Мекен жайы Астана қ., Қонаев көш., 10 үй, 7 қабат
Call-center 8 (7172) 60-30-30
8 (7172) 60-32-52
1885 / 03.08.2016 16:28

Өзі ісінің білгірі

Мамандығын шынайы жақсы көріп, теміржолшы болғанын мақтан тұтатын жандардың бірі,Ақтау қаласының тұрғыны – Нұрсапин Амантай Айдоллаұлы. Бүгiнде ол «ҚТЖ жүк тасымалы» АҚ Маңғыстау жол бөлімшесі шұғыл басқару бөлімінің басшысы қызметін атқарады.

Амантай 1971 жылдың қаң­тарында Атырау облысының Исатай ауданын­да теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Айдолла Исатай теміржол станса­сында станса кезекшісі болып ұзақ жылдар еңбек етсе, анасы Тал­шын – стансада жол монтері болып жұ­мыс жасаған.

– Ата-анам мамандықтарын мақтан тұтатын, сол саланың нағыз шебер маман­дары болатын. Менен бөлек отбасымызда 4 ұл мен 6 қыз өсіп, жетілдік. Әрқайсы­мыз­дың білім алып, қатарымыздың алды бо­-лып өсуімізге ата-анамыз барлық жағдайды жасады. Мен мектепте жақсы оқыдым. Оқу­да озат болып, көркемөнерпаздар үйір­месін ұйымдастырып, қоғамдық жұмыс­тарға белсенді қатыстым. Мұның барлығы отбасындағы тәрбиеден деп білемін,– деп әңгімесін бастады Амантай Айдоллаұлы.
Мектеп бітірген соң кейіпкеріміз Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қа­тарына алыныпты. Украинада, Әзірбай­жанда, Молдовада әскери борышын өтепті. Елге келіп, еңбекке араласыпты. Темір­жол­шылар отбасында дүниеге келіп, ес білгелі па­ровоз бен тепловоздың ысылдаған ысқы­рығын естіп, теміржол бойында өскендік­тен өзінің өмір жолын, мамандығын темір­жолмен байланыстыруды жөн санапты.
– Әлі есімде әкеміз жұмыстан қолы бо­самай, түскі асқа, кешкі асқа келе алмаған кездері мен әкеме үнемі тамақ апарып бе­ретінмін. Қасында болып, қолғабыс етемін. Жастайымнан стансада кезекші болып жұмыс жасау да оңай емес екендігін көріп өс­тім. Әкеме үлкен жауапкершілік жүкте­ле­тін, 12 сағаттың ішінде сол стансадағы бар­лық теміжолшылардың басын бірік­тіріп, уақытты тиімді пайдалану арқылы бүкіл стансаны басқаратын, жұмысты тиімді ұйымдастыратын. Осындай ортада тәр­биеленгендіктен мамандық таңдарда ой­ланбастан теміржол саласына келдім, деді Амантай Айдоллаұлы.
Кейіпкеріміз жұмыс жасап жүріп, сырт­тай бөлімде Алматы техникумында, кейін Ақтөбедегі КазАТК-да білім алып, бі­лік­тілігін арттырады. Алғашқы еңбек жолын 1991 жылы Исатай ауданына қарасты 11 ра­зъезде станса кезекшісі болып бас­тайды. Еңбекқор жан 1998 жылы «Сазан­құрақ» қазақ-американ бірлескен кә­сіпорынына қарасты 12 разъезде станса кезекшісі болып абыройлы еңбек етіп, 2001 жылы сол стансаның басшысы қыз­метіне дейін көтеріледі. Қызметінің қыр-сырын жақсы меңгерген маман кейін 2003-2005 жылдары Мақат станса бастығының орынбасары, жүк тасымалдау және ком­мерциялық бөлімінің басшысы қызметіне ауысады. 2005-2007 жылдары Атырау бө­лімшесінде пойыз диспетчері болып жұмыс жасайды. Бойында білімге деген құштар­лығы мен жоғары оқу орнында ойға түй­гендерін жұмыс барысында да шебер қол­дана білген ол киелі түбек Маңғыстауға ар­найы шақырту алады.
– Осыдан тоғыз жыл бұрын Маңғыс­тау жол бөлімшесі ашылып, біраз маман­дарды жан-жақтан шақырған болатын. 2007 жылдың тамыз айында Атыраудан 12 адам болып келдік. Бір жылдай пойыз диспетчері болып жұмыс жасап, кейін бөлімше кезек­шісі болып ауыстым. 2009 жылы Бейнеу стансасына басшының орынбасары етіп тағайындады. 2013 жылы Жаңаөзен қала­сында станса басшысы болып жұмыс жа­садым. Араға бір жыл салып, Ақтау қала­сына қайтадан келдім. Бүгінде "ҚТЖ жүк тасымалы" АҚ Маңғыстау жол бөлімшесі шұғыл басқару бөлімінің басшысымын. Ма­мандығым өзіме қатты ұнайды, дейді Амантай Айдоллаұлы.
Бүгінде Амантай аға жапырағы жайыл­ған үлкен әулеттің отағасы. 1994 жылы өмір­лік серігі Ақтолқынмен шаңырақ кө­терген. Жарасымды жұпты табыстырған да теміржол саласы болатын. Шаттығы шал­қыған шаңырақта Айдана, Ақзада, Арсен, Шұғыла есімді ұл мен қыз дүниеге келген.
– Жұбайым Ақтолқынмен жұмыс ба­рысында таныстым. Екеуміз тез тіл табысып кеттік, араға көп уақыт салмай отбасын құр­дық. Менен бөлек әулетімізде ағам Аманкелді, қарындасым – Шынар, жұ­байым – Ақтолқын да теміржол саласын­-
да жұмыс жасайды. Әкеміз балаларын: «Өтірік айт­паңдар, әділ болыңдар, алға қойған мақс­аттарыңа жету үшін еңбек етіңдер. Маман­дықтарыңа адал болыңдар» деп тәрбиеледі. Әкеміздің осы өсиеті әр­дайым жадымда. Сондықтан адам қай са­лада еңбек етсе де, сол саланың алға басуы­на үлес қосуға та­лап­тануы керек, дейді ма­мандығы жайын­да Амантай Айдоллаұлы.
Кейіпкеріміздің теміржол саласындағы қызметі, кәсіби біліктілігі жоғары баға­ла­нып, 2008 жылы «Біртұтас қазақ темір­жолына 50 жыл» және 2014 «Қазақстан темір жолына 110 жыл» төсбелгілері та­бысталған. 2011 жылы «Кәсібі бойынша үздік» атағы берілген. Отбасында асыл жар, қызметтестері арасында беделді, ініге қам­қор, ағаға ізетті азамат ұяда көрген өнегесі­мен бүгінде өзгелерге үлгі болуда.

Айкын газетi

Поделиться:
Популярные новости
21 / 17.05.2024

ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР!

Адамдар біз үшін басты құндылық! Сондықтан еңбек қауіпсіздігі мәдениетін үздіксіз жетілдіру-басқарудың барлық деңгейлеріндегі әрбір басшының мін...

212 / 06.05.2024

Құрметті әріптестер!

Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтаймыз! Әрбір ер адам өз Отанының, отбасының қорғаушысы. Осы күні нағыз ер азаматты...

116 / 22.04.2024

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге теміржол көлігімен 964 бірлік мамандырылған техника жеткізілді.

Қазақстан аймақтарына су тасқынына қарсы арнайы техниканы жедел жеткізуді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС ұйымдастырды. Бұл ауқымды іс-шара П...

Соңғы жаңалықтар

Горячая линия

Вы можете сообщить о любых нарушениях Кодекса поведения в том числе о фактах коррупции, мошенничества, неэтичного поведения, дискриминации

Толығырақ


Серіктестер