Алматы локомотив депосына 80 жыл толды
Алматы локомотив депосына 80 жыл толды. Бүгін мерейтой салтанатты түрде аталып өтілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депо 1930 жылы «Түркістан-Сібір» теміржолының пайдалануға берілуіне байланысты құрылған. Негізгі жұмысы жүктерді тасымалдау, шаруашылық және техникалық жұмыстарды жүзеге асыру, локомотив паркінің жұмысын қамтамасыз ету. Депо еліміз тәуелсіздік алған соң «Локомотив» АҚ-ның филиалы ретінде «Алматы эксплуатациялық локомотив депосы» болып қайта құрылды.
«Локомотив» АҚ-ның президенті Қадыл Таласбековтың айтуынша, өзінің 80 жылдық тарихында депо жылдармен өлшенбейтін қыруар жұмыс атқарды. «Бұл еңбектің нәтижесі жүздеген шақырым теміржол салынып, оның техникалық жұмысын қадағалау жүргізілді. Бұл ретте жұмысшы мамандардың еңбегі өлшеусіз. Бүгінде Алматы депосы бұрынғы депоның ізін жалғастырушы, жыл өткен сайын өсу, даму үстінде», дейді Қадыл Таласбеков.
Шараға қала әкімдігінің өкілдері, ардагерлер қатысып құттықтады. Сондай-ақ бірқатар қызметкерлер құрмет грамоталарымен марапатталды.