Мекен жайы Астана қ., Қонаев көш., 10 үй, 7 қабат
Call-center 8 (7172) 60-30-30
8 (7172) 60-32-52
2850 / 12.10.2010 00:00

Жезді аймақтың басты байлығы

Былтыр құрылғанына 70 жыл толған Жаңаарқа локомотив пайдалану депосы бүгінде қайта түлеу, өсу-өркендеу үстінде. Кәсіпорынның даму тарихына үңілсек, бастапқыда қоңырқай ғана, үш шұңқыры мен паровоз жөндейтін орны бар, тіпті кәрізі жоқ шеберхана болатын. Алайда, қабырғалары қамыспен жабылған ондағы жалғыз жонатын және қос токарьлық станок, келешек іргелі мекеменің тұңғыш қадалған уықтары іспетті, ұрпақ қамын әрі бақытын ойлаған ата-баба жүрегінде үміт отын оятатын.

Қазақстанда алғашқы бес жылдықтар кезінде халық шаруашылығының өндіріске жұмылуы, қалың бұқараның индустриялизацияға ұмтылуы қамал бұзар тасқындай күшті болғаны белгілі. Саяси, әлеуметтік-экономикалық маңызы зор науқан тұсында қойнауы табиғи байлыққа тұнып тұрған елімізде көмір, мұнай, түсті металл сияқты шикізат көздері тың қарқында игерілді. Орталық Қазақстанда, кербез Сарыарқа төсінде кен орындарын зерттеп ашу, ен байлықты қазып алу Қарағанды, Балқаш, Жезқазған сияқты өндіріс ошақтарына апаратын магистральдық темір жол желісін қажет етті. Өйткені ұланғайыр жердің көл-көсір байлығы Мәскеудің «майлы шелпегі» еді...

1926 жылы Жарық-Жезқазған телімінің құрылысы басталды. Иен далада жанкешті еңбек еткен адамдар қажырлы қайраты мен ерекше төзімінің арқасында 1937 жылдың тамызында Қызылжар станциясына жетіп, жыл аяғында Жезқазғаннан бір-ақ шықты. Сол жылы жаңа шойын жол тармағы уақытша қолданысқа берілді. Ал 1939 жылдың аспан айналып жерге түсер ыстық тамызында Жаңаарқа, 1940 жылы Жезқазған депосы бой көтерді.

Жоғарыда келтіргеніміздей, ша­ғын, сырт көзге қораш көрінетін шеберхана қасында О, Э сериялы паровоздар пойыздарды ышқына, түтіні будақтай сүйреп, 1939 жылы жүк айналымы 80 мың тонна шақырым таза салмақ межесін­де қара үзді.

1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталып, майдан даласында қанды қырғын ұрыс жүріп жатқанда, сарбаздарымыздың қару-жарағын сайлау үшін қажет мыстың тапшылығы қатты сезілді. Мыс кені Жезқазғаннан Балқашқа тоқтаусыз ағылды. Құны өлшеусіз тым қымбат дүниені тасымалдауды қамтамасыз ету жас, әлі шикіауыз ұжымға жүктелді. Жаңаарқадағы «су жаңа» депоның жұмыскерлері намысын жанып, жігерін құм қылмауға тырысты. Тосын кедергі жолығып, қиындықтар аяқтан шалған са­йын мұқалмай, керісінше алмас қылыштай жарқылдады. Депоның «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» ұжымы соғыстан соң да, 1957 жылға дейін талмай, байытылмаған мыс рудасын Жезқазғаннан Көкше теңіз бойындағы шаһарға еш бөгеліссіз жетуіне еңбек етті.

1949 жылы паровоздарды жылы сумен жуатын жабдығы жұртты елең еткізген жаңа депоның тұсауы кесілді. 1966 жылы Жезқазған депосы таратылып (кезекші нысан ғана сақталды), оның «мұрагері» ретінде Жаңаарқа депосы қалды. Нәтижесінде, жылдар жылжып, айлар өтіп, ескі тепловоздар неғұрлым әлді, мықты да сенімді ізбасар «әріптестеріне» жол берді. Ардагерлер темір жолда бақытын табуға құлшынған албырт өрендерге жөн сілтеп, техниканың тәуірі тозғанын ауыстырды. 1969 жылы ұжымға ТЭ-3, ТЭМ сериялы тепловоздар түрін тұрақты әрі ауқымды жөндеу өндірісіне дайындық жүргізу нұсқалып, оны тиісті уақыт аралығында аяқтау бекітілді. Екі жыл тарих қойнауына сіңген соң 10 тонналық көпір краны орнатылды.

Депоның даму үрдісінен жалпы темір жол көлігінің тіршілік тамырының бүлкілін байқауға болады. Темір жолда жүйткіген темір тұлпарға қатысты ұзақ жылдар жиналған толымды тәжірибеге сүйенсек, жүйелі жұмыстың құры­лымдық бөлімшелердің ширақ әрі дәл іс-қимылына тәуелді екенін көрсетеді. Машинист пен оның көмекшісінің сауаттылығы тепловозды дұрыс басқару мен жанар-жағармайды үнемдеу, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі мен маневрлік жұмыстарды оқыс қателікке ұрынбай қамтамасыз ету сияқты тиімді тәсілдердің алғышарты. Сондықтан, оқу сабақтары, локомотив топтарын даярлау, жол-техника бағытындағы оқу ордаларында біліктілікті арттыру тәрізді мәселелер әрдайым негізгі назарда. Жүк тасымалында басты «кейіпкерлер» санатында­ғы алып локомотивтерді көздің қарашығындай аялап күтіп, баптап ұстау олардың кенеуі ерте кетпеуіне, ту-тулақай тозбауына оң әсерін тигізбек. Осының бәрін жадында тоқып, санасына сіңірген темір жол маманы сын сағатта тығырыққа тірелмей, дағдармай, оңай сытылып шығып, тірнектеп терген абырой-беделін одан әрі асқақтатпақ.

Локомотив депосының бұ­рынғы серкелері А. Титов, Н. Тарасен­ко, И. Мергенбаев, Н. Тронь, П. Московой, Б.Жұмағ­ұлов, А. Аманбаев сынды тарландар­дың ісін қазір Құрман­бай Төкенұлы Қалды­беков баста­ған локомотившілер қал-қадірінше жалғастыруда.

Құрманбай Төкенұлы еңбек жолын Ақадыр станциясындағы локомотив депосында тепловоз жөндеу бойынша слесарьлік­тен бастап, арасында Алматы темір жол көлігі институтын тәмамдап, Ақадыр депосының бастығы лауазымына көтерілді. Жаңаарқа депосы басшылығына тағайындалғаннан бері өз ісіне мұқият қараған оның өндіріс­ті жандандырып, ұжымды топтастыруға, кәсіпорын жұ­мысын қауіпсіз әрі апатсыз алға жылжытуға ұмтылған сүбелі еңбегінің арқасында депо тіршілігі жандана түсті.

Бүгінгі таңда депода 339 адам нәпақасын тауып жүр. Соның 58-і жоғары білімді, 60-ның орта техникалық білімі бар.

Құрметті теміржолшылардың – бірсыпырасы құрметті дема­лыс­тағы зейнеткер болса, екеуі әлі де деподағы шарапатты ша­руаларға белсенді атсалысуда.

Құрметті теміржолшылар: тепловоздың қыр-сырына же­тік, күрделі тетіктерімен тіл табысқан Берен Сағымбековтың темір жол саласындағы жұмыс өтілі 39 жылдан асса, машинист Жұмағали Шырымбеков 40 жылдың қырқасын бағындырған. Адал еңбегі айрықша құрметке лайық бұл кісілерге қарап кейінгі буын бой түзеуде. Тұтастай темір жол саласымен біте қайнасқан әулеттер қаншама. Мысалы, Кәкіш Рахымовтың әкесі тепловоз құлағында ойнаған машинист болса, ұлдары Озат, Ертайлар да аталарының сара соқпағында, ал Талғат есімді ұлы локомотив бригадалары­ның машинист-нұсқаушысы, немерелері Дәурен, Бақыттар тепловоз машинисінің көмекшісі. Шұтқыбаевтар, Нағма­новтар, Кәмиевтер, Сағымбековтер де отбасыларымен шойын жолдың шапағатына бөленуде.

Депоның үздіктері ретінде тепловоз машинистері С.Теңелбаев, Қ.Әбішев, Б.Башкенов, Қ.Хамзе, Д.Бекқожин, В.Иванюшкин, О.Котов, А.Седусов, М.Ибрагимов және машинист көмекшілері Е.Жек­сенов, Ж.Жанахов, Е.Моро­зов, А.Тоқбергенов, машинист-нұсқаушы С.Тәжібаев, аға қабыл­даушы Қ.Оқасовтың есімі Жаңаарқа өңіріне жақсы мәлім.

«Локомотив» АҚ қарасты Жаңаарқа локомотив пайдалану депосы жалпы қашықтығы 418 шақырым болатын Жезқазған – Қызылжар – Жаңаарқа – Жарық телімдерінде жолаушылар және жүк тасымалын да жүзеге асырады. Осы станциялардағы шаруашылық жұмыстарды атқарып, бекітілген көлем мен сапа көрсеткіштері шеңберінде кейбір елді мекендерді сумен қамтамасыз етеді.

Әдеттегідей, 9 айды талқыласақ, тасымалдың жалпы көлемінің жос­пары 103,18%-ға орындалып, жүк ағымы да өсе түскен. Аталған мерзімде барлық көрсеткіштер орындалып отыр. Бұған ауыр салмақты жүк пойыздарының көбеюі септігін тигізіп, көзделген межеден тыс 173 мың тоннадан астам жүк тасылған.

Жарақат алуды азайтып, еңбекте қауіпсіздік жағда­йын толыққанды қалыптастыру мақсатында бірқатар іс-шаралар легі жасалған.

Қазақ елінің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты ТЧЭ-15 мекемесінде халықаралық сапа менеджменті енгізілуде.

Кәсіподақ ұйымы да жұмыс­кер­лердің құқығы аяққа тапталмауын, еңбек қауіпсіздігі ережелері­нің өрескел бұзылмауын қыра- ғы қадағалауда. Еңбеккерлердің заңды құқығын қорғап, даулы мәселелерді шешуде әділ кесімін айтатын кәсіподақтың депода беделі баршылық.

Алдаберген Кемпірбаев 

Поделиться:
Популярные новости
1976 / 20.11.2017

Локомотивтер қысқа дайын

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ локомотив паркі қыс маусымында жұмыс істеуге толық дайын. Компанияның локомотив пайдалану деполарында локомотивтердің техн...

3568 / 30.05.2012

Теміржолшылар сақ болуға шақырады

Қайыржан ТӨРЕЖАН Бүгінгі күні қайғылы жағдайларға соқтыратын әртүрлі төтенше оқиғалар сияқты теміржол бойындағы оқыс оқиғалардың статикасы да ...

2722 / 27.03.2012

Сергектік айқындау ушін

Наурыз мейрамын тойлау желеуі Орал қаласының қанаушылықты локомотивті депо қызметкерлері тепловоз жүргізуші Александр Прусс және оның көмекшісі ...

Соңғы жаңалықтар

Горячая линия

Вы можете сообщить о любых нарушениях Кодекса поведения в том числе о фактах коррупции, мошенничества, неэтичного поведения, дискриминации

Толығырақ


Серіктестер