Мекен жайы Астана қ., Қонаев көш., 10 үй, 7 қабат
Call-center 8 (7172) 60-30-30
8 (7172) 60-32-52
3209 / 15.11.2011 00:00

Локомотивтер «кәрі құда» қаһарына дайын

Жүк және жолаушы тасымалы үдерісінің үздіксіз жүргізілуі бірінші кезекте локомотивтердің техникалық жағдайына байланысты. Сондықтан локомотивтердің «жауапкершілігі мол» қызметті абыройлы атқарып, «денсаулығының» сыр бермеуі үшін көктемгі және күзгі комиссиялық байқаулардың маңызы зор болмақ.

Биыл да күзі комиссиялық байқау Тартымдық қызмет көрсететін және мотор-вагонды жылжымалы құрамды комиссиялық тексеруден өткізу тәртібі және рәсімдеу ережесіне қатысты 2010 жылдың 17-ші қарашасындағы №756-ЦЗ бұйрығына сәйкес өтіп, аталған шара аясында «Локомотив» АҚ филиалдарының локомотивтері қыс маусымында жұмыс істеуге ауысты.

Жалпы «ҚТЖ» ҰК»АҚ Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директоры Таласпековтің үстіміздегі жылдың 26-шы тамызындағы №000175-А телеграфтық нұсқауына орай күзгі комиссиялық байқау 2011 жылдың 10-шы қыркүйегі мен 30-шы қазан аралығын қамтитын болып белгіленген-ді.

Алайда, Астана, Жаңаесіл, Атырау және Қандыағаш локомотив пайдалану деполарында ВЛ80 сериясындағы электровоздарды пайдалануға беру, сондай-ақ, күрделі пойыздық жағдайға байланысты 2ТЭ10МК сериясындағы тепловоздардың уақытылы ағытылып алынбауына байланысты аталған деполардың локомотивтерін комиссиялық байқаудан өткізуді үстіміздегі қараша айының 5-не ұзартуға тура келіпті. Жалпы локомотивтерді қыс маусымында жұмыс істеуге дайындау «Локомотив» АҚ бұйрығымен құрылған комиссияның жетекшілігімен жүзеге асырылған.

Сонымен күзгі комиссиялық байқау процесі қалай жүзеге асырылды дейтін болсақ, онда алдымен күзгі байқау алдында комиссия мүшелері пайдалану және жөндеу жұмыстары, лабораториялық мәліметтер сараптамасы негізінде әрбір локомотивтің жағдайымен, оның тексеріске кіргізуге болатындығымен танысып барып, тексеру жұмыстарына кіріскенін айтар едік.

Комиссиялық байқау барысында локомотив паркінің 81 пайызы қамтылған екен.

Локомотив шаруашылығы мамандарының сөзіне қарағанда, комиссиялық байқауға ТЭЗЗА (Evolution) сериясындағы тепловоздар кіргізілмеген. Себебі, бұл тепловоздарда барлық маусымдық майлағыш материалдар қолданылады екен және оларға тартымдық электроқозғалтқыштар мен құбырөткізгіштерді, ауа тартқыш ойықтарды қаптау және жылыту жұмыстарын жүргізу қажет емес.

ТЭЗЗА тепловоздарында тек қана радиатор бөлшегін қаптау қажет көрінеді. Бірақ бұл жұмыс көп еңбек шығынын қажет етпейтіндіктен, оны локомотив бригадаларының өздері-ақ орындай береді екен.

Ал қалған локомотивтерге комиссиялық байқау барысында ТО-7, ТО-8, ТОУ-8, КР сияқты ірі жөндеу түрлері жүргізіліп, содан кейін барып қана қысқы жұмыс режиміне көшіпті.

Күзгі комиссиялық байқау барысында жылжымалы құрамның Техникалық пайдалану ережесі талаптарына сәйкестігіне басымдық беріліп, техникалық, эстетикалық, өртке қарсы, санитарлық және мәдени жағдайына қатысты кемшіліктің болмауына қарай бағамдалыпты.

Нәтижесінде, «Локомотив» АҚ бойынша балдық бағам 3,9 бірлікті құраған, соның ішінде: электровоздар бойынша 4,3 балдық бағам берілсе, тепловоздар 3,85 бірлік балл нәтижесін көрсетті.

Локомотивтерді жалпы алғанда, оның 3,8 пайызы «өте жақсы» деген көрсеткішті көрсетіп, көңіл серпілтсе, 75,9 пайызы «жақсы» деп бағаланды, ал 20,3 пайызы «қанағаттанарлық» деңгейін көрсетті.

«Локомотив» АҚ мамандары 2011 жылдың 7-ші қыркүйегінде бекітілген кестеде көрсетілгендей локомотивтерді қыс маусымына ауыстыруға қатысты жұмыстарға бірқатар деполардың салғырт қарап, жауапсыздық танытқандарын анықтағандарын айтады. Атын атап, түсін түстер болсақ, онда Мақат, Маңғыстау, Қызылорда, Атырау және Астана локомотив пайдалану деполарының күзгі комиссиялық байқауды сапалы өткізуге құлықсыздық танытқан. Сол себептен де олардың локомотивтерінің жағдайы аса көңіл көншітпей отыр.

Көз қысты, бармақ басты жұмыстардың теріс нәтижелері Мақат, Маңғыстау, Қызылорда, Астана локомотив жөндеу деполары мен «Біржан Атырау» ЖШС-нан да байқалып, локомотивтердің дайындығына қатысты жұмыстардың әлсіз жүргізілгені анықталып отыр. Сол себептен де бұл деполарға локомотивтер жоспардан тыс жөндеуге кіргізіліп келген.

Есесіне, «Еңбек еткен ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегенді есте ұстап, орташа балда жақсы нәтижеге қол жеткізуге және күзгі комиссиялық байқауды сапалы өткізуге, соның ішінде локомотивтердің техникалық, мәдени-эстетикалық және санитарлық жағдайын қамтамасыз етуге атсалысқан деполар «жалқау» әріптестеріне келешекте ой салар деген үміт бар. Мәселен, 2011 жылдың 1-ші қыркүйегіндегі «Локомотив» АҚ Басқармасы бекіткен шешімге орай №09/1-ші Локомотивтерге жүргізілген комиссиялық байқаулар қорытындысын шығарғанда балдарды есептеу туралы ережеге сәйкес, сондай-ақ, ККБ барысында локомотивтердің қызмет барысында істен шықпауын есепке ала отырып, локомотивтерді қыс маусымына алмастыру жұмыстарын айтарлықтай сапалы жүргізуде тепловоздар бойынша Жем, Ақтөбе, Аягөз, Сексеуіл, Бурабай курорты, Балқаш деполарының, ал электровоздар бойынша Алматы, Павлодар, Шу деполарының ерекшеленгенін айтар едік.

Осы арада, «Локомотив» АҚ мамандары қосалқы бөлшектермен және материалдармен қамтамасыз етуге қатысты түйткілді мәселелердің туындағанына қарамастан тартымдық жылжымалы құрамды қыс маусымында тасымалды жүзеге асыруға дайындау бойынша жұмыстардың сапасы қанағаттанарлық деңгейде екенін айтып отыр.

Сонымен, қол жеткізген жоғары көрсеткіштер мен локомотивтерді қыс маусымына дайындаудағы жоғары сапасы үшін күзгі комиссиялық байқау қорытындысы бойынша 1-ші топ локомотивтері арасында Жем ЛПД бірінші орынды қанжығасына байласа, екінші және үшінші орындарды Ақтөбе, Аягөз локомотив пайдалану деполары бөлісті. Ал 2-ші топ локомотив деполары арасында (электровоздар бойынша) табыс тұғырынан Алматы локомотив пайдалану депосы көрінсе, екінші орынға павлодарлық депо, үшінші орынға Шу депосы табан тіреді. Күзгі комиссиялық байқау қорытындысының нәтижесі бойынша 3-ші топ локомотивтері арасында Сексеуіл ЛДП топ жарса, екінші орын Бурабай курорты локомотив депосы қанжығасына байланып, ал үшінші орынды балқаштықтар қанағат тұтты.

Сұлугүл БАКЕСОВА  

Поделиться:
Популярные новости
1976 / 20.11.2017

Локомотивтер қысқа дайын

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ локомотив паркі қыс маусымында жұмыс істеуге толық дайын. Компанияның локомотив пайдалану деполарында локомотивтердің техн...

3567 / 30.05.2012

Теміржолшылар сақ болуға шақырады

Қайыржан ТӨРЕЖАН Бүгінгі күні қайғылы жағдайларға соқтыратын әртүрлі төтенше оқиғалар сияқты теміржол бойындағы оқыс оқиғалардың статикасы да ...

2722 / 27.03.2012

Сергектік айқындау ушін

Наурыз мейрамын тойлау желеуі Орал қаласының қанаушылықты локомотивті депо қызметкерлері тепловоз жүргізуші Александр Прусс және оның көмекшісі ...

Соңғы жаңалықтар

Горячая линия

Вы можете сообщить о любых нарушениях Кодекса поведения в том числе о фактах коррупции, мошенничества, неэтичного поведения, дискриминации

Толығырақ


Серіктестер