасында қай депо жоғары көрсеткішке жетіп, мерейі үстем болды, жалпы ККБ қорытындысы қандай нәтижелер берді?

– Көктемгі комиссиялық байқау – бұл жаз маусымына локомотив паркінің жұмысқа дайындығын қамтамасыз етуге арналған процедура. ККБ қорытындылары бойынша барлық локомотив паркі жазғы жұмыс кестесіне көшті. Осы арада локомотив паркінің 4 пайызы жоғарыда атап өткен критерийлерден сүрінбей өтіп, өте жақсы деп бағаланса, 86 пайызы жақсы, ал 10 пайызы қанағаттанарлық бағасын алды.

Ескере кетерлігі, биыл байқау өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда ертерек өтті. Оған қабылдап алу комиссиясының төрағалығына локомотив пайдалану деполары директорларын тағайындау дәстүрінен ауытқуымыз ықпал етсе керек. Биыл біз комиссия жетекшілігіне локомотивтерді аға қабылдап алушыларды қоюға бастама көтердік, оған Ұлттық компания басшылығы қарсылық білдірмеді.

Сөйтіп, біз шұғыл түрде өңірлерде кадрларды ауыстырдық, яғни жұмысы жақсы жолға қойылып, көрсеткіші көтеріңкі деполардағы қабылдап алушыларды қызметі көш ілгері қалған, олқы тұстары жетерлік деполарға жібердік, ондағы мақсат жаңағы мамандар сол жердегі жағдайды бағалап қана қоймай, ондағы түйткілді мәселелерді шешуге қажетті шараларды қабылдаулары тиіс болатын. Қателеспеппіз. Жұмыс нәтижесі айтарлықтай тиімді болып, жаз маусымына жақсы дайындықпен келдік. Оның жарқын көрінісін, биыл өткізген ККБ-дан кейін пойыз жұмысында бірде бір ақаудың болмауынан, локомотивтердің бұзылмауынан көреміз. Ал былтыр осы уақытта үш оқиға тіркелген-ді. Дәстүрге беріктікті ККБ қорытындысы бойынша ең үздік ұжымды анықтауда сақтап қалдық. Оның нәтижесі мотивациялау-ынталандыру механизмін пайдалану арқылы шығарылды.

Жалпы локомотив пайдалану деполары бізде құрылымы және санына қарай үш топқа бөлінеді. Әрбір топтағы 1, 2 және 3-ші орын алған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағындырған белестеріне қарай 500 000, 400 000 және 300 000 теңге сыйақы беріліп, сонымен қатар 20 жұмыскер мақтау қағазымен марапатталды. Бұдан басқа біз өндірістік көрсеткіштеріміздің жақсаруына өзіндік үлес қосқан мердігерлер қызметтерін де ескерусіз қалдырмай, 4 жөндеу кәсіпорынының басшысын мақтау қағазымен марапаттадық. Ал «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, жұмысқа салғырт қарап, кемшіліктерге орын берген 4 локомотив пайдалану депосы мен 3 мердігер мекемеге тиісті шаралар қолданып, жұмыстарын бақылауға алдық.

Кейде локомотив пайдалану қызметіндегі кемшіліктер локомотив бригадаларының білім деңгейінің төмендігінен орын алып жататынын естиімз. Олардың білім-біліктілігін арттыру жолында қандай іс-шаралар жүргізілуде?

– Локомотив пайдалану деполарында локомотив бригадаларына техникалық сабақ өткізетін техникалық кабинеттер ұйымдастырылған, олар қажетті компьютерлер, проекторлар, электрлі, пневматикалық локомотив сұлбалары, электрлі сұлба бойынша ақаулықтарды анықтауға арналған тренажерлар, т.б. соңғы үлгідегі оқыту құралдарымен жабдықталған. Локомотив бригадаларын оқыту жүйесі үнемі жетілдіріліп отырады. Біз сырттан келген адамды бірден машинист көмекшісі етіп отырғыза салмаймыз. Машинист көмекшісі қызметіне маман таңдауда кәсіби іріктеу жүргізіледі, яғни машинист көмекшісі қызметіне үміткерді тағайындар алдында алдымен тестілеу, әңгімелесу жүргізіліп, локомотив бригадасының жұмысымен тәжірибе жүзінде танысу және дублерлік сапарды жүзеге асыру үшін слесарлік тәжірибе тәжірибелі машинистерге бекітіледі. Сондай-ақ, темір жол көлігі жұмыскерлерін дайындау орталығында оқудан өтіп және локомотивтерді басқару құқығына куәлік алған машинист көмекшісін машинист қызметіне тағайындар алдында, ол машинист қызметіне тәжірибелік дайындықты үш ай бойы локомотив машинисінің дублері ретінде өткізіп, сонан соң локомотив пайдалану депосының білікті комиссиясының сынағынан өтеді. Бұдан басқа біз жыл сайын тәжірибе алмасу семинарлары, «Жыл машинисі», «Жыл машинист-нұсқамашысы» байқауларын өткізіп келеміз. Биылғы жылды біз «Локомотив» АҚ-да Білім жылы деп атадық. Мұндағы мақсат біздің ұйымды мейлінше білімді ету және дамыту.

Енді Білім жылында өткізілетін ұйымдастырушылық-техникалық шаралар жоспарына тоқталатын болсақ, бірінші кезекте, қызметтің барлық бағыты бойынша сырттай оқытуды ұйымдастырып, жүргізудеміз. Екіншісі, озық технологиялар мен жаңашылдықтарды насихаттау және тәжірибе алмасу бойынша ішкі семинарларды ұйымдастырудамыз. Бұдан басқа техникалық оқулар жүйесін, нормативті-техникалық құжаттар базасын әрмен қарай жетілдіру, техникалық кабинеттерді жарақтандыру мен жабдықтау , сондай-ақ, нормативті-техникалық құжаттармен қамтамасыз ету, т.т. іс-шараларды қолға алып, жүргізудеміз.

– Қоғамда кадр саясаты қалай жүргізілуде, қандай мақсат-міндеттерге жұмылдырылған?

– Тәжірибелі және жоғары білікті персонал – компанияның басты байлығы. Сондықтан біз кадр әлеуетін жетілдіруге байсалды қараймыз. Осы мақсатта компания оқыту семинарларын, қайта дайындау және мамандардың біліктілігін арттыру шараларын ұйымдастырып келеді.

«Локомотив» АҚ кадр саясатының негізгі маңызды міндеттеріне келсек, олар – жоғары кәсіби мамандарды тарту және дамыту; оңтайлы басқару құрылымын қамтамасыз ету; денсаулық, қоршаған орта және еңбек қорғау саласы қойып отырған талаптар үдесінен шығу; персоналдарды дамытып, білімдерін үздіксіз байыту; жоғары қаржылық және өндірістік нәтижелерге қол жеткізуге негізделген персоналдарды мотивациялаудың тиімді жүйесін қалыптастыру. Ал жоғары білікті персоналды тарту үшін бос лауазымдық қызметтерге кадрларды байқаумен іріктеудің ережесі жасалынған. Онда байқау негізінде бос орындарға үміткерлерді тарту мен таңдаудың тәртібі көрсетілген, әрине, бұл өз кезегінде жұмысқа қабылдаудың айқын үдерісін қамтамасыз етеді.

– Локомотивтерді пайдалану кезінде тәуекелдерге бас тігу көп. «ҚТЖ» ҰК» АҚ да бүгінде тәуекелдерді корпоративтік басқару жүйесіне басымдық беріп отыр. Ал сіздің Қоғамда тәуекелдерді корпоративтік басқару жүйесінің алатын орны қандай? Қандай нәтижелер күтесіздер?

– Қазіргі кезде «Локомотив» АҚ 60 тәуекел Реестріне енгізілген. Соның 27-сі Қоғамның маңызды тәуекелдер картасына көшірілді. Жыл сайын Қоғамның тәуекелдерді басқару саясатына сәйкес идентификациялау және бағалау тәуекелдері шеңберінде Қоғаммен оларды басқару және төмендету бойынша жоспарлар жасалады.

Бұл тәуекелдердің болуы және олардың жүзеге асырылуы Қоғамның стратегиялық мақсаттарының орындалуына кері ықпал етпеуі керек. Тәуекелдерді корпоративтік тиімді басқару жүйесі Қоғамның абыройына және қызметіне, персонал денсаулығына, сондай-ақ мүліктік мүддеге қауіп төндіріп тұрған тәуекелдерді төмендетуге және алдын алуға, уақытылы идентификациялау арқылы Қоғамды дамытуға және үздіксіз тұрақты қызметін қамтамасыз ету үшін аса қажет.

Корпоративтік басқару стратегиялық мақсаттарды анықтап, оларға қол жеткізудің жолдарын, тәсілдерін қарастырады. Корпоративтік басқарудың ролі мен принциптері Біртұтас басқару саясатында, Корпоративтік басқару кодексінде, Іскерлік этика кодексінде және Қоғамның өзге де құжаттарында қарастырылған.

Осы арада, «Локомотив» АҚ-ға Quality Austria сертификациясы бойынша және IQNet сертификациясы бойынша халықаралық ассоциация органдарымен Қазақстан Республикасы техникалық реттеудің мемлекеттік жүйесінде аккредиттелген, «Euroasia MS»-ке сәйкестігі куәландырылған ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001 стандарттары талаптарына сай туралы сертификаттармен куәландырылған менеджменті интегралдау жүйесі енгізіліп, жұмыс істей бастағанын айтар едік.

– Локомотив қызметінің алдағы күнге үкілеп отырған жоспарлары қандай болмақ?

Біздің парктің сапалы құрамы туралы айтар болсақ, ол ешкімге де құпия емес, оның басым бөлігі, яғни 70 пайыздан астамы табиғи және моралдық тұрғыдан тозған. Сол себептен, біз алдымызға тартымдық жылжымалы құрамды жаңарту міндетін қойып отырмыз. Осы күрмеулі мәселені шешу үшін соңғы жылдары біздің тарапымыздан қолдағы бар локомотивтерді жаңғырту, жаңа тепловоздар шығару және сатып алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.Үш жылдан бері шекаралық Достық станциясында СКД-15 сериялы қытайлық 15 жаңа тепловоз жұмыс істеп келеді. Өткен жылы ҚХР-дан шыққан KZ4AC сериялы 22 электровоз сатып алдық. Сондай-ақ, Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ ТЭ33А сериялы тепловоздарды құрастырып, паркімізді жаңа 30 тепловозбен толықтырды. Бұдан басқа ағымдағы жылдың соңына дейін қазақстандық үлес салмағы 23 пайызды құрайтын Эволюшннің ТЭЗЗА сериялы 69 бірлік тепловозын және Қытай Халық Республикасының өндірісінен шыққан СКД6Е сериялы 35 маневрлік тепловозын сатып алу жоспарлануда.

Бүгінде станциялық дөңестерге пайдалану үшін ВЛ80 сериялы электровоздарының 6 секцияларына жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тартымдық жылжымалы құрамды сатып алудан басқа жаңа электровоз, маневрлік және жолаушы тепловоздарының жобаларын жасау жұмыстарымен айналысудамыз. Бұл жұмыстарды General Еlectric, Alstom, ТрансМашХолдинг және өзге де танымал әлемдік көшбасшы компаниялармен бірлесе жүргізіп отырмыз. Жалпы 2020 жылға дейінгі Стратегияға сәйкес 1152 локомотивті сатып алу көзделіп отыр, ол орташа техникалық жылдамдықты ұлғайтуға, пойыздар тартымына кететін отын-энергетикалық ресурстардың үлес шығынын төмендетуге, техникалық құралдардың істен шығу деңгейін азайтуға, сондай-ақ, еңбек өнімділігін арттыруға қатысты болжамдар жасауға мүмкіндік бермек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұлугүл БАКЕСОВА 

Поделиться:
Популярные новости
1953 / 20.11.2017

Локомотивтер қысқа дайын

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ локомотив паркі қыс маусымында жұмыс істеуге толық дайын. Компанияның локомотив пайдалану деполарында локомотивтердің техн...

3540 / 30.05.2012

Теміржолшылар сақ болуға шақырады

Қайыржан ТӨРЕЖАН Бүгінгі күні қайғылы жағдайларға соқтыратын әртүрлі төтенше оқиғалар сияқты теміржол бойындағы оқыс оқиғалардың статикасы да ...

2695 / 27.03.2012

Сергектік айқындау ушін

Наурыз мейрамын тойлау желеуі Орал қаласының қанаушылықты локомотивті депо қызметкерлері тепловоз жүргізуші Александр Прусс және оның көмекшісі ...

Соңғы жаңалықтар

Горячая линия

Вы можете сообщить о любых нарушениях Кодекса поведения в том числе о фактах коррупции, мошенничества, неэтичного поведения, дискриминации

Толығырақ


Серіктестер